Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз конференциясында айтты.
Құжатты дайындау кезінде халықаралық экологиялық реттеу тәжірибесі, қауымдастықтардың, халықтың пікірі мен ұсыныстары есепке алынды. Жобадағы норманың бірі – «заңбұзушы жояды» міндетті қағидатының енгізілуі.
«Яғни, заң бұзушының экологиялық зардапты табиғи түрде жоюы, қайталанғаны үшін қызметін тоқтатуға дейінгі жауапкершілігі, жобалау компанияларының жауапкершілігі міндеттемесі енгізіледі», деді вице-министр.
Экологиялық кодексті жетілдірудегі басты бағыттың бірі – «ластаушы төлейді» экологиялық қағидатын іске асыру.
«Бұл бағыт толықтай экологиялық реттеуден бас тартуды қарастырады. Толып жатқан табиғатты пайдаланушыны тәртіпке шақырмай-ақ, тек ірі ластаушы кәсіпорындарға көңіл бөлу қажет. Бұл ретте осы ірі кәсіпорындардың бәрін есепке алу үшін бұл санаттағылардың дәл санын анықтау қажет», - деп атап өтті.
Сондықтан жаңа Экологиялық кодексте мұндай талапты тек «Бірінші санаттағыларға» қатысты ғана қолдану ұсынылуда, осылайша, шын мәніндегі экологиялық қауіпті нысандарға ғана назар аударылады. «Бірінші санаттағы» компаниялар сондай-ақ өндіріске зиянды заттар шығарындыларын төмендететін «ең озық қолжетімді технологияларды» енгізуге тиіс.