Қара жолға түскен із көп. Бір іздің үстін бір із таптап жатыр. Жүректегі қайрат, жанардағы үміт әркімді әр саққа жетелейді. Діттегеніне біреу жетер, біреу жетпес. Әлімсақтан заңдылық – осы.
Құбылмалы өмірде пендесінің (жазушының) таңдайына мөлдір сөз құйып, көкірегіне бір уыс талантты меншіктеп берген жалғыз Жаратқанның құдіреті неткен шексіз. Жазушы – талант болғанда, оның жазғаны – өнер. Жалпылама айтудан аулақпыз: «шимайлағанның бәрі шедевр емес» және қағазға түскен «шимайдың» бәрін шын таланттың шығармасы демесіміз тағы анық. Өткен уақыт жазуда қара терге түскен қаламгердің бәрін шыңға шығарған жоқ. Бірін білсек, бірін шырамытамыз. Уақыттың сүзгісінен өту аса қиын болғанымен, қаламын сайлап, қайрат-жігерін жиып келген әр жүрекке әдебиетте орын бар. Алайда көптің арасында жүріп, оларға ұқсамау – біз айтқандай, сіз ойлағандай оң жамбасқа келер іс емес. Жазудағы жалғыз би-қожа – өзіңіз. Ақ қағаздың бетіне ой қазаныңыздан не түсірсеңіз де патша көңіліңіз бен ғазиз жүрегіңіздің қалауы. Тек уақытын бөліп оқыған оқырманның түйсігіне адамдық қасиеттің қылдай сәулесін түсіре алсаңыз болғандай-ақ.
«Болғандай-ақ» деп еш толқусыз, күмілжусіз, ауызға жеңіл болған соң, оп-оңай айтқанымызбен, осы бір асыл өнерде кеудесіне жан бітіріп, сөз айту, ой қармап, қиюы келіскен оқиға құрау, шығарманың өн бойынан өмірді, тіршілікті көрсете алу әсте қиын һәм мехнатты жұмыс. Жайшылықта туған ойды қанын сорғалатып қағазға түсіру, сыздықтатып баяндау, тағысын тағылар хақында тура сөзді кесіп айту мүмкін емес һәм оған қауқар да жетпейді. Жазудың азабын оқыған адам емес, жазған адам түсінсе керек. Жақсы шығарманың шеті көрінсе, бір деммен оқып шығуға асығатын біз – жазушының ой еңбегін аса бір ықыласпен сезіне бермейміз. Кірпияздығымыз тағы бар. Оған белгілі бір дәрежедегі эгоизмді қосыңыз. Әманда тек классика оқығымыз келеді. Рахатқа бергісіз ләззатқа бөленіп, көркем шығармадан әсер алсақ дейміз. Алакөңіл күйімізді кітаптан тауып, құшақ айқаса қауышсақ, Құдайдың бергені дерсің. Көңілдің жыртығын жамап, дәтке қуат етерлік жүрекке жылы дүние іздеп, үмітің ақталса, қанеки. Адамның жан-дауасын көркем шығармадан іздеп, жер бетіндегі барша ләззат атаулыдан жалығып, баз кешіп, түбі жұлма-жұлма көңілін арқалап, кітаптың алдына келуі – көзін һәм көңілін тойдыратын әдебиеттің құдіреті. Осы құдіретке бас игеннен болар, оқырманның талғамы аласарған емес. Әлімсақтан биік қалпында. Жазудың мехнатын түсіне алмадың деп оларды тағы кінәлай алмайсыз. Оқырман классика оқығысы келеді және онысы заңды. Содан болар, ақынның бәрінен Абайды, жазушының денінен Әуезовті іздейміз. Ара-тұра Толстойдың таланты мен Достоевскийдің дарынын сағынып қоямыз. Өлеңді «тақпақ», ақынды «ақынсымақ», жазушыны «қатардағы жауынгер» деп келеке ететініміздің де төркіні алыс емес. Суық ақылмен қарасақ, жазудан асқан ауыр қызмет жоқ. Жазудың бар азабын тартып, тоқпағын жейтін жазушы ғана. Қасиетті жазу пайда болғалы әдебиеттің қара тақтасына қаншама мың-миллион қаламгердің ізі түсті. Бәрі шама-шарқынша, қадари-халінше жазып бақты. Өкініштісі сол, бәлкім әділі болар, уақыт сүзгісінен «жаза аламын» дегеннің бәрі өткен жоқ. Кім қай ғасырда өмір сүрді – сол дәуірдің жылнамасында қалып қойды. Арасында шын таланты да, кем таланты да бар. Уақытқа айтар уәжіміз болғанымен, сөзіміз қазақтың қалың сахарасына сіңіп кетерін білген соң, іштен тынамыз.
Сөз өнеріне имене кіріп, талабы мен талантын тоғыстырып, жазуға бар қызық өмірін сарқыған, «ардың ісіне» балаған мехнатты жұмысын ар сотына салып, жазуына адал жазушы болып өмір сүру – жанкештілік. Тағдыр тәлейі жазуға бұйыртқан соң, қашып кетуім жоқ. Көркем сөзге деген ыстық пейіл, бағытсыз үміт жазуға отырғызады. Міне, осы сәттен жазушылықтың тәтті азабына енген қаламгер өзінің әдебиет жасап жүргенін де байқамайды. Ойы мен ойы таласып, бірін-бірі төпелеп, шығарға саңылау таппай, не қағазға түспей, не санадан жоғалмай жазушыны іштей азапқа салар жазудың машақаты тағы бар. Осындайда жазушының еңбегі еңбек-ақ дейсің. Мехнаты ауыр ой еңбегінен туған жақсы шығарманың еленбеуі, тіпті оқылмауы, авторы суреткер бола тұра беймәлім күйде қала беруі үлкен қасірет. Еңбегің еш болып, түу жүрек түкпірінен толқып, толғатып шыққан шығармаң топыраққа құйған судай сіңіп кете барады. Әдебиетте әділеттіліктің әманда болатынына осы сәтте күмәнданасың. Санада беймаза бір сауал туады: ұлардай шулаған ойын түн күзетіп, күн түзеткен қаламгер еңбегінің оқырман алдында ештеңеге татымай қалуының обалы кімге?..
Жазу еңбегінің мың сан машақатын өткерген әр қаламгер әдебиеттің ғанибетін көрсе екен дейсің. Ал үйірге дүбір қосушылар әманда болған. Бүгінгі есепсіз шығып жатқан кітаптар соның дәлелі. Тек осы көп «көркем» шығармалардың әсерінен жақсы мен жаманның аражігін һәм өлшемін білмей қалмасақ болғаны.