• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Руханият 22 Қазан, 2019

Ғасыр эпопеясы

1048 рет
көрсетілді

Бүгін қазақ әдебиетінің классигі, көрнекті қаламгер, суреткер-жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов 95 жасқа толды. Ұлт әдебиетінің патриархы – абыз Әбені мерейтойымен құттықтай отырып, оқырман назарына айқарма беттегі материалдарды ұсынамыз.

Әлем әдебиеті өкілдерінің са­на­тын­дағы қазақ әдебиетінің клас­сигі Әбдіжәміл Нұрпейістің «Қан мен тер» атты эпикалық дәс­түрдің үздік үлгілеріне жүгінген дәуірнамалық трилогиясында ХХ ғасыр ішіндегі тарихи-әлеу­мет­тік, сая­си-қоғамдық түбірлі өзге­рістер, пси­хологиялық қай­шы­лықтар мен ға­ламат оғаш оқи­ғалар, апалаң-топалаң, ала­ғай да бұлағай сойқан заманның жаншошыр­лық көріністері, ел, ха­­лық, жер, теңіз тағдыры барша шын­дығымен шы­найы, келісті жыр­ланған. Отаршыл­дықтың қамытын мықтап киген, ноқталы күйге түскен ұстараның жүзінде, иненің ұшында тіршілік кешкен тұтастай қа­зақ жұртының өлшеусіз күйініш-қа­сіретін, тақсірет-то­зағын айтқанда П.Я.Чаадаевтың фи­­лософиялық хатта­рын­дағы: «Россия бүкіл адамзат мойын­дай­тын заңдарды, шарттарды, жар­ғыларды жұла тартып, бұра тартып, өзінің мұрат-мақсаттарына жұ­м­сайды» дейтін жаны бар пі­кіріне бас шұлғисың. Азулы державаның қазақтың көргенді қа­уымын, зер­делі, сәулетті қоғамын, Ұлы да­­ла­ның асыл игіліктерін әлем-та­пы­рық, жөн-жосықсыз халге тү­сіріп, ұлт тағ­дырын қуыршаққа ай­­налдырғаны, ай мүйізді сер­ке­лерін «құлақ-шекеден соққы жеген жылқыдай қалтақбас» еткені «Қан мен тер» шығармасында зия­лы оқырманның сай-сүйегін, жан-жүйесін солқылдата жазады. Бұл орайда Ресейдің ойшыл қайраткері Лев Аннинскийдің «Нұрпейісов романы – дала психологиясының энциклопедия­сы. «Қан мен тер» – ұлт­тық ғарышқа тән мінездер галереясы» деуі қисынды, дұп-дұрыс.

Ғасыр кітабында алтын ба­лық үйірін­дей шоқтығы биік да­ра кейіпкерлер шо­ғыры бар: өсу, өркендеу жолында өне­гелі, өре­лі тұлға дәрежесіне жеткен ер мі­незді, жаны ақ шүберектей Ела­ман, көзқарасы, танымы, ұстанымы ор­тақ, тағдырлас, мұраттас, тілеуқор Дос, Мөң­ке, Рай, Кәлендер; ақылды да ай­лакер, сері, жер түбінен ойлай­тын Тә­ңір­бер­ген; оның ағасы «Қа­ратаз», «Қойлы таз» атанған мың­ды айдаған дәу­летті бай, болыс Құ­дайменде мен Алдабер­ген софы, маң­дайының соры бес елі, өмі­рі шы­тырман-шырғалаңға толы, қара да­уылға қарсы ұшқан қырандай қай­­сар, басына бұлт үйірілгіш, сү­рінгіш, бей­нетқор, ақ манардай Ақ­бала; суға бат­пайтын, отқа жанбайтын Судыр Ах­мет, жақынды үйіріп, алысты қайы­рып, үзігіңді жалғап бүтіндейтін ел жақсылары «халық атасы» Есбол қария, қара емендей Сүйеу қарт, «аузы дуалы» Әліби, бейпіл ауыз Қарақатын, аб­залдық пен адамгершілік қа­сиет­тері жоғары Достың анасы ақыл­ман Ақ кемпір, Алла мінсіз жа­ратқан лағыл-гауһар Айғанша, орыс саудагері Тентек Шодыр (Федоров), Курнос Иван мен татар сау­дагері Темірке, қазақ саудагері Ебейсін, жалшы Жалмұрат Шал­қар шаһарындағы жұмысшы қоз­ғалысы жетекшілерінің бірі – адуын өзімшіл, өктем, өркөкірек Мюль­гаузен мен қарт жұмысшы Ознобин және т.с.с.

Иә, алуан-алуан кейіпкерлер, тағдырлар, характерлер, мінездер. Әр­бір кейіпкердің болмысында, іс-әрекетінде, мінез-қылығында, дағды-машығында, көзқарасында, дүние­танымында халықтың әлеу­меттік тағдыры бар. Тарихи-әлеу­меттік, саяси-қоғамдық ортаның әсе­рі, суреті бар. Ұлт суреткері Әб­діжәміл Нұрпейіс әрбір құбы­лыс­тың, әрбір оқиғаның, жағдаяттың бүге-шігесін, себебін, негізін ыжда­ғат­тайды, хас тамыршыдай дөп түседі.

Мысалы, Еламанда тектілік бар. Әкесі Науан Сүйеу қызы Ақ­ба­ла­ны атастырады. Ол Құдай­мен­денің жылқысын бақты. Бір­де Құдайменденің Ұлы  құм бойын­дағы құдасынан қалап алған жел жетпес жүйрігінің қарнын көк­жал қасқыр жарып кеткенде Құдайменде:

– Әй, ит! Сен үйірге салатын айғырым ба едің?

 Сен менің жылқышым бола-сың, – деп ақырып, Еламанды қам­­шымен қақ бастан тартып жі­бе­ріпті».

Еламан да бурадай буырқанып, шамырқанып атына қарғып мініп, Құдаймендеге барыстай атылған екен.

– Әй, Құдайменде!.. Жылқың әне! Дүние кезек. Күнім туса, көрермін, – деді де, Еламан ат басын бұрып, құйындатып, ала жөнелді».

Енді Еламанның өмір жолы басқа бір арнаға ойысты. Промсал ашқан оралдық бай орыс Тентек Шодырға жалданды. Орыс-герман соғысы тұтанып, балықтың бағасы да шарықтап кеткен еді.

Балықшылар Еламан, Мөңке, Рай, Дос, Құлтума теңіз үстінде. Балық тапсыратын сарай – мұзқала бар. Теңіз – қазақ жерінде, игіліктері – жат қолында. Балықшылар бір асымдық балық алса, Федоровтікі деп.

– Бұл жаққа мен иман іздеп келгем жоқ, – Ендігі жерде менен ұлықсатсыз бір шабақ алмайсыңдар – дейтін.

Тентек Шодырдың балық­шы­ларды қорлауы, масқаралауы тө­тенше еді. Мысалы, Мөңке мен Әлиза шиеттей тоғыз бүлдіршінін жер қойнына беріп, енді сүт кен­жесінің шырағы сөнгенде жерлеуге де мұрсат бермей, Тентек Шодыр ос­падарлық жасап, балықшыларды мұз үстіне шығармақшы болып, сүзеген бұқадай Еламанның ар-на­мысына тиіп: «Аз-и-ат! Дикарь!» деп жағынан осып жібергені бар.

Жел қуған қаңбақтай Тентек Шодырдың жайын жас офицер Федоров былайша пайымдайды: «Енді бақса... әкесі байғұс, керек десе көзі тіріде адамға ұқсап дұ­рыс өмір сүрмепті. Қатын, бала ан­да, өзі бұнда. Ат аяғы жетпейтін қу далада тілі, діні бөлек жабайы халық арасында есіл-дерті мал табам, бай болам деп жанын жалдап жүргенде, ақырында кісі қолынан қаза тапты. Сүйегі далада қалды. Күл шыққандай, өлігін де ауыл сыртындағы төбенің басына апарып, тізеден қазған шұқырға көме салыпты. Қабір басына шанышқан ағаш кресті де осы ауылдың түйе­лері сүйкеніп құлатып кетіпті».

Сөз зергері Ә.Нұрпейіс жас офи­цердің түрін, кескінін, кекесінін, өзімшілдігін және Құдайменде, Темірке, Ақсақ Жагорлардың «жел соқ­қан қамыстай жапырылып, иі­ліп-бүгіліп» жатқанын қызғы­лықты суреттейді.

Еламан мен інісі Райдың қол-аяғын кісендеп Шалқарға айдап бара жатқанда түйе қораға қамайды.

Айғаншаның анасы:

– Бұл үйге қонғыларың келсе, бар, барыңдар, аналарды алып келіңдер! – деді ақырып.

– Қария-ау, олар кісі өлтірген, қылмыс...

– Өй, қарабет! Имансыз. Қан­ша кісі өлтірсе де, олардың қылмы­сы сендердің қара жүрек, тас бауыр­лық­тарыңнан артық болмас.

Асылы, кейуананың сөзінде ізгіліктің жұпары ескендей.

Жазушы Ә.Нұрпейіс Еламан мен ойы озық кемпірдің арасындағы диа­логты былайша өрбітіп өрістетеді:

– Қадірлі ана, біз теңіз жағасын­да тұратын балықшылар ауылынанбыз.

– Е-е! «Адамның басы – Алла­ның добы». Не боларына кімнің көзі жеткен, – деді кемпір. Сәл отыр­ғасын жүзін Еламанға қайта тіктеп – жөніңді білмесек те  жүзіңді бірінші рет көріп отырмын. Қайдан білейін, адам аласы ішінде ғой. Түріңе қа­расам, иманмен қаптап қойғандай екен, – деп еді кемпір, Еламанның үсік шалған беті сұрланып, біраз отырып барып:

– Кісі өлтіру кәсібім емес еді, қадірлі ана. Құдіреті жүріп тұрған­дар оған қойды ма деп, демі дірілдеп тоқтады да, – қысқа күнде қырық өле бергесін, қайтейін, тым құрыса, бірін өлтіріп жастығымды алып жат­қым келді. Қадірлі ана, біздің жайымыз осы, – деді.

Кемпір үлкен ұлы Төлеуге қой сойғызып, қонақасы бергізеді.

Кемпір Еламанмен емен-жар­қын сөйлесіп отырып: – Бір істі істеп салған екенсің, шырағым. Оң-терісін біз қайдан білейік. Тек, әйтеуір, өзіңнен төмен әлдекім­дер­ден қорлық көріп, күнде-күнде өле бергенше, бір тірлікте бір өлген де дұрыс шығар, – деді.

Ол тәжірибе, түйсік, ақыл, қаза­қы мінездің сөзін жеткізген.

«Қан мен тер» ұлттық эпопеясы­ның бірінші кітабы «Ымыртта» Құдай­менденің болыс сайлануы, Тәңірбергеннің әкесі Абыралы най­загер мен Еламанның әкесі Науанның айқасы, Мөңке қасіреті, Кәленнің Құдаймендені жуан дойыр­мен қақ бастан қақырата сілейтуі, Тәңірбергеннің болыс аға­сы Қаратазға Кәленнің көзін жой деп кеңес беруі, олардың урядник ал­дында жалпақтауы және Кәлен мен Еламанды оңдырмай сөгуі, Кәлен, Мөңке, Тәңірбергеннің ұшы­расуы, Пешір мен оқыған жігіт Жа­сағанбергеннің жалған айтуы, кей ретте Пешір бала Кәленді қол-аяғын матап ұстауға оқталғанда Жасағанбергеннің «Сені де халқың оқыған, көзі ашық азаматым дейді-ау! Орыс тілін сен өз әлсізіңді талау үшін үйренген екенсің ғой» деуі қандай әсерлі, Кәленнің тұлғасы мен істері туралы мәліметтер, сер­піні сегіз Құдайменденің Ебей­сін үйінде Кәленді соққыға жы­ғуы, Еламанның Сібірге айдалуы, Тәңірбергеннің Ақбаланы үйіне кіргізіп алуы, Әлібидің қы­зы Бөбектің ұзатылу тойы, Ақ патша­ның қазақ жігіттерін солдатқа алуы, Еламанның елге оралуы, Кур­нос Иванның қаныпезерлігі яғни бір бөшке қарамайды теңіз жағасындағы ел рыздығы қамысқа от қоюы, Ақ патшаның жазалаушы отрядының күлпаршасы шығып ойсырауы, Кәленнің әскери өнері мен өнегесі, Судыр Ахметтің Кәленді «Абылайша ақ киізге көтеріп хан сайламақ» ниетінің болуы үздік суреткерлікпен өрнектеледі.

«Сергелдең» романының тақы­рыптық, сюжеттік оқиғаларына ден қойсақ, мұнда қоңторғай ха­лық­тың атақонысынан ауа кө­шуі, жоқшылық, қайыршылық, тас­бауырлық, неше түрлі алым-салықтың көбеюі (мысалы, ақ қой салығы), жұмысшылар ереуілі, он алтыншы жылы қара жұмысқа жегілген жігіттердің елге оралуы, Тәңірбергеннің Еламан мен Кә­лен­нің көзін құртуы, Ақбаланың үсті-үстіне тағдырдың талқысына ұшы­рай беруі, безбүйрек Ебейсін­нің Сүйеу қартты табалауы, «кісі көңілін әріден топшылайтын», «жер түбінен ойлайтын» Есбол қа­рия­ның Шалқарға Еламанды іздеп келуі, балықшылар ауылының қыс­қа күнде қырық қырқысып, бере­ке-бірліктен айырылуы, Мюль­гаузен мен Еламанның жаға жыртысуы, Селиванов Еламанды револю­ция­лық күреске тартпақшы еді, бірақ оған Еламанның көнбеуі, «ескі қыстау – елдің құты» дегендей Ела­манның «Нелер заманнан ата-бабалар жайлап, ұрпақ өсірген, өскен, өнген жеріне» оралуы, ғазиз жандармен дидарласуы, Сүйеу қартпен амандасуы, түрікпендер қаһары, шапқыншылығы, дәстүрі суреткер Ә.Нұрпейіс тілімен айтқанда, «беті бір қатты заманның кейпі» кеңінен кемел сипатталады.

Зобалаң заман, қан кешу, қазақ­тың қасиетті жеріне от пен судай шарпысқан ақтар мен қызылдардың өңмеңдеп, баса-көктеп халықты қанжоса қырғынға, ашаршылыққа, үркіншілікке, дағдарысқа ұшырату жайы «Күйреу» романында көр­кем­дік қуатпен, өнерпаздық құлшы­ныс­пен жырланады. Дәуір даусындай романның басты кейіпкерлері – Мюльгаузен, орыс-түрік соғы­сында полк басқарған Хан – Дауров, Ознобин, Селиванов, Дьяк­ов, гене­рал Чернов, ротмистр Рошаль және де адмирал Колчак (жазу­шы Колчак образын сомдау мақ­сатында Жоғарғы ставкада қыз­мет істеген генерал-лейтенант, барон Алексей Будбергтің күнде­лігіндегі мәліметтерді пайда­лан­ған) пен Атаман Дутовтың әс­кери қимылдары турасында. Сонымен қатар сол бір заман­ның айғағындай, айнасындай, куәгеріндей «Күйреудің» көр­кемдік-эстетикалық мазмұны мен архитектоникалық-құрылы­мы­на жойқын қызмет жасайтын бел­омыртқаға лайық қаһармандар: Еламан, Ақбала, Тәңірберген, Жасағанберген бар. Оқиға осынау кейіпкерлердің қатысуымен өрістейді.

«Қан мен тер» трилогиясының көркемдік-стильдік бітімінде, суреткердің философиялық ойлау жүйесінде, сөз саптау мәдениетінде қымбат әсер тудырарлық, те­рең­ ойландырарлық, дүние-жал­­ған­ның, кейіпкер жанының ыр­ғағын түсіндірерлік, заманның, қоғам­ның, тарихтың, ұлттық дү­ниетанымның, дәстүрдің мән-ма­ғынасын ұқтырарлық мейлінше іш­кі сырға, астарға, ишаратқа, иі­рімге, әуезге, суретке, пікірге бай барынша оралымды, көркемдік қуат­қа кемел кесек-кесек, түйдек-түй­дек поэзиялық сипаттаулар, мең­зеулер, шендестірулер, салыс­­тырулар, теңеулер, метафоралар, философиялық афоризмдер жет­кілікті. Әбдіжәміл Нұрпейіс әрбір ой орамы, сөйлемі, сөз қолдану тәсілі ұшқыр түйсікке ие суреткерлік көз­қарастан, философиялық жіті пайым­нан, артықша зерделілік пен зе­ректіктен туындайды.

Академик-жазушы Зейнол­ла Қабдоловтың көрсеткеніндей, Нұрпейісов трилогиясы «ота­ны­мыз­дың ғасырлық тарихының ай­насы» деуінде көл-көсір сыр бар. Жазушының әрбір сөзінің көр­кемдік қызметі мен мақсаты да өзгеше. Осы орайда «Ымырт» ро­манының құлақ күйі іспетті «...Бе­тім-ай!.. Масқара-ай!..» дейтін Қа­рақатынның жан дауысын­дай айбарлы айғайы шыл­бырын ұс­татпайды. Егер де шығар­ма­ның тұтастай әлеуметтік-идея­лық мазмұнына, заманның кесір-кесапаттарына, мыңдаған машақат­тарына, халықтың трагедиясына ой көзімен барласақ, шынтуайттап келгенде, зарлы заманның сұлбасын елестететін налыс, сөгіс толғау.

Әр кейіпкердің өзіндік болмы­сы, өзіндік көзқарасы, өзін­дік бай­лам-түсінігі, өзіндік әре­кеті, өзін­дік дағды-машығы бар, өзін­дік ойлау мен сөйлеу мәне­рі бар. Бұ да Әбеңнің роман жанры­ның көр­кемдік шарттарын, кие­лі ұлық қа­сиет­терін жүйрік меңгерген­дігінің дәлелі.

Айталық, Құдайменденің тұр­мыс-тіршілік, өмір жолындағы ұстан­­ған мақсат-мұратын: «Қаратаз дүние боғын домалатқан қара қоңыз емес пе?!» деп бір сөйлеммен қайы­рады.

Судыр Ахметтің адами қалпы Бижа­малға айтқанынан-ақ көрінеді:

«Оу! Ой! Бижамал-ау, теңіз... бұл теңіз ше... үй іргесінде шалқып жат­қан көк теңіз бар-ау, түбі жоқ ыр­­зық қой. Көктен салбырап түсіп тұр­­ған несібең ғой... Пісулі асың ғой».

Әбең өз кейіпкерлерінің сыртқы түр келбетін, көрініс-кейпін, мінез-құл­қын, моральдық-психологиялық ерек­шеліктерін, жүріс-тұрысын, сонымен қатар кейіпкердің характерін түрліше жағдайлар барысында, күрделі, қат-қабат тартыстарда сын талқысына араластырып, атан түйе көтеретіндей зіл батпан бейнет пен азапты үйіп-төгіп шеберлікпен әсер­лі бейнелейді.

Серілік пен көкжалдықты бол­мы­сына дарытқан жас жайнақ Кәленді «Әр талы айғыр жалындай сұйық мұрт тікірейіп, қара сұр бұ­жыр беттің түсі қатты бұзылып кет­кен екен» деп суреттейді.

Аталы жұрттың басы, алтын ердің қасы Сүйеу қарт хақында: «Ап­пақ қудай шалдың сақал-шашы ту сыртындағы терезеден түс­кен қысқы күннің сәулесіне шағылысып, қақ төрде қазықтай шаншылып апты? Үйіне келген Ебейсінді көзге ілмеді. Жүрек түк­пірінде Еламан мен Райдың ұсталғаны мазасын әбден алған-ды. Іштей ыза буып, Ебейсінге көз қиығын қадайды. Осы бір мезетті: «Көз қиығында: «Жұрт сені төре деп төбесіне көтере берсін. Өзің де төре болуға тырысып, өңіріңе жез түй­мелеріңді жалтыратып таға бер... Бешпет, шалбарды да сыптай ғып тарылтып, қанша тыраштансаң да, сен әлі шіп-шикі баласың» деген кекесін тұрғандай» деп, қарттың ішкі ойын паш етеді.

Бір ұрты май, бір ұрты қан, бір қолымен от көсейтін, бір қолымен шоқ көсейтін Құдаймендені «іркіт құйған местей, лықылдап майға бөк­кен денесін әрі-бері шайқап, ырқ-ырқ күлді» деп келістіріп жазады.

Судыр Ахметтің образын тама­шалайық: «Өн бойында ойдағыдай ғып жаратқан бір мүше жоқ екен. Не артық жасап арбиып, не кем жа­сап ойсырап мін боп тұр; бір бас пен бір бет алдының өзінде талай оғаштық бар; ұстарамен тықырлап алғызған басы шақшақайдың жұ­мырт­қасындай көгіс; төбесі сопаң; құлағы тым рабайсыз үлкен; ақ жарғақ, аламан құлақ алыста әлдебір дыбысты сезгендей елең етіп, ілгері ұмтылып тың тыңдап қалғандай». Бұл – портрет психологиясының классикалық үлгісі.

Арал теңізі қазақтың ырыздығы еді. Ата-бабаларымыздың өсіп-өр­кен­деген өлкесі еді. Осы бір келелі ойды Кәлен былайша кестелейді: «Ау, Арал, қарашекпеннің байы қа­зып шығарған теңіз емес, құдай бер­ген бәрімізге ортақ теңіз емес пе?».

Немесе: «Қаракөздер мен айна­көздер де қыз өңіріне қадаған күміс теңгедей жылтылдайды»...

Ебейсіннің «тоңы ойылма­ған­дай тобарсыған беті бүлк етпеді» деп жазады. Тағы да «бөккен бал­шықтай» деп үстемелей түседі. Нағыз қайырымсыз, жүрегі елжі­ре­мейтін жанның бет-әлпетін, яғни көн бетін айнытпай келісті кел­тірген. «Жалғыз түйелі шолақ көш­тің ішінде Қара кемпір мен шиеттей балаларды үйіне жолатпаған-ды».

Достың татар саудагері Темірке турасында: «Иә, Темірке деген құр­дым шықты ғой. Құдайдың көк теңізін де бұйыртпай, өзіне еншілеп алды» дегенінде, қазақтың өз қолы өз аузына жетпегенінің дәлелі.

Софы Аллаярдың «Мағына ке­нінің кілті – тіл, оған бір нүкте артық түссе зиян болады» дегені бар. Әбеңнің тұтастай көркем шығар­машы­лығына тән бір сипаты – сөзді дәл қолдану яғни ой мен сөздің үйле­сімін мұқият қадағалау, зерделеу, пайымдау.

Сөз – ойдың сәулесі, даналық­тың, көсемдіктің, көрегендіктің, естіліктің көрсеткіші. Көркемсөз ше­бері  Әбең ойдың асылын; сөздің шол­панын сұрыптап, іріктеп, ірісін, тірісін қолданады. Есбол қария, Мөңке мен Әлизаның оныншы баласы о дүниелік болғанда: «Сен өлген балаңа жылап жатырсың, менің, тым құрыса, молада да тілекшім жоқ екенін неге ойламайсың» деген сө­зіндегі атан ғана арқаларлық зіл салмақ бар десейші!

Тәңірбергеннің ағасы Құдай­мен­деге кеңесі: «Бақыт – басқа қон­ған құс, қолына шыбық ұстаған жас баладан да қорқады».

Еламанның тектілігі жөнінде айт­сақ, оның жетінші атасы Тойғо­жа батыр қызыл қырғын соғыста «жау марқайып кетеді» деп, са­дақ оғы тиген аяғын қанжығаға қайы­рып байлап тастап соғыса беріпті. Кейін ұшына тиіп, өлуге қарағанда би ағасы Қыдырбай сынықшы ал­ғызып, тізеден төменгі жағын кес­кізіп тастатқан еді. Сонан ел ара­сына «ақсақ бөрі» атанып еді. Той­ғожа батыр не үшін соғысты? Өмірі жорықта өткенде көкейіндегі арман не? Біз ше? Біздің нені ұтып, неден ұтылғанымызды кім біледі?»

Тәңірбергеннің алдамшы жал­ған жайындағы ішкі монологын тыңдайық:

«Ит өмірде мен қимайтын не қал­ды?» деді. Үстіндегі аспан ба? Шақырайған күн бе? Бедеу қатын­дай безеріп алған мына адыра қал­ғыр қара жер ме? Әлде, ұры тона­ған үйдей өзегі талған кісіге бере­тін бір жұтым суы жоқ шөл ме? «Опасыз дүние». Абзалы – көңіл торықпасын. Көңіл торықса – осынша дүниеден тырнақ ілінер түк табылмайтынын қайтерсің. Қызығы таусылғанда, бұ да көңілің суыған қойныңдағы қатыныңдай қадір де, қасиет те қалмай ма, қалай?

Адамның сірә да ақылына сый­май­тын түпсіз тұңғиықтың тереңі санаңа жетпейтіні белгілі. Ал... оның бергі жағы ше? Әлгінде аузы түкті кәпір алқымыңнан ал­ғанда есіңде ме, аспан небәрі ұл­тарақтай боп, дүние күйген терідей бүрісіп қалып еді».

«Әттең, не пайда, сен... иә, сен, тым құрыса, сол әлгі ұлтарақтай бү­рісе қалған аспанның ар жағында жат­қан жұмбаққа не санаң, не зер­деңнің жетпегенін қайтерсің...

Адамды адамға айдап салған біз емес, заман еді ғой. Оу, заманым қас­қыр болса, мен қалай көгендеулі қозы болам?

«Піссіміллә рахман рахим». Жа­ңа ғана шайып жуғандай көгілдір ас­пан иманы бетінде мөлдіреп тұр екен.

Жаратушы Ие-ау, ендігі ақиқат та, адалдық та аспанда қалған ба? Мырза Тәңірберген «Аспан әділ! Әділ!» деп, осынау опасыз сұм жалғаннан кеш байқаған бір шын­дықты жаһаннамға жар сал­ғысы келіп еді. Әт-тең дүние, үні шықпады...»

Әбеңнің «Әдебиет – әдеп» деп жаз­ғаны бар, әдеп бар жерде әділдік салтанат құрады. Адамзаттың аб­залдық қасиеттерінің ұлысы – әділ­дік. Заманның, қоғамның, адам бала­сының көркеюі де, жүгінері де – әділдік. Тіршіліктің бұралаң жолдары мен соқпағында темірқазық жұлдызындай адастырмайтын да – әділдік. Қалай болғанда да Тәңірбергеннің әділдікті, тазалықты мойындауы да тамаша бір шешім, есті тірілерге ерекше ескерту. Су­реткер қағидаты осы.

Ұшан-теңіз көркемдік тә­жірибе­лерге толыққан, жал­пы­халықтық тіл­дік қорына бай, ой-өрісі, қиял өресі, білімі байтақ, тарихи дерек­терге жүгінген, су­реткерлік көз­қа­расы кемел Әбді-жәміл Нұрпейіс­тің «Соңғы парыз» дилогиясында теңіздің тартылуы, өзен-көлдің сар­қылуы, жердің азғын-тозғын күй­ге душар болуы, топырақтың құ­рамында тұздың көбейіп, тұщы судың көзі құрдымға жоғалуы, киіктердің теңіздің ащы суын ішіп қырылуы, ырғалған қалың елдің ауа көшуі әлеуметтік-психологиялық тұр­ғыдан келісті өріледі. Шығарма сыр дариясы іспетті. Мұндағы бас­ты кейіпкерлер Жәдігер, Әзім, Бәкизат, Сары Шая, Қожбан, Көт­­кеншек Көшен соншалықты на­нымды, өзіндік мінез-құлық ерек­шеліктері мен сипаттарға бай. Негізінде, «Соңғы парыз» дилогия­сы дүркіреген дүлей жаһандану заманының зарлы жоқтауындай.

Тайбурылдың шабысындай шамырқанған қуатқа ие Әбеңнің «Курляндия» романынан бастап, «Қан мен тер» трилогиясына дейінгі, одан бергіде жалғасқан «Соң­ғы парыз» дилогиясында бір ғасыр­дың, бір халықтың тұтас тағ­дыры мен тарихы барынша сурет­керлікпен көрсетілген.

Асылы, халықтың көркем ойы мен ұлттық санасы тарихында абыз Әбеңнің шығармалары айрықша бір көркемдік мүлік.

 

Серік НЕГИМОВ,

филология ғылымдарының докторы, профессор