• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 18 Қазан, 2019

Жаңа жоба құс етін өндіруді көбейтуге көмектеседі

599 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» Жолдауында айтылғандай, тиімді шағын және орта бизнестің берік негіздерінің бірі – қала мен ауылды дамыту, оларды бір-бірімен байланыстыру. Ел халқының жартысына жуығы ауылдық жерлерде тұратынын ескерсек, ауылдағы шағын және микробизнесті дамытудың әлеуметтік-экономикалық және саяси маңызы ерекше екені анық.

Президент Жолдауда шағын және орта бизнесті дамыту үшін жаңа жобаларға басымдық бере отырып, қолдау қажет екенін айтты. С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің оқытушылары мен студенттері ұсынып отырған «Ауладан дастар­қанға дейін» жобасы бір­неше қоянды бір оқпен атудың бір көрі­нісі сынды. Атап айтқанда, еш­қан­­дай бастапқы капиталсыз биз­н­ес бастап, небәрі 2 ай­дың ішін­де табысқа қол жет­кізуге, құс шаруашылығының эко­­­ло­­­гия­лық таза өнімдерін қол­жетім­ді бағамен алуға, ең алдымен ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыс­пен қамтуға көмектеседі. Тағы бір ұтымды тұсы, бұл универ­ситет­тің оқытушылары үшін – тағылым­дама, студенттерге – тәжірибе.

Жобаның авторы, экономи­ка ғылымдарының докторы, С.Сей­фуллин атындағы ҚазАТУ проректоры Қайрат Айтуғановтың ұйымдастыруымен экономика факультеті, ветеринарлық және мал шаруашылығы теxнологиясы факультеттерінің оқытушылары жүргізген әлеуметтік жоба 2 айға созылмақ. Оған қажетті қар­жы­лық құрал инвесторлар есебінен тартылды, инвестор – осы универси­тет оқытушылары мен қызмет­кер­лері. Жергілікті құс фаб­ри­касынан 1000 балапан сатып алуға, оған берілетін экологиялық таза құрамажем, ветеринарлық пре­парат­тар және тағы да басқа ш­ығын­дарды қоса есептегенде 1 кило таза тауық етін дайындауға 840 теңге кетеді екен. Бұл баға нарық­тағымен салыстырғанда (1300-1500 теңге) төмен екеніне және ет сапасының жоғарылығына сенген оқытушылар жоба басталар алдында алдын ала етке тапсырыс беру арқылы өздері ин­вестор болды.

Ветеринарлық және мал шаруа­­шылығы теxнологиясы факуль­теттерінің студенттері сараптама жасауға, әрбір 10 күн сайын балапандардың салмағы мен бойын өлшеп, денсаулығы мен дұрыс қоректенуін бақылап, жобаға қатысатын ауыл тұрғыны­на, яғни тауықты бағушыға кеңес бе­ріп отырады. Экономика фа­куль­тетінің студенттері болса қаржылық шығындары мен тәуе­келдерін есептеуге, нарық­тық ба­ға­­мен салыстыруға, эконо­ми­ка­лық табыстылығы мен тиімді­лігін есептеуге және тағы басқа­ларына машықтанады. Жоба табысты болуы үшін арнайы маман толық бақылап отырады. Яғни, жауап­кершілік тек бір адамға немесе тек тауықты бағушыға жүктелмейді.

Агротехникалық университет­тің кәсіподақ мүшелері Қарағанды облысындағы Нұра ауданының 4 үй шаруашылығымен келісімшартқа қол қойып, жұмысты бас­тап кетті. Осылайша ауыл­да жұ­мыссыз жүрген немесе негізгі жұмысына қо­сымша табыс тапқысы ке­ле­тін азаматтар­ға ешқандай бас­тапқы капитал іздемей, банктен немесе несиелік серіктестіктерден несие сұрамай, кепілдікке үйін немесе жылжымайтын мүлкін тікпей-ақ өз ауласында табыс табуға осындай мүмкіндік ұсынылды. Ол сатып әкеліп берген 100 балапанды бағып, ешқандай xимиялық қоспа­сыз таза экологиялық қоспажем, дәру­менін беріп, 1 тауықтың сал­мағын кем дегенде 2,5-3 килоға жет­кізеді. 10 шақты тауық өліп қал­ғанның өзінде 90 тауықтың әрқай­сынан 2,5-3 кило алады. Қойылған жалғыз талап, әрбір 100 тауықтан барлығы 150 кило ет өт­кізу. Ал қалған тауық еті – бағу­шының таза пайдасы, 2 айда тапқан табысы.

Бұл жобаға жергілікті басқару­шы органдары, ауыл әкімі де атсалысып, түрлі ұйымдастырушылық шаралары арқылы тұрғындарға толық және дұрыс ақпарат жет­кізуге, азаматтарды жұмыспен қам­тамасыз етуге тырысты. Ауыл әкім­шілігі 15 мың балапан сатып алып, түрлі жағдайды ескере отырып 13,5 мың балапанды өсірсе, 33 тонна құс етін алады екен. Егер мұны ірі қара мал етімен салыстыратын болсақ, 33 тонна ет алу үшін 192 бас ірі қара бағу керек екен. Ал бір ірі қара бағуға кем дегенде 2-2,5 жыл уақыт кететіні белгілі. Бұл жоба бас-аяғы 2 айға ғана созылады. Дәл осы қанатқақты бастаманы қаз өсіру арқылы жалғастыру да жоспарланып отыр. Жобаның нәтижесіне желтоқсан айында, жаңажылдық мейрамдардың алдында көз жеткізетін боламыз.

Қазір Қазақстанда тұтыныла­тын құс етінің 51%-ы шетелден импортталады. Осындай жобалар арқылы экологиялық таза жем беріп өсірілген жергілікті таза құс етін нарыққа ұсыну жолға қойыл­са, импорт көлемін ең болмағанда 10%-ға төмендетуге болар еді. Осы істің табыстылығы мен тиімділігіне көз жеткізген қатысушылар оның алдағы уақытта жалғасын табатынына сенімді.

Жалпы, агротехникалық уни­вер­ситетте қолға алынған жоба­ның тиімді жағы көп. Біріншіден, ауыл тұрғындарын жұмыспен қам­туға көмектеседі. Екіншіден, шет­елден келетін құс еті импортын азайтуға, үшіншіден, қо­сым­ша табыс табу арқылы са­лық базасын қалыптастырып, жергілікті бюджетті нығайтуға әсер етеді. Жаппай кәсіпкерлікті дамыту ар­қылы санаға сіңген патер­на­лис­­тік пиғыл мен масылдықтан арылуға мүмкіндік беретіні де анық. Азаматтар осы арқылы шағын бизнеспен шұғылдануға бейім­­деледі. Бұл үшін несиеге белшеден батудың да, бастапқы қапитал іздеп сабылудың да қажеті жоқ. Кепілге қоятын мүлік іздеп те әуреге түспейді. Ал университеттің ғалымдары мен студенттері прак­ти­калық тәжірибе жинап, тұтыну­шыларға экологиялық таза сапалы өнім ұсынуға мүмкіндік алады.

 

Гүлжиһан КЕҢЕСҚЫЗЫ,

С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ-дың аға оқытушысы, экономика ғылымдарының кандидаты