• RUB:
    5.41
  • USD:
    472.49
  • EUR:
    515.44
Басты сайтқа өту
Аймақтар 10 Қазан, 2019

Айына 600 литр сүт тапсыратын ана

234 рет
көрсетілді

Ақмола облысының Сандықтау ауданындағы Арбузинка ауылының атаулы әлеуметтік көмек алатын тұрғыны ірі қара өсіреді.

Макка Асхабова «Күміс ал­қа» иегері болғандықтан алты баланы тәрбиелеу қаншалықты қиын екенін жақсы біледі. Алай­да, ол мемлекеттен ақша талап ететін және жұмыс істегісі кел­мей­­тін патерналистік пиғылға қарсы.

«Көп балалы аналардың нара­зылықтарын және олар қаты­сатын митингілерді қол­дамаймын. Менің ойымша, әрбір әйел өзіне шектеу қой­мастан жұмыс істеуі, өзін-өзі да­мытумен және болашаққа жос­пар құрумен айналысуы керек. «Күміс алқаға» ие болып отырған соң қыздарыма лайықты үлгі болуға тырысамын. Әйелдер қауымына ми­тингілер мен наразылықтар ар­­қылы ештеңеге қол жеткізе ал­­майтынын айтқым келеді. Өзі­ңізді жинақтап, мақсатқа жету еш­қашан кеш емес», дейді көп балалы ана.

Оның айтуынша, отағасы – ком­байн жүргізушісі, өзі үй шаруасында. Ол өзінің барлық бос уақытын балаларын тәрбиелеуге жұмсайды. Бүгінде мемлекет тарапынан қабылданған көптеген бағдарламалардың нәтижесінде  үлкен жетістіктерге қол жеткі­зуге болатынына сенімі кәміл.

«Күйеуіміз екеуміз ірі қара мал өсірумен айналысамыз. 2016 жылы «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы бойынша 3 млн теңге көлемінде несие алған едік. Бүгінде оны толығымен өтедік, сарай сал­дық, қазір ауылда жеке бизнес­пен айналысудамыз. 8 сауын сиыр­дан күніне 25-30 литр сүт аламын. Айына орташа есеппен 600 литр сүт өткіземін», дейді Макка Асхабова.

«Атаулы әлеуметтік көмек көп балалы отбасыларға өмір сү­ру жағдайын жақсартуға мүм­кіндік береді. Көмек алушы­лардың көбі мемлекет есебінен қысқа мерзімді қайта даярлау курстарынан өтуде. Өңірдің 703 тұрғынының жұмысқа орналасуына көмектестік. Сондай-ақ кәсіпкерлік негіздеріне оқытуға және жеке бизнес ашуға, жеке қосалқы шаруашылықты дамы­туға жәрдемдесеміз. Ағым­дағы жылы 37 көп балалы ана жаңа бизнес-идеяларға 505 мың теңге көлемінде өтеусіз грант алды. Атаулы әлеуметтік көмек көп балалы отбасылар үшін үлкен тірек», деді Ақмола облыстық Жұ­мыс­пен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бас­қар­масының басшысы Дина Ахмет­жанова.

Оның айтуынша, аталған көп балалы отбасы ағымдағы жыл­дың маусым айынан бастап шарт­ты ақшалай көмек алушылар қатарына енді. Оларға ай сайын 152 927 теңге көле­мінде жалпы сомасы 1 млн 835 мың теңге атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды.

Жуырда Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрым­бетов Қазақстанда 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізу жоспарланып отырған АӘК көрсетудің жаңа тетіктерін таныстырғанын еске сала кетейік.

«Ең басты қағида – мемлекет көмекке мұқтаж адамдарға, әсіресе балалар мен көп балалы отбасыларға көмектеседі. Ең­­бекке қабілетті азаматтар жұ­мыс істеуі керек. Мемлекет жұ­­мыс­қа орналасуға немесе ша­ғын бизнеспен айналысуға кө­мек­теседі. Мемлекеттік кө­ме­к­ке – көп балалы отбасы­лар­ды қолдау, табысы төмен отба­­сыларға атаулы әлеуметтік көмек көрсету, табысы аз отба­сы­лардағы балаларға кепіл­ден­­дірілген әлеуметтік пакеті кіре­ді», деген-ді Біржан Нұрымбетов.

Министрдің айтуынша, көп балалы отбасыларға қол­дау көрсету республикалық бюд­жет­тен мемлекеттік жәр­демақылар енгізу арқылы қам­тамасыз етілетін болады. Бұл мемлекеттік жәрдемақы барлық көп балалы отбасыларға (4 немесе одан да көп кәмелетке тол­маған баласы бар) табысына қарамастан төленеді.

Яғни АӘК табысы аз отбасы­ларға, соның ішінде көп балалы отба­сыларға төленетін болады. Ең аз күнкөріс деңгейінің 70%-ын тағайындаудың шекті өлшемі қалады. Егер еңбекке қабілетті отбасы мүшесі ұсы­нылған жұмыстан және жұмыс­пен қамтуға жәрдемдесу шараларынан бас тартса, онда АӘК төлемі тек оған ғана емес, бүкіл отбасына да тоқтатылады

Аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар үшін кепіл­дендірілген әлеуметтік пакетті енгізу ұсынылады. 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды азық-түлік жиынтығымен және гигие­налық құралдармен, 6 жастан 18 жасқа дейінгі балаларды мектептерде ыстық тамақпен, оқу құралдарымен және мектеп киімімен қамтамасыз етеді. Сондай-ақ оларға мектепке дейінгі жол жүру шығындары өтелетін болады. Медициналық, оның ішінде стоматологиялық көмек 18 жасқа дейінгі бала­лар­ға тегін медициналық көмек­тің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік меди­ци­налық сақтандыру шеңберінде көр­се­тілмек.

Ағымдағы жылдың тоғыз айында АӘК 417 мың отбасына немесе 2,1 млн адамға тағайындалды.  АӘК орташа мөл­шері бір адамға 2,5 есе, 6848 теңгеден 16 446 теңгеге дейін өсті. Орташа есеппен отбасына 90 мың теңге шығады, айына ең көп тағайындалған сома – 455 мың теңге. Биыл АӘК-ке 206,2 млрд теңге көзделген, оның 146,4 млрд теңгесі төленді.

 

Дайындаған

Думан АНАШ,

«Egemen Qazaqstan»