• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Бизнес 08 Қазан, 2019

Берекесін бизнестен тапқандар

211 рет
көрсетілді

Шағын және орта бизнестің шырайын келтіріп отырған кәсіпкерлер саны Атырау облысында 57 мыңнан асады. Бұл кәсіпкерлік субъектілерінде 127 мың тұрғын жұмыспен қамтылған. Мемлекет басшысының биылғы халыққа Жолдауындағы: «2020 жылдан бастап микро және шағын бизнес субъектілеріне тексеріс жүргізуге үш жылға тыйым салу туралы шешімім күшіне енеді» деген тапсырмасы атыраулық кәсіпкерлер үшін де жақсы жаңалық болды. Қолдау мен қамқорлық қай істің де ілгері жылжуына септігін тигізеді.

Облыстық кәсіпкерлік және ин­­дустриалды-инновациялық да­­му басқармасының басшысы Ай­қын Елеусізовтің айтуынша, 2019 жылдың бірінші тоқсанында жергілікті кәсіпорындар 768 млн теңгенің өнімін шығарған. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 172,6 пайызға артық. Кәсіпкерліктің да­муына мемлекеттік бағдар­ла­малар айрықша маңыз беріп отыр. Мысалы, «Бизнестің жол кар­тасы-2020» бағдарламасы жү­зеге асырылғалы бері өңірде жал­пы несие сомасы 103,4 млрд тең­ге болатын 1 464 кәсіпкердің жо­басы қолдау тапты. 6 315 жаңа жұ­мыс орны құрылды. Осы бағ­дар­ламаны іске асыру бойынша Атырау облысы республикада төр­тінші орында. Ал шағын және орта бизнесті жергілікті қазына­дан қаржыландыру, өндіріс өнімі­нің көлемін ұлғайту есепке алынатын DOING BUSINESS рей­тингінде мұнайлы аймақ екінші орын­да. Облыстық бюджеттен кәсіп­керлікті дамыту үшін 2017 жылы 600 млн теңге бөлінсе, 2018 жылы 1,4 млрд теңге қарал­ды. Жергілікті «Бизнес аймақ» бағ­дар­ламасы бойынша 7 жылда ауыл кәсіпкерлерін қолдау үшін об­лыс бюджетінен 2 357 млн теңге бөлініп, 416 кәсіпкердің жобасы іске асты.

Ауыл кәсіпкеріне қолдау көп

Айта кету керек, мұнайлы ай­мақ­та ауыл кәсіпкерлерін қол­дау жұмысы жақсы жолға қойыл­ған. Соның нәтижесінде шалғай­дағы елді мекендерде жаңа нысан­­дар ашылып, ел игілігіне қызмет ету­­де. Айталық жақында ғана Ма­­хам­­бет ауданындағы Жалған­сай ауылында көкөніс өңдеу цехы ашылды. Бұл бизнес­тің бір ерек­шелігі – облыста баламасы жоқ, яғни тазартылып, туралған көк­өністерді вакуум қаптамаға са­лып, саудаға шығарады. Жер­гі­лік­ті шаруа қожалықтары өнім­дерін бұрынғыдай аудан, облыс ор­та­лықтарына апарып сатып әу­ре­ге түспейді. «Ақбаян» ЖК-не тап­сырады, ал жеке кәсіпкер өз ке­зе­гінде көкөністерді тұ­ты­ну­­­шы­ға тағам әзірлеуге да­йын кү­йін­де ұсынады. Осы жоба­ны қолға алған кәсіпкер Гүл­ми­ра Жұ­­ма­ғалиева: «Құрал-жаб­дық­­­­тар­­ды Италиядан, Ресей­ден ал­­дық. Әзірге айына 6 тон­на өнім шы­ғарамыз, алдағы уақытта бұл көр­сет­кішті көбейте бе­ре­міз», дейді. Осындай шағын да болса халыққа қажет дүние­лер­дің іске асуына мемле­кеттік бағ­дарл­амалардың жол ашып отыр­­ғаны әрине қуан­тады. Об­лыс­­­тық кәсіпкерлер па­ла­та­сы­­ның басшысы Абдолла Ид­­ресов ай­мақ бас­шылығының қол­­­­дауы­мен өңір­лік палата елі­міз­­де ал­­ғаш рет Атырауда жедел­де­­­тіл­­­­ген экономикалық даму скри­­­­­нингін жүргізгенін айтады. Жұ­­­мыс қорытындысында 600 әле­ует­­­ті бизнес идея анықталған. «Ақ­­баян» ЖК қолға алған көкөніс өңдеу цехы да осы скринингтің нәтижесі.

Ауыл халқын бизнеске тар­ту­ға, идеяларын ынталанды­ру­ға ар­налған тағы бір жоба «Бастау» деп аталады. Бұл ба­с­тама аясында мемлекеттен грант ал­ған­дардың 80%-дан астамы – ауыл тұрғындары. Өңірлік кәсіп­кер­лер палатасының сарапшысы Дәурен Сағынғалиевтің айтуын­ша, ауыл шаруашылығы, сауда, қызмет көрсету орындарын ашуға байланысты жобалар көп. Соңғы жылдары ауылдарда меди­ци­налық кабинеттер ашу қолға алына бастады. Тісі ауырса, бас­қа да денсаулыққа байланыс­ты қа­жеттіліктер туындаса, бұрын­ғы­дай аудан орталығына сабылып жүрмей, ауылдан ашылған дәрігер кабинетіне барып ем алу тұрғындар үшін де қолайлы.

Жас келсе – іске

Атыраулық жастардың жаңа заман игіліктерінен қалыс қал­май, жарқын жобаларды қолға алуға деген қызығушылықтары жо­ғары. Өңірлік кәсіпкерлер па­ла­тасы осы бағытта биыл та­ғы бір бастаманы қолға алды. «Жас кәсіпкер» жобасы арқылы ай­мақ­тағы 600 жас бизнес негіз­дерін игереді. Қазір облыс бойын­ша 8 оқу сыныбы жұмыс істей­ді. Арнайы курсты бітірген жастар­ға жеке бизнестерін ашу үшін грант­тар мен жеңілдетілген несие­лер қарастырылған. Әлеумет­тік кәсіпкерлікке де ден қоя бастаған­дар қатары артып келеді. Атап айтсақ, Махамбет ауданының тұр­ғыны Гүлден Өтепәлиева «Ер­жүректілер» қоғамдық қорын құр­ды. Мүмкіндігі шектеулі жан­дар­ға арналған спорт клубын ашып, із­гі істің басы-қасында жүр. Енді көп балалы, әлеуметтік жа­ғы­нан аз қамтылған балаларға ар­нап та спорт секцияларын ашу­ды жос­пар­лапты. Мұндай мысал­дар­дың көптігі ертеңге деген сенімді оң­дай түседі. Өйткені Президент Жол­дауын­да атап көрсетілгендей, «Тиім­ді шағын және орта бизнес – қала мен ауыл­ды дамытудың берік негізі».

АТЫРАУ