• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қоғам 09 Қазан, 2019

Бір соғыстың екі азабын көрген жан

1233 рет
көрсетілді

Миллиондаған адамның жанына қайғы, жүрегіне өшпес жара салып, жаһандық тарихта Екінші дүниежүзілік соғыс деген атпен қалған қанды қырғынның ақтаңдақ беттері әлі де өзінің ақиқаты ашылар күнді күтіп жатқаны анық.

Бүгінгі тәуелсіз мемлекеттер тұрғы­сы­нан қарағанда, соғыс өзге елдің аума­ғында өтсе де, қазіргі Қазақстанда оның зар­дабы тимеген әулет жоқ шығар, сірә. «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін!» деген ұранмен біреудің әкесі немесе атасы, біреудің баласы майданға аттанып, қолына қару алды. Тылда қалғандар да жан аямай еңбек етті.

Соғыс бітті, Кеңес Одағы жеңіс­ке жетті. «Ешкім де, ештеңе де ұмытыл­май­ды» деп жыл сайын 9 мамыр күні әртүр­лі деңгейде әдеттегідей ардагерлерді ардақтап, қаза тапқандарды еске алу дәстүрі қалыптасты. Бес жылға созылған қырғын қаншама адамның тағдырын тәлкекке салып, өмірін ойран етті де­сеңізші. Сол сұм соғыс сорына айналған тағ­дырдың бірі – менің әкем Нұралы Қасымбеков.

1923 жылы Қызылқұмда, ауқат­ты отбасында дүниеге келген әкем үйде жалғыз ұл болған соң ерке өсіпті. Отбасы 20-30 жылдардағы ұжымдастыру мен кәмпескенің құрбаны болып, соның салдарынан әкем қаршадайында ашар­шылық көреді. Әйтеуір, нағашы жұртының ар­қасында аман қалып, ержетті, сауат ашты. Әкем өте өжет, өткір, еш­кімді басындырмайтын, басынан сөз асырмайтын мінезді, өте әңгімешіл әрі шежіреші кісі еді. 1941 жылы басталған соғыс оның оқу оқып, білім алсам деген арманына балта шапты. Ел іші азан-қазан, азаматтар бірінен соң бірі майданға аттанып жатыр. 1942 жылы ерте көктемде әкем майданға өзі сұранады. Жасы 18-ге де толмаған ша­ғы. Бірақ денсаулығы жарамай, әс­кери комиссариат ауылға қайтарып жі­беріпті. Күзге дейін емделіп, қайта сұранады. Бұл жолы жарамды деп танылады. Сөйтіп аз уақыт дайындықтан өтіп, гвардиялық атқыштар дивизиясының сапына қосылып, алғы шепке аттанып кете барды. 1943 жылы әлемдік соғыс тарихындағы танктердің ең үлкен айқасы өткен Курск шайқасына қатысып, оның ең кескілескен ұрыс өткен жерлерінің бірі – Прохоровка түбінде немістердің тұтқынына түседі.

– Тұтқындарды вагонға қойша тиеп, Польша арқылы Германияға жеткізді. Одан әрі қаладан-қалаға, елден-елге алып жүріп қара жұмысқа салды. Адам төзгісіз ауыр жағдай, тамақ нашар, киім жұқа, екінің бірі ауру немесе жаралы. Күн сайын арамыздан бірнеше адам­ның өлігін алып кетеді. Олардың орны жаңа тұтқындармен толығып жатады. Гер­маниядан басқа Еуропаның бірнеше елі­нің лагерьлерінде болдым. 1945 жылы соғыс аяқталған соң неміс тұтқынынан босап, елге оралдым, – деп есіне алатын өзі.

Алайда, елге оралғандағы қуанышы ұзаққа созылмады. Неміс тұтқынында болғаны үшін 1946 жылы он жылға Сі­бірге айдалып, сотталып кете барды. Анасы тағы да аңырап қалды. Сібір­дің табиғаты адам төзгісіз қатал. Сот­тал­ғандардың киімі жұқа, тамақ та нашар. Тағы да өмір үшін күресуге тура келді.

– Түрмедегі өмірдің жеңіл болмасын көп адам біледі ғой. Сондықтан түлкілердің арасында алғыры, қасқыр­лар­дың арасында арланы болуға тура келді. Сталин қаза болған соң ғана жағ­дайымыз сәл жақсарғандай болып, бізге дұрыс қарай бастады. Сол бір қатал жыл­дарда қазақтың арыс ұлдарының бірі, атақты ғалым Қа­жым Жұмалиевпен түрменің дәмін бірге таттық. Ол кісі біз үшін биік заңғар еді. «Ой, өмір-ай, бізді кешіруге болмайтын шығар, өйткені немістің тұтқынында бол­дық қой, ал мынадай ғалым адамды да соттай ма екен?» деп таңғалған едім, дейтін жарық­тық терең күрсініп.

Күндер өтіп, сотталғандарды біртін­деп ақтап, еліне қайтара бастайды. Әкем­нің екі өкпесін бірдей суық шалып, өле­тіндер қата­рына шығарып тастаған. Ауруханада қан құсып, енді оңалмаспын деп ажалын күтіп жатқан. Бір күні жанында бірге жатқан қырғыз досы «Нұралы, сенің тілеуіңді бермеген құдай ешкімнің де тілеуін бермейтін шығар?» деді. «Неге?» деймін. «Сен ұйықтап жатсаң да «Алла, Алла» деп жатасың»...

– Бірде түсімде нағашым Зікірді көр­дім. Аштықтан нағашыларым құтқарып алып еді кезінде. Сол Зікір нағашым шы­ңырауға құлап бара жатқан жерімнен суырып алды. Содан Құдайдың құдіреті, бір күнде қан құсуым тоқтап, бір аптада бетім бері қарады. Дәрігерлер не бол­ғанын түсінбей, өз көздеріне өздері сенбей жүр. 1956 жылы жазамды толық өтеп, елге, өскен топыраққа қайта оралдым. Қартайған анам қарсы алды. ІІ топтағы мүгедекке айналдым. Содан сендердің аналарыңа үйлендім, Құдай сендерді көруге жазды, оған да тәубе! – деп отыра­тын еді әкеміз.Анамызбен отасып, 10 ұл-қыз бен 40-тан астам немере-шөбере сүйген әкем 80-жылдары толық ақталып, Ұлы Отан соғысының ардагері мәртебесін ие­ленді, орден, медальдары қайтарылып берілді.

ХХ ғасырдың аштығы мен соғысын, айдауын, қайғы-қасіретін көріп, азабын қайыспай арқалап, ақыр соңында туған елде туын тіккен әкем 2011 жылы 88 жасында дүниеден озды.

Мен осы шағын мақалада бір соғыс­тың екі азабын тартқан әкем сияқты мың­­даған адамның тағдырын айтып, со­ғыс­тың ақтаңдақтарының ашылмаған сыр­ларына оқырман назарын аударғым келді. Олардың тағдырына терең үңіліп қараған адам жан ауыртқан қайғыны, жүрек сыздатқан күйзелісті, бел қайыс­тырған ауыр тұрмысты байқар еді.

 

Жанарыс ҚАСЫМБЕКОВ

 

НҰР-СҰЛТАН