Иә, сирек кездесетін 7 түрлі металл қоспасынан құйылған бұл Тайқазанға биыл – 620, ал оның Түркістанға әкелінгеніне 30 жыл толып отыр.
Жалпы салмағы 2 тонна, сыйымдылығы 3 мың литр болатын қазан су құюға ғана арналған. Оған бейсенбі күні су толтырылып, тәтті араластырылып қояды екен. Келесі күні, яғни жұма намаздан кейін тәтті су жұртқа таратылған. Одан кейін бос қазанға әркім өзінің әкелгенін, яғни саудагер – тиынын, қасапшы – етін, аңшы – терісін, шаруа бидайын тастаған. Оны шырақшылар мұқтаж адамдарға таратып беретін болған.
Зерттеушілердің дерегінше, он бөліктен тұратын қазанның астындағы тіреуіші сегіз бөліктен құралған. Бүгінде қазан құйылған пештің орны анықталып, сол кезде жұмыс істеген шеберлер жайлы зерттеу жұмыстары жүргізілуде.
Зерттеушілердің дерегіне қарағанда, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде сақталған ортағасырлық Тайқазан 620 жыл бұрын, яғни 1399 жылы Тұранның билеушісі Әмір Темірдің бұйрығымен Түркістаннан 25 шақырым жерде орналасқан Қарнақ елді мекеніндегі Әбділ Әзиз Шарафуддин Тебризи шебердің ұстаханасында құйылған. Тайқазан 1935 жылы Ленинград, қазіргі Санкт-Петербург қаласында өтетін Иран шеберлерінің III Халықаралық конференциясына үш айға жіберілгенімен 54 жылдан кейін, яғни 1989 жылдың 18 қыркүйегінде тарихи отанына қайта оралды. Бұл іске, яғни көне жәдігердің Түркістанға әкелінуіне мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым-этнограф Өзбекәлі Жәнібековтің қосқан үлесі зор.
Алып қазанның сыртында үш қатар жазу бар. Алғашқы қатарда Құранның Тәубе сүресінің 19-аятынан үзінді Пайғамбарымыздың: «Кімде- кім Алла тағала үшін су құятын ыдыс жасаса, жұмақта оған арнап хауыз дайындайды», – деген хадисімен жалғасқан. Сондай-ақ «Әлемдегі шайхтардың сұлтаны Ахмет Ясауидің мазары үшін Әмір Темірдің бұйрығымен жасалған», – деген сөзбен қатар «жиырмасыншы шәуәл, 801 жыл», – деп уақытты айшықтаған. Бұл біздің жыл санауымызша, 25 маусым 1399 жыл деген сөз. Тайқазанның авторы өз аты-жөнін жазуды да ұмытпапты.
Ал жуырда «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалаларын негізге ала отырып, атаулы датаға орай көрме ұйымдастырды. Ортағасырлық құнды мұраларды дәріптеу арқылы жас ұрпаққа тарихымызды таныту, олардың пайым-парасатын арттыру, елдік санаға баулу, өткен тарихымызға деген қызығушылығын оятуды мақсат еткен көрме «Қайта оралған жәдігер» тақырыбында Түркістан қаласының Әмір Темір атындағы жалпы орта мектебінде өтті. Қорық-музей қызметкері К.Әсетова әлемдегі ең үлкен қазан жайлы мұғалімдер мен оқушыларға әңгімелеп, көне мұраға қатысты тың деректермен бөлісті.
«Елбасы Н.Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласында кейінгі жылдары табылған тарихи жәдігерлер біздің бабаларымыздың өз заманындағы ең озық, ең үздік технологиялық жаңалықтарға тікелей қатысы бар екенін айғақтайтынын, бұл жәдігерлер Ұлы даланың жаһандық тарихтағы орнына тың көзқараспен қарауға мүмкіндік беретінін атап өткен болатын. Қорық-музей өткізіп отырған көрме де бүгінгі ұрпақтың тарихымызға тың көзбен қарауына, бабаларымыздың мұрасын терең тани түсуіне мүмкіндік жасайды», – дейді көрме ұйымдастырушылары.
Көрменің экспозициясына 50-ге жуық жәдігер қойылған. Олардың қатарында орыс саяхатшысы А.Кунның альбомындағы 1864 жылғы фотосуреттер мен 1935 жылы Тайқазанды Санкт-Петербургке алып бара жатқандағы мұрағаттық сурет бар және 1989 жылы Эрмитаж музейінен Тайқазанды шығарып жатқан сәтінің мұрағаттық суреті де қойылған. Сонымен қатар Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне келген тұлғалардың фотосуреттері және қорық-музейдің мұрындық болуымен 2009-2014 жылдар аралығында өткен жастар арасындағы қазақ күресінен республикалық «Тайқазан» турнирінің фотосуреттері, медальдары мен мұрағаттық құжаттары көпшілік назарына ұсынылды.
Түркістан облысы