• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 02 Қазан, 2019

Алыс-беріс көлемі артып келеді

450 рет
көрсетілді

Еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігінен алынған мәліметтер бо­йынша қаңтар-маусым айларында Қазақстанның Иранға экспорттаған ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 3,8%-ға (160,2 млн доллардан 166,5 млн долларға) өскен.

Қазақстаннан Иранға экспортталатын тауардың басым бөлігін арпа өнімдері құрайды екен. Осы уақыт аралығында оның көлемі 741,1 мың тоннаға, ақшалай есептегенде  143,4 млн долларға жеткен. Сондай-ақ 1,1 мың тонна (5,6 млн АҚШ долларына) салқындатылған ірі қара малдың еті экспортталған. 13,8 мың тонна тұтас немесе ұсақталған рапс тұқымдары шығарылып, бұдан 5,5 млн доллар кіріс түскен. Мұның сыртында 3 млн доллардың басқа да ауылшаруашылық өнімдері экспортталған.

Биылғы ақ­пан айында Еуразиялық эконо­ми­калық одақ пен Иран арасын­дағы еркін сауда аймағы туралы уақытша келісім аясында Қа­зақстан Республикасы Ауыл шаруа­шылығы министрлігі, Ресей Фе­дерациясының Ауыл ша­руашылығы министрлігі және Иран Ислам Республика­сының Ауыл шаруашылығы ми­нистрлігі арасындағы бидай сау­дасы саласындағы өзара тү­сіністік туралы меморандумға қол қойылған болатын. Бұл құжат Қазақстан мен Иран арасындағы сауда-экономикалық ынты­мақ­тастықты өрістете түсуге мүмкіндік береді.

Жуықта елордада Қазақстан мен Иран арасындағы сауда-эко­номикалық, ғылыми және мәдени ынтымақтастық жөніндегі үкімет­аралық комиссияның 16-шы отырысы өтті. Үкіметаралық комиссия Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрі Са­пархан Омаров және Иран­ның Ауыл шаруашылығы ми­нистрі Махмуд Ходжати бас­шы­лығымен жұмыс істеді. Оты­рысқа дейін министрлер екі­жақ­ты келіссөздер өткізді.

Сапархан Омаров Қазақстан мен Иран арасындағы екіжақ­ты ынтымақтастықтың, әсіре­се ауылшаруашылығы саласын­дағы маңыздылығын атап өтті. 

Осы басқосу барысын­да Қа­зақ­стан жағы мал шаруа­шы­лығында ынты­мақтастық орнатуды ұсынды. Қазақстан Иранға болашақта қой етінің экспортын ұлғайтуды жоспарлап отыр. Иран жағы да Қазақстанда ет өңдеу бойынша бірлескен кә­сіпорындар құруға мүдделілік та­­ны­туда. Жақында Алматы об­лы­сында Иран бизнесінің қаты­суымен «EmpireFoods» ет өң­деу кешені пайдалануға берілді.

Ынтымақтастықтың тағы бір саласы – Қазақстанда балық жә­не өсімдік майы өндірісі бойынша бірлескен жобаларды құру болып отыр.

Дегенмен атап көрсетер бір мәселе, жоғарыда келтірілген уақыт аралығында Иранның Қазақстанға жөнелтетін ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі едәуір төмендегені бай­қа­лады. Бұл жө­ніндегі нақты деректерді келтіретін болсақ, Ираннан Қазақстанға келетін ауылшаруашылық өнімдерінің импорты 2019 жылғы қаңтар-маусымда 30,6%-ға  немесе 23,8-ден 16,5 млн-ға дейін төмендеген екен. Міне, осының салдарынан Қазақстан мен Иран арасындағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы тауар айналымы 2019 жылдың қаңтар-маусым аралы­ғында өткен жылдың осы мер­зімімен салыстырғанда 0,6%-ға немесе ақшалай есептегенде 184 млн доллардан 182,9 млн долларға төмендеген.

Көріп отырғанымыздай, екі ел ара­сындағы ауыл шаруашылығы өнімдері бойынша сауда айна­лымының бәсеңдеуі соншама үлкен емес. Өйткені бұл жер­де Қазақстан экспортының көле­мі импортқа қарағанда бірне­ше есе басым болып отыр. Мә­се­лен, жоғарыдағы 182,9 млн доллардың 160 млн доллардан астамын Қазақстанның Иранға жөнелтетін экспорттық өнімдері құрайды.

Ал енді Ираннан Қазақстанға әкелі­нетін негізгі өнімдер түрі­не зер салсақ, бұл ел бізге кепті­ріл­ген жүзім, пісте, пияз, қызылша секілді өнімдерді жөнелтеді екен. Әрине мұндай жеміс, көкөніс түрлерін елімізде де өндіреді. Ел ішінде жылыжайлардың кө­беюіне байланысты бұл өнім­дердің үлесі жылдан-жылға арта түсуде. Сондықтан Иран им­портының қысқаруына біршама түсіністікпен қарауға болады және бұл уақытша құбылыс болуы да мүмкін. Өйткені Иран елі аталған өнімдерді ежелден молынан өндіреді. Егер им­порт­тық өнімдер бағасы арзан болса, ол өнімдерді молынан тұтынуға да болады. Бұл жер­дегі маңызды мәселе екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыта түсу болып отыр.

Үкіметаралық комиссияның 16-шы отырысына Иран жа­ғы­нан 40-қа тарта адам қатысты. Олардың арасында үкімет адам­дарымен қатар бизнесмен­дер де болды. Бұл жағдай Иран тарапының Қазақ­станмен сауда-экономикалық ынтымақ­тас­тықты нығайта түсуге мүдделілік танытып отырғанын білдірсе керек. Мұны өз сөзінде Иранның Ауыл шаруашылығы министрі Махмуд Ходжати мырза да атап өтті.

Иранға ауыл шаруашылығы өнім­дерінің экспортын арттыру мәселесі Қазақ­стан үшін де ма­ңызды екенін айта кетсек, ар­тық болмас. Еліміз соңғы уа­қытта ауыл шаруашылығы са­ла­сын дамы­туға ерекше мән бе­руде. Бұл үшін, әрине, бірінші ке­зек­те сала өнімдерінің экс­портын ұлғайтуымыз керек. Ел бас­шы­лығы осы мәселені алға жыл­жы­тудың сан түрлі жолдарын қарастыруда. Мәселен, елі­міздің Тұңғыш Президенті – Ел­басы Нұрсұлтан Назарбаев­тың бас­тамасымен Ислам ынты­мақ­тастығы ұйымының аясында Азық-түлік қауіпсіздігі жөнін­дегі ислам ұйымы (АҚИҰ) құрыл­ған болатын. АҚИҰ штаб-пә­тері Нұр-Сұлтан қаласында ор­на­ласқан. Қазіргі таңда ұйымның құрамына Ислам әлемінің 33 мемлекеті кіреді және оның қызметі ауыл шаруашылығы мен азық-түлік әлеуеті салаларында мұсылман әлемінің күш-жігерін жұмылдыруға бағытталған. Осы ұйым хатшылығының кел­тірген мәліметтері бойынша жоғарыдағы 33 мемлекет жылма-жыл 101 млрд доллардың ауыл шаруа­шылығы өнімдерін импорттайды екен. Импорттың басым бөлігін, яғни халал өнімдерді бұл мемлекеттерге Бра­зилия, Үндістан, Аустралия және Жа­ңа Зеландия секілді елдер жеткізіп беруде. Жыл сайын әлемнің көптеген елдеріне 2 млрд долларға жуық ауыл шаруашылығы өнімдері мен тағам түрлерін шығаратын Қазақстан, мамандардың алдын ала есептеулері бо­йынша, егер мұсылман әлемімен сау­да-экономикалық ынтымақ­тас­тықты дұрыс жолға қоя алса, ауыл шаруашылығы саласындағы экспортының көлемін үш еседей арттыра түскен болар еді.

Міне, осы елдер арасында Иран­мен ынтымақтастықты дамы­тудың біршама тиімді тұс­тары бар. Өйткені Қазақстан мен Иран Каспий жағалауында орналасқан. Осыдан бірнеше жыл бұрын екі елді тікелей бай­ланыстыратын Қазақстан– Түрік­менстан – Иран темір  жолы іске қосылып, еліміз Парсы түбегіне шығудың мүмкіндігіне ие болды. Басқа мұсылман елдері де одан әрі қол созым жерде тұр деуге болады.

Демек, мұндай мүмкіндікті пай­да­ланған абзал.