Парламент Сенатында өткен Үкімет сағаты Президент Жолдауында көрсетілген денсаулық сақтау саласындағы міндеттер және былтыр сәуірдегі парламенттік тыңдау ұсынымдарының іске асырылу қорытындылары туралы болды.
Отырысты ашқан Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Мұрат Бақтиярұлы медициналық салаға бөлінетін қомақты қаражатқа қарамастан, осы саладағы мәселелер азаймай тұрғанын атап өтті. Соның бірі – білікті кадрларды даярлау мәселесі. Мұның бір айғағы – Сенат депутаттарының сынына қарамастан, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарында медициналық салаға қатысы жоқ жоғары оқу орындары жанынан медициналық факультеттер ашылған.
Бұған қоса Сенат комитетінің төрағасы дәрігерлік қателіктерден туындаған жағдайлар тиісті түрде реттелмейтінін, бұл министрліктің басты міндеттерінің бірі болуы керек екенін айтты.
Аталған мәселелер бойынша атқарылып жатқан іс-шараларды, жалпы денсаулық сақтау саласындағы қолға алынған жұмыстардың барысын Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов баяндап берді. Оның айтуынша, қарқынды жұмыс пен кешенді тәсілдердің арқасында соңғы бес жыл ішінде ана өлімінің, туберкулезден, қан айналым жүйесі ауруынан, онкология және жарақаттан келетін өлімнің төмендегені байқалады. Алайда осы жылдың 8 айының деректері бойынша жалпы өлімнің және нәресте өлімінің өсуінде болмашы ауытқулар байқалады. Сонымен қатар цифрландыру мен статистикалық деректердің сапасын жақсарту арқылы өлім себептері бойынша жүйелі іс-шаралар белсенді жүргізіліп жатыр.
– Біз Атырау облысында шетінеген жаңа туған нәрестелердің шыны препараттарынан алынған объективті деректер мен медициналық карталардың аудитінен кейін ел бойынша жаппай тексеріс жүргіздік. Талдау нәтижесінде материалдарды ұсынбаған Маңғыстау облысынан басқа, есепке алынбаған ерте неонаталдық өлім-жітім бойынша 277 нәресте өлімін жасырып қалу фактісін анықтадық. Бұл – ескерілмеген, республика бойынша тірі туғандар. Нәтижесінде 2018 жылы нәресте өлімі көрсеткішіне түзету жүргізілді. Өлім-жітім көрсеткіші 8,03-тен 8,7-ге өзгерді, – деді министр.
Сонымен қатар ведомство басшысы 2019-2020 жылдарға арналған алғашқы медициналық-санитарлық көмекті дамыту жоспары іске асырылып жатқанын атап өтті. Осы жылы 1 300 дәрігерлік бөлімше ашылды және әр бөлімше жүктемесі 1 658 адамды құрады. Алайда кадрлардың жұмысты қоса атқаруы мен тапшылығына байланысты 1 дәрігерге іс жүзінде бекітілген халық саны 1 900 адамды құрайды. Жоғары оқу орындарының түлектерін жұмысқа тартудың арқасында осы жылы алғашқы медициналық көмек дәрігерлерінің тапшылығы 900 адамға төмендеді. Бұған қоса цифрландыру емханалардағы кезектерді 30%-ға төмендетуге мүмкіндік берді. Шұғыл емес шақыруларды жедел жәрдемнен бөлімше дәрігерлеріне бергеннен кейін жыл ішінде жедел жәрдем шақырулары 25%-ға төмендеді.
– Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» шараларын іске асыру шеңберінде биыл 1 маусымнан бастап медицина қызметкерлерінің жалақысы 30%-ға дейін өсті. Жаңа бағдарламаның шеңберінде 2025 жылға дейін медициналық қызметтердің тарифтерін өсіру және медицина қызметкерлерінің жалақысын экономикадағы орташа жалақыдан 2,5 есе жоғары ету көзделген. 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап дәрігерлердің жалақысын 30%-ға, мейіргерлердің жалақысын 20%-ға ұлғайту ұсыныстары қолдау тапты, – деді Елжан Біртанов.
Министрдің мәліметіне сәйкес білім беру сапасын жақсарту мақсатында шетелдік университеттермен стратегиялық әріптестік қолға алынып, 5 медицина университетінде бірінші проректорлар лауазымына шетелдік әріптес-университеттің топ-менеджерлері тағайындалған. Әрбір медициналық университетте университеттік клиниканың немесе академиялық медициналық орталықтың болуы туралы талаптар заңнамамен бекітілген. Бүгінгі таңда ғылыми-зерттеу институттары және ғылыми орталықтар жоғары оқу орындарымен біріктірілді. Дәрігерлерді даярлаудағы бакалавриаттың бес жылдық бағдарламасы халықаралық стандарттарға сәйкес 6 жылдық оқуға ауыстырылып, жаңа бағдарлама бойынша оқыту басталды.
– Денсаулық сақтау жүйесін қарқынды жақсарту үшін 2025 жылға дейінгі Денсаулық сақтау саласын дамытудың мемлекеттік бағдарламасы әзірленді. Негізгі нысаналы индикаторлар қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығын 75 жасқа дейін жеткізуге және инфекциялық емес аурулардан болатын мезгілсіз қайтыс болу жағдайларын төмендетуге бағытталады. 2025 жылға қарай алғашқы медициналық-санитарлық көмек пен қоғамдық денсаулыққа жұмсалатын шығыстардың үлесі Елбасының тапсырмасына сәйкес 60%-ға дейін жеткізіледі, – деді министр.
Бұдан кейін Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің хатшысы Серік Бектұрғанов отандық денсаулық сақтаудың жай-күйі мен проблемаларына жан-жақты талдау жасады. Ол медицина қызметкерлерін қызметтік міндеттерін орындау кезінде агрессия мен шабуылдан қорғау шараларын қабылдау қажет екенін айтып, мемлекет тарапынан медициналық қызметкерлердің жұмысы үшін қауіпсіз жағдайларды қамтамасыз етудің маңызына тоқталды.
Осы тұста сенатор дәрігерлік қателіктерді қылмысқа балау белең алғанын, бұл біраз келеңсіз жайттың белгісіз қалуына әкеп соқтырғанын атап өтті. Серік Бектұрғанов Денсаулық сақтау министрлігіне дәрігерлік қателіктер мәселесін жан-жақты талқылауды ұсынды.
Үкімет сағаты барысында Қарағанды, Түркістан облыстары әкімдерінің орынбасарлары сөз сөйледі.
Сенаторлар денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру, цифрландыруды енгізу, онкологиялық науқастарды емдеу және басқа да мәселелер бойынша өз ескертулері мен ұсыныстарын айтты.