Көрнекті жазушы Мұхтар Мағауиннің сөз өнері хақындаСөз және тіл. Бір-бірінен ажырағысыз егіз ұғымдар. Қай кезде де қатар айтылып, қатар сарапталады. Ал өзінің бүкіл ғұмырын сөз өнеріне, тіл өнеріне бағыштаған Қазақстанның халық жазушысы, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мұхтар Мағауиннің әдебиет төріндегі орнын әйгілеп, атақ-даңқын тұлғаландыра сомдай түсер критерийлердің ең өзектісі – қаламгердің кенен кеніш тілі. Бұл – даусыз. Өйткені, орыстың көрнекті жазушысы Константин Федин “Сөз – әдебиеттің құрылыс материалы” деген ғой. Қарапайым лепес, бірақ мағынасы терең. Әрине, күрмеуі қат-қабат тіл құдіреті төңірегінде бағзы дәуірден бүгінгі күнге дейінгі аралықта жеткен ой үзіктері көп-ақ. Қайсыбірін айтарсың. Сөйтседағы әңгіме ауанына қарай еске түскендерін тізелік. Данышпан Абай “Тіл өнері – дертпен тең” десе, ұлы Мұхтар Әуезов “Кей сөздердің асыл шақпақ тасқа шаққандай боп әсем сөйлем ішінде ұшқындап, от төгіп тұратын шағы бар” депті. Қадым заманның ойшылы, қытай философы Конфудзы “Тіл жүректің қамауындағы ойды қайталайды”, атақты қазақ жазушысы Ғабиден Мұстафин “Тіл қаруы – сөз, сөз қаруы – ой. Ақылды ой, алғыр сөз – адамның ең жоғары қасиеті”, ал әйгілі француз қаламгері О.Бальзак “Сөз өнері – өнер атаулының ең қиыны және күрделісі” деп ой түйеді.
Байқаған шығарсыз, сөздің мәні мен салмағын. Ежелден келе жатқан қағида тұрғысынан саралар болсақ, кез келген туындының жаһұт әлде жасық екенін тілінен-ақ, яғни жазушының сөз саптауынан анық ажыратасың. Демек, тұщымды тіл, сырлы сұлу сөз шығарманың өнбойында бүлкілдер қан тамыры іспетті. Сөз байлығы! Жазушыға берілер баға өлшемі. Әдетте айтылып жататын туындының композициясы мен сюжеті, архитектоникасы мен структурасы, тағы-тағы толып жатқан шығарма түзуге қажетті әдеби әдістер мен элементтердің тұтастай қаңқасын ұстап тұратын нағыз “құрылыс материалы” сөз екені тайға таңба басқандай айқын нәрсе. Тағы бір аяны – сылдыр сөзбен ешқандай жақсы дүние жазылмайды. Амал жоқ, ғұламалардың лебізіне жүгінеміз. Әйгілі Лев Толстой “Құнды сөз құнарлы ойдан шығады” деп, ал сөз қадірін дәріптейтін Максим Горький өз пікірін кесіп айтқан: “Ойы нәрсіздің тілі де нәрсіз”. Сондықтан да әңгімеміздің жұлынын тым әріден тартып, дарақ діңін осыншама дәйектермен шегендеп беркітудің өзіндік себебі бар. Жазушы Мұхтар Мағауиннің ойын да, сойын да өзгелерден оқ бойы оздырып, оның толайым шығармаларын шұрайландырып, шырайландырып тұрған құдіретті қазынасы – тілі. Мүдірместен айтар ек, Мағауиннің тілі, Мағауиннің сөз байлығы, Мағауиннің көркемдік, танымдық әлемі хақында келешекте талай лингвист-ғалымдардың ғылыми еңбектеріне арқау болары сөзсіз. Мағауиннің тілдік қорын зерттеудің жемістері қазақ тілі мен әдебиетіне мол олжа салары да күмәнсіз ақиқат.
Фольклор мен ауыз әдебиетінен қанып сусындаған, дүние әдебиеті мен төл әдебиетіміздің жауһарларын шағып оқыған Мағауиннің жиған-тергені, тоқыған-түйгені мол. Кенеусіз көл-көсір, бойлаусыз ұшы-қиырсыз. Туған топырақтың құнарынан нәр алып, туған халқының ой-санасын, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін жетік білетін оның әр шығармасы ешкімді де елең еткізбей қоймайды. Тайпалған жорғадай төгілген тіл, тұңғиыққа тартқан сұңғыла ой бірден баурап алады. Бірде алаңсыз күй кешіріп рахатқа бөлейді, бірде қасіретті мұңға батырып күйзелтеді, енді бірде шексіз-шетсіз мұхит ойға шомдырады.
Осының бәрі ана тіліміздің ғаламат мүмкіндігін, әсер қуатының ерекшелігін айғақтайды. Бұл туралы ол өзінің ғұмырбаяндық хамсасында былайша тебіренеді:
“Қазақ тілі – асыл сүйегі, табиғи болмыс-бітісі, тума қасиеті тұрғысынан алғанда, әлемдегі ең бай, ең әсерлі, ең оралымды, мағнасы терең, қуаты зор, әуезі сұлу, түрлену, жетігу, даму мүмкіндігі шексіз, ғажайып сырлы тіл. Ұлы Абай қолына қауырсын қалам алған кезде, тұсындағы ең үлкен әдебиеттің ең ұлы өкілдерінің өзінен артық мүмкіндігі болды. “Алыстан сермеп, – Жүректен тербеп, – Шымырлап бойға жайылған, – Қиюадан шауып, – Қисынын тауып – Тағыны жетіп қайырған – Толғауы тоқсан қызыл тіл” – деген сөз жалпы тіл атаулыға емес, ақындық толғаныс, сезімге ғана емес, ең алдымен қазақ тілінің қуат, құдіретіне байланысты. “Өткірдің жүзі, – Кестенің бізі – Өрнегін сендей сала алмас!” – дейді. “Сылдырап өңкей келісім, – Тас бұлақтың суындай...” – дейді. Бұл – Абай меңгерген қазақ тілі”.
Туған тіліміздің қадір-қасиеті жайындағы қордалы пікірін білдірген Мұхтар ағаның өзі тарих қойнауынан аршып алған қазақ ақын-жырауларының кіршіксіз тілі төңірегіндегі соқталы ойынан еш айныған емес. Айтып та, жазып та жүр. Кәне, тыңдап көріңізші. “Басқасын былай қойғанда, таза тіл көркемдігі тұрғысынан алғанда өзгеше үнді, әуезді, екпінді, ғажайып құрылым бүгінгі Еуропадағы қай халықтың ежелгі поэзиясында бар екен? Жоқ. Ал қазақ жырындағы тұнық ой, бұла сезім, асау жүрек, өр кеуде – бәдәуилер дәуіріндегі араб поэзиясынан ғана ұшырасады. Қат-қабат, күрделі, әрі оңтайлы, өтімді сөйлем жүйесі – ХІХ – классикалық ғасырдағы Еуропа әдебиетінің өзінде сирек, шын мәнінде, ХХ ғасырда неміс прозасы ғана жеткен үлгі. Көркемдеу саласында ықылымнан озған ерекше қасиет – біздің туған тіліміздің ұлылығы нәтижесінде ғана мүмкін болды”.
Киелі мұрамыз – сөз өнерін еркін игерген Мағауин туындыларының өрнегі мен бояуы мейлінше қанық. Әдебиетке қатысты, тілге қатысты, грамматика мен логикаға қатысты көркемдік құбылыстарды бейнелейтін әдеби элементтерді, әдіс-тәсілдердің бәрі-бәрін де ұшыратасың. Тілге аса жауапты қарайтын, әр сөзді өте талғаммен қолданатын кіді жазушының көне сөздерді қайта жаңғыртып тірілтудегі шеберлігіне тәнті боласың. Мұхаң шығармаларын зерделей, сүзіп оқыған әркім-ақ оның өзі жасаған, өзі тудырған сөздерді де анық аңғарар еді. Сөзді ойнату, сөзді нұрландыру, сөзді мінездету, сөзді суретке айналдыру оңай емес. Оған да белгілі мөлшерде дәлдік керек, өлшем, елеп-екшеу қажет. Тұрақты фраза, тәмсіл тіркес, мәйін мәтел, шырайлы штрих, сөз-сурет, пейзаж-полотно жасау – әдеби әдіс-тәсілдердің хас зергерлеріне ғана тән. Троп түрлері, метафора, эпитет, теңеу, аллегория, алогизм, антитеза, монолог, шендестіру, градация, ирония, тұспалдау, кейіптеу секілді толып жатқан әдеби терминдердің мән-мағынасын, сыр-сипатын жарқыратып ашып көрсететін жекелеген сөздерді, тұтас сөйлемдерді, ұзақ абзацтарды сүзіп, іріктеп шығудың өзі қыруар еңбекті қажет етеді. Мағауин қолданған синонимдік, этнографиялық, экзотикалық, сондай-ақ ескі сөздерді жеке жіктеп, тегіс түзсе, сөз жоқ, ғажайып сөздік-кітаптың қаншасын құрастыруға болар еді. Дарабоз жазушы, қазақ сөзінің майын ішкен Қабдеш Жұмаділовтің “Қазақ әдебиеті” газетіне сүйсіне жазғаны жадымызда: “Тіл, стиль жөніне келсек, Мағауин қолтаңбасы барынша айқын, оның жәй мәтінінен-ақ ешкімге шатастырмай танып алуға болады. Онда қосақ арасында бос жүретін, басы артық, бұралқы сөз кездеспейді. Көбенсіген көбігі жоқ, бірыңғай бұлшық еттен тұратын таза проза. Мұхтар шығармаларының басқа тілге аударылғанда азайып-апшымай, қалпын сақтап қалатыны да сондықтан. Стиль – жазушының өзі, болмысы мен мінезі. Мұхтарда біздің көбімізде жетіспейтін тас-түйін жинақылық, бастаған ісін аяғына жеткізбей тынбайтын қайсар табандылық бар. Жазушы “Аласапыранда” пайдаланған көне сөздерді, немесе жаңадан жасалған тіл қорын түгел терсек, тұтас бір қызықты еңбек шығары күмәнсіз...”.
Ойды ой қозғаса керек. Қарымды қаламгердің курстасы, кезінде “Социалистік Қазақстанның” шаңырағы астында бірге қызмет істеген әріптесім Ғалым Тыныбаевтың таңдайын тақылдатып, оқта-текте жаңғыртып қоятын таңданысы есіме түсіп отыр. “Ой, Мұхтаржан! Мұхтаржан! Сенің тілің неткен бай еді... Неткен сүйкімді еді!.. Сөйлеген сөзіңнің өзінен көп нәрсені айырасың. Тіфә, тіфә!.. Сөзің де, тілің де бай”. Университетте оқып жүргенде-ақ Мағауиннің ерекшелігін байқаған оқытушы ағалары үнемі осылай дейтін көрінеді. Шынын айтқан жөн. Әуелде Ғалекеңнің сөзіне мән берген емеспін. Бірақ, келе-келе көзім әбден жетті. Мұхаңның әр жаңа туындысын қолға ұстаған сайын мәйекті сөздің кенішіне жолығып, асыл ойдың астарына үңіліп, телегей тіл құдіретінің құпиясын танып-білуге ынтыға ұмтылатыным рас. Әлем әдебиетінің үздік үлгісін, озық үрдісін терең меңгерген Мағауиннің төл әдебиетімізге әкелген жаңалықтары мен соны ізденістері сайрап жатыр. Сондықтан да тіл өнері, тіл ұстарту жөнінде келелі мәселе қозғала қалса, әрине Мағауиннен үйренетініміз көп-ақ. Және де оған еш намыстанбауымыз тиіс. Осы ретте Қазақ радиосы арқылы тіл қолданысы турасында ой-толғауында Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, белгілі қаламгер Әнес Сараевтың пікірі назар аудартады. “Қазіргі жазушыларымыздың арасынан тек Мұхтар Мағауин мен Әбіш Кекілбайұлын ғана кез келген шығармасынан, яғни өзіндік сөз қолдану стилі мен жазу мәнерінен айтқызбай-ақ ажыратасың. Міне, дара қолтаңба деген осы! Әйтпесе, бізде қаншама жазушы бар. Сөз қоры жұтаң, сөз қолдану ерекшеліктеріндегі сонылық сезілмейді. Бір-біріне өте ұқсас”. Бір ғажабы, Мұхтар Мағауин құдіретті қазынамызды күшенбей-ақ, ала-өкпе болып жінікпей-ақ, өзінің көнекөз бір кейіпкері мегзейтіндей “қазақтың қара тілімен” үздіксіз байытып келеді. Неге қуанбасқа? Қуанғанда қандай! Өйткені, ғұмырбақи қалам сілтеп, қызыл сөзді оңды-солды сапырып жүрген жазармандардың көбінің шығармалары ел аузына ілікпей, кітап сөрелерінде шаң қауып жатқаны белгілі. “Сөзді әрі-бері домалата беруден ештеңе шықпайды. Сөздің ішінде рух жатуы тиіс, рух болуы керек” деген академик Рымғали Нұрғали әзілінің астарында үлкен мән бар. Ой салмаған, жан тербемеген рухсыз кітаптың ғұмырлы болуы екіталай.
Сөз киесі, сөз байлығы туралы да ұзақ-сонар әңгіме өрбітуге болар еді. Қажеті шамалы. Ойымызды түйіндеп, пікірімізді шегелеу үшін Лев Толстойдың тағы бір тамаша лебізін көлденең тартқым келеді. “Сөз – ұлы нәрсе. Ұлы дейтін себебіміз – сөзбен адамдарды бір-бірінен алшақтататын сөзден сақтан”. Салқар сөздің салмағын дәл әрі дөп өлшеу мүмкін еместігін аңғартар ой түйіні әмәнда дабылды ескертудей естілсе керек. Ал өз шығармаларында сөз қорын пайдалану жағынан қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов әлемдегі ең әйгілі қаламгерлермен қатар тұрады. Тіпті, көбінің алдына түседі екен. Лингвист ғалымдардың есептеуі бойынша ол 16000 сөз қолданыпты (қайталанғаны есептелмейді). А.С.Пушкин бүкіл туындыларында 15 000 сөз қолданған көрінеді. Осынау жалғыз деректің өзінен-ақ ана тіліміздің айдынды да, айбынды екенін айқын байқаймыз. Біздің ойымызды М.Мағауиннің пайымы толықтыра түскендей.
– Сөздік қор тұрғысынан алғанда, бірме-бірге сайса, “Война и мирдегі” Толстой тілінен “Абай жолындағы” Әуезов тілі бай. Әуезовтің артықшылығы емес, қазақ тілінің артықшылығы. “Абай жолының” қазақша түпнұсқасы мен сол замандағы ең үлкен мамандар жасаған тәржімаларын салыстырып көріңіз. Бірі – Рафаэльдің жанды, тірі суреті де, екіншісі – жақсы шебердің әдепкі, солғын көшірмесі. Кімге, қалай аудартсаңыз да жетіспес еді. Мәселе түпнұсқа – тәржіма табиғатында ғана емес. Қазақ тілінің әсер, қуатында жатыр. Абай аудармасындағы Пушкин мен Лермонтовты оқыңыз. Түпнұсқа сол қалпында. Ал түр-тұлға әсемдене түскен, бейнелі сөз бедерлене түскен. Ой үйірімі де, бояу-өрнегі де мәндірек, өтімдірек көрінеді. Ана тіліміздей қабылданғаннан болар. Артық демейік, теңдігі күмәнсіз. Абай дейміз, Пушкиннің Қасым, Ғали, Қуандық ақындар жасаған аудармаларын қараңыз. Лермонтовтың Қалижан, Ғафу ақындар тәржімасын оқыңыз. Көзі болмас, өзі деп таныр едіңіз. Ақындарымыздың ірілігі – екінші кезекте, ең бастысы – тіліміздің ұлылығында.
Ендеше, құдіретті қазынамыз – сөз бен тілімізді сенімді тірегі санаған әйгілі жазушымыз Мұхтар ағаның жүрек домнасынан балқып, жүрек сүзгісінен сүзіліп, жүрек тезінен шыңдалып шыққан сәулелі сөздің сырына, сұлу сөздің сыңғырына, ордалы ойдың жарқылына үңіліп көрейікші. Тіліміздің ұшына жетіп келгенді тежемейік, ұлы жазушы Мағауиннің жиырма томнан асар барлық шығармаларын шетінен тізбей, алас-күлес көктей шолып, желе-жорта парақтағанда, тек көз қиығына түскендерін ғана назарларыңызға ұсындық. Сонымен...
Наһан, сүле сәуле, бәдіз, жәреуке, оңғақ, жәсір, ежеттес дос, сұңғат, жармақ, дулай, кекірт, қалға, қарашы бек, танауы сәңірейген, тіз оқ, кез оқ, доғал оқ, телше, аңқа, дәргей, жәзит, жеткін жасу, ошаң, байырқалы, сіреу, зұрна, қаймыжық, далда, әсем тұрмандалған, марлат кейпі, күміс көзгі, далаң, қаумет, кеніш көңіл, қамырық-қайғы, уәз, опалаң, алқау, сүме, еті тым ояз, шыжымдай тартқан, қиямпұрыс, қитық, алағай сезім, тобаяқ бәйге, топас дүмпу, үшек, әуір, үскі т.б. Осы тектес жекелеген сөздер мәтін ішінде, контекс аясында түрлене жанданып, ойды үстелеуде, образды мүсіндеп, құбылыстарды айшықты бейнелеуде, яғни сөздің бояу-реңкін қанықтыра түседі. Бұл тұста қадап айтарымыз, Мағауин ескі көне сөздерді жеріне жеткізе игеріп, пайдаланумен бірге, қазақтың ежелгі жазу стилін, сөз саптау мәнерін жан-жақты зерттеп, оны құбылтып қазіргі әдебиетке шебер үйлестіре, үндестіре қолданады.
Енді бір мезет төмендегі тіркестерге назар аударалық.
“Арыстан болып туған асылзада көп”, “Бейпіл ауызға қақпақ, ақылы азға тоқпақ екеуінің кебі”, “Әлейім-тәлейім кезінде кім қайда жүрмеді”, “... Өз отымызға, өз ошағымыздың бұтына қатысты аз ғана дат бар еді”, “Қарасын емес, қара нор”, “Бес қар басқан тазы”, “Бармақ қазылы құлан, табан қазылы тарпаң...”, “Асауды ауыздықтайтын – бұғалық, алысты ағайындастыратын – құдалық”, “Дәулет – опасыз, бақ – тұрақсыз”, “Жау іздеген – жарақтыға жолығар, жол іздеген – жақсы досқа жолығар”, “... Ақ ордаңа жау қарымы жетпесін”, “Бұқардың қылышы – өткір сөз, аталы жыр”, “Тұнжыр дүние, ауыр ой”, “Әманда, қазақ араласқан істе құпия болмайды”, “Тірілмек сөз, жанбақ шырақ”, “Сынықтан – сылтау, сәлемнен – аттан”, “Туыстық – тілде, бірлік – ділде”, “Жер атаулары – тарих таңбасы”, “Мысықтан сәл-пәл қалқыңқы”, “Жұнттай болып семірген”, “Жеті нысанды жолынан тайдырып”, “Әйелді үйден әңгіме қалмайды”, “Бұдан соң, аты ескіріп, жүзі көмескіленіпті”, “Адамның соты қалай тартса да, алланың сотынан ешкім қашып құтыла алмайды”, “Өмір – бұралаңқы, оппасы көп ұзақ жол”... т.т...
Негізінен қалам тербеп отырған сәтте жазушы жаңа бір сөз ойлап табайыншы деп жанықпайды, сол секілді әдемі тіркес жасайыншы деп аласұрмайды. Аламан бәйгеде бауырын жазып көсілген сәйгүліктей ой тұңғиығына сүңгіген қалам ұшына оңынан ілінсе керек. Сөз сиқырының сыры мен жұмбағы да, міне осында. Мұқаңда мұндай ойлы тіркестер, сырлы сөйлемдер өте көп, шоғыр-шоғырымен кездеседі. Қуанышты.
“Келде-мұнара туралы мен алғаш рет кітапқа әбден құныққан, жаңа бір өмірдің есігін ашып, әлем, тіршілік жөнін тани бастаған тоғыз, он жастағы бала кезімде естісем керек. “...Қазақтардың басынан келде-мұнара тұрғызыпты...” (Келде-мұнара”).
“... Жаның жай, еркің өзіңде. Бұдан артық не керек. Бар уайым – қаңыраған, абажадай үйде жалғыз өзім, ауырған, сырқаған тұрыпты, қалай, қайтіп өлгенімді тірі жан білмей қалуы мүмкін”. (“Қы-сы-жы”).
“Өйткені... қазіргі заман – ерліктің емес, зорлықтың заманы. Бүгінгі күннің тұлғасы – алып емес, қортық. Мәрт емес, нәмәрт. Арыс емес – арам, алдамшы. Турашыл емес – аяр, екіжүзді”. (“Түйеші Қамбар”).
“Алпыстан ары бармаңдар, аңдамай шал боп қалмаңдар” деген екен қажы, алпыс түгіл жетпіске келіп, жер таянып отырған менен Әкәдемиә білмей жүрген нәрселеріңді несіне сұрайсыңдар. Ди-әлек, мый-әлек деген жоқ менде, біздікі қазақтың қара тілі ғой”. (“Мынауың диалект ғой”).
“Қар беті толған із, қар беті толы жазу. Сайрап жатыр. Өз ғылымына жетік сарыасық тазы бәрін де еркін оқиды. Кім өтті, қашан өтті, қайда бармақ, қай жерде аялдауға тиіс – тегіс біледі. Мынау үш аяқтап жортқан – сары кісі. Бір түп оқшау тобылғының тұсынан қарға сіңіп кетіпті. Он-он бес қадам жерден қайта шығады. Міне, шықты. Енді оңға қарай тартыпты. Лашын ізіне түспейді. Өзі шүйкедей, бағасыз аң. Ал мынау көлденең өрген із – күзендікі. Кішкентай болса да қайратты, әдісқой, әрі шақар пәле... Міне, түлкінің өзі. Ойнақтай басқан. Кетсін... Тағы да із. Осы жаңа ғана өтіпті. Ізі ірі. Арлан...” (“Тазының өлімі”).
“Ұлтсыздық дегеніміз –ұлттық сананың, ұлттық сезімнің, ұлттық танымның жоқтығы ғана емес, адамдық кептен айырылу, қасиетсіздік”. (“Жармақ”).
“...Осыншама ұзақ өсиет айтуға мүмкіндік таппасам, екі-ақ ауыз сөз: “Қайран Қазақ! Ежелгі ерлігіңді тап! Қасиетіңді қалпыңа келтір!”.
Ақырғы, тәсілім сәтте оған да дәрменім жетпей қалса, міне, алдын-ала айтып қойды деп есептеңіз:
“О, Тәңірім! Қазақ елін қолдай гөр!..” (“Соңғы сөз”).
Мінеки, қадірлі оқырман, сөздің қадір-қасиетін әспеттей алатын өзіңізге асыл мұрамыздың бір шоғыр үзігін әдейі ұсындық. Тағы да қайталауға мәжбүрмін. Жол-жөнекей жанарымызға іліккені ғана. “Теңіздің дәмі – тамшыдан” демей ме бабаларымыз. Біздікі Мағауиннің құдіретті қазынасынан жұқанақтай болсын үлгі ұсыну. Қазақ тілін еркін сапырған, тіл ұстартудың сырлы қоймасы – сөзді қаршадайынан сүйегіне сіңіріп өскен қаламгердің кең тынысы мен құлаш қарымын байқайсың. Қазақ халық әдебиеті нұсқаларының жарқылын, ежелгі жыраулардың сөз қолданысы, қайталанбас бояу-нақыштар, қызыл цензураның “қырағылығы” арқасында архаизмге айналған табиғи тіркестер, қазіргі қазақ прозасының ең үлкен қайнар бастауы саналатын ортағасырлық түркі жәдігерлерінің ұшқындарын көруіңіз бек мүмкін. Оған еш таңданбаймыз да. Өйткені, сыр-сұхбат сәтінде Мұхаң мақтаныш сезіммен мерейлене ой бөліскен:
– Мен жиырма мен жиырма төрт жастың аралығында Қырық қарақшы – Совет өкіметінің арнайы тоналған, көзеп ұрланған қыруар қазына-байлықты жинап тыққан құпия үңгірге кіріп кеткен Аладдиннің бақытын бастан кештім – Республикалық Пушкин кітапханасының және Ғылым Академиясы Орталық кітапханасының “Сирек кітаптар мен қолжазбалар бөлімінде” таңды кешке қосып, айлар бойы табандап отырып, өз тұрғыластарымның ойына келмеген, түсіне кірмеген өзгеше үлгілермен таныстым. Ой-өріс, білім-таным өз алдына, мен қалыпты үлгіден басқаша, өзгеше тілмен ұшырасқан едім. Сол тілдің айрықша бір көрінісі ескі қолжазбаларда болатын. Үскі түспеген, түрпі тимеген, таза, табиғи тілдің өнегесі қаламгерге қашанда тың тыныс, өрнекті айшық берсе керек.
Шіркін, киелі мұрамызды, құдіретті қазынамызды, асыл байлығымызды қастерлеп, бағалаудың биік үлгісіндей көрінер Мұхтар Мағауин өнегесін жаппай нысаналы мақсатымызға айналдырсақ. Жемісіміз мәуелеп, несібеміз еселеп, ұтысымыз ұлан-ғайыр артар еді. Қазақ әдеби тілінің, қазақ сөз өнерінің бәйтерегі мәңгі көгеріп, құлпырары да даусыз.
Әңгіме әуезіне орай қаламгер шығармаларынан біраз сөздерді түздік. “Аласапыран” жарық көргенде бүкіл зиялы қауымды, әдебиетші ғалымдар мен жазушыларды дүр сілкіндірген оқиғаның бірі ретінде роман-дилогияның тілі айрықша тиек болғаны мәлім. Әдебиет кештерінің өзегі, сараптамалық талдау мақалалар мен рецензиялардың арқауы – Мағауиннің сөздік қорына байланысты өрбіген-ді. Қазақтың байырғы тілін өте жақсы білетін жазушы Нұрқасым Қазыбек алты жүздей соны сөз тіркегенін сүйінішпен жазса, ана тіліміздің табиғатын бір кісідей танитын белгілі ғалым-қаламгер Тұрсын Жұртбай қойын дәптеріне сегіз жүзге тарта беймәлім сөз жазып алғанын таңдана айтады. Мұндай қызықты деректерді сиқыр сөзден өрнек оюдың зергері, нағыз тіл тамыршысы Мұзағаң – Мұзафар Әлімбаевтың аузынан да талай мәрте естігенбіз. Демек, Мағауиннің қазақ тіліне, қазақ прозасына қосқан өзіндік үлесінің салмағын бейнелейтін көркемдік әлемінің ажарлы екенін дәлелдер дәйек. Мейлі, жеті-сегіз (жүз) сөз болсын! Мәселе аз, көптігінде емес, орнымен жұмсалуында, беймәлім, көнерген сөздің контексте өзінің нақты мағнасымен көрініс табуында, көмек, демеусіз ұғылуында. Бір қуанарлығы, Мұхтар қаламының ұшына іліккен, өзі қызғыштай қорыған ондаған, жүздеген сырлы сөздер тілімізді байытып, жаппай қолданысқа енгені аян. Әлмисақтан белгілі қағида – тілді халық жасайды, қаламгер дамытады. Қадірменді Ағамыздың: “Қолдануға жараса, жалпы айналымға түссе – мақсаттың орындалғаны. Абай, Ахаң, Мұхаң – ойлап тапқан емес, қайта тірілткен, жаңғыртқан, түрлендіріп енгізілген мыңдаған сөз бар – қалам ұстағаннан бері қолданып жүрсіз, тіпті, ауызекі еніп кеткен. Тіл мұратының өзі осы” деген алшылы пікірінің мәні зор.
Өресі биік, талғамы жоғары кез келген жан Мұхтар қолтаңбасын өзіндік сөз кестелеуінен-ақ танитыны шүбәсіз. Әйтпесе, талайды естігенбіз, талайға куәгерміз ғой. Кезінде семсер-сыншы Сағат ақиық ақынымыз Мұқағали поэзиясын шұқшия тексеріп, қайраса; сөз зергері Ғабең жасындай жарқырап көрінген Оралханның прозасынан байқаған ойқы-шойқы сөздерді тізіп, ойлантқаны есте. “Айтылған сөз – атылған оқ”. Мін тағу, жосықсыз кінәлау оңай. Сөйтсе де әдептен озбау ләзім. Несін жасырамыз, Абайды менсінбей, Жамбылды жазғырып, қазіргі қаншама қалам қайраткерлерін сайқымазаққа айналдырғысы келетін бұрыс пиғылдылар арагідік ұшырасады. Әрине, олардың да орынды уәжі, дәлел-дәйегі бар. Тырнақ астынан кір іздегендей: “келешекті көре алмадың, келеңсіз кезеңді мадақтап, күштілер мен көсемдердің сойылын соқтың” деп кінәлаймыз. Ойы жоқ ортақол шығарма, олпы-солпы татусыз туынды, сергітіп- серпілтпейтін селкеу дүние, ең ақыры тіл жұтаңдығы мен кедір-бұдыр сөз қолданысы кемшілік боп тағылады...
Инемен құдық қазғандай ала қағазға тесілген жазушының тірегі – тіл, сүйеніші – сөз. Өз басым бұл ойды Мұхтар Мағауиннің әр туындысын оқыған сайын көкірегіме ұялатып, жүрегімнің түкпіріне құндақтай түсемін.
Иә, сөз – құдіретті де, киелі қазынамыз емес пе.
Жанат ЕЛШІБЕК.