• RUB:
    5.51
  • USD:
    475.37
  • EUR:
    514.97
Басты сайтқа өту
Руханият 23 Қазан, 2019

Алаштанушы ғалымның белесі

825 рет
көрсетілді

Қазақ ғылымында зерттеу­шісін теңіз түбінен інжу-маржан сүздір­гендей қымбат қазынаға кенелте беретін бір тақырып болса, ол – Алаш тақырыбы. ХХ ғасырдың басында Алашорда өкіметін құр­ған алашшыл азаматтардың ұлт­қа сіңірген орасан еңбегін қай қырынан зерттесең де құнарлы, мазмұнды бо­луы­ның, індеткен сайын сар­қыл­мауының себебін тікелей ұлт мұратымен, ұлттық мүд­демен байланыстыра қарай­мыз.

Бұл орайда Алаш тақырыбына арналған әрбір еңбек қазақ қоғамы үшін де, ғылым үшін де маңызды. Елорда­дағы Ұлттық академиялық кітапханада өткен сондай маңызды шараның бірі ретінде «Алаш көсемсөзі» көптомдығының «Алаш кө­сем­сөзі: шаруашылық мәсе­лесі» IV то­мы­ның таныстырылы­мын атар едік.

«Алаш көсемсөзі» көптомдығы алаштанушы ғалым, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық уни­верси­тетінің профессоры Қай­рат Сақтың жетекшілік етуімен шығып жатқан сүбелі еңбек. Осыған дейін «Алаш көсемсөзі: жер мәселесі», «Алаш көсемсөзі: тіл мәселесі», «Алаш көсемсөзі: дін мәселесі» атты үш томы жарық көрген болса, енді оған «Алаш көсемсөзі: ша­­руа­шылық мәселесі» қосылды. Ал, «Алаш көсемсөзі: білім-ғылым және мәдениет мәселесі» атты бе­сін­ші том да әне-міне жарыққа шық­пақ.

«Алаш көсемсөзі: шаруашы­лық мә­селесі» жинағына «Түркіс­тан уалая­тының газеті», «Дала уа­лая­тының газеті», «Қазақ» газет­тері мен «Айқап», «Шол­пан», «Таң», «Жас Түркістан» жур­налдары сын­ды өткен ғасырдың ба­сында жарық көріп тұрған мерзімді басылымдарға шыққан мақалалар, қау­лылар мен қарарлар, басқа да ресми құжаттар топтастырылған. Мұндағы не­гізгі тақырып кітап­тың аты айтып тұр­ғандай – ша­руа­шы­лық мәселесі. Халық шаруашы­лығына қатысты негізгі жүлгелер ұлт зиялылары тарапынан қа­лың жұрт­қа жария боп отырған.

Шара барысында алаштанушы ға­лымның «Елу деген бір белес» атты кі­табы да таныстырылды. Ме­­рейлі ме­ре­кесі қарсаңында кі­тап­тарын шы­­ғар­ған алаштанушы ғалым бір жағынан ғы­лыми ор­таға есеп бергендей болды. Екін­­шіден, ұлт руханияты мен жур­на­­­листикаға сіңірген еңбегінің зия­лы қауым өкілдері мен әріп­тестері, достары, шәкірттері тара­пы­нан бағаланып, шы­найы лебізге айналғанына көңілі мар­­қайды. Аға буын қаламгерлер ара­сында Сұлтан Оразалы, Тұрсын Жұрт­бай, Оңайгүл Тұржан сынды ел­ге белгілі ақын-жазушылар деректі фильм арқылы алаштанушы ға­лымның шығар­машылығына тән ерекшеліктерді сөз етсе, әріп­тес­­­тері, замандастары арасын­да Аман­гелді Кеңшілікұлы, Әділ­­бек Ыбырайымұлы, Дихан Қам­за­бекұлы сын­ды қарымды қалам­герлер, ға­лымдар Қай­рат Сақтың Алаш тақырыбына қалай кел­генін, еңбектерінің ғылыми ортада қалай бағаланғанын әңгімеледі. Жасы кіші іні-әріптестері ғалымға жү­рек­жарды тілектерін жеткізді.

Академиялық кітапханада өт­кен шараны белгілі журналист Кен­же­бо­лат Жолдыбай жүргізді. Ша­раға ұлт зия­лылары, алаштанушы ғалымдар, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің оқы­тушы­лары мен білім алушылары қатысты.

 

Айгүл СЕЙІЛ,

«Egemen Qazaqstan»