Түрлі ұжымдарда қызметкерлер арасында қалыптасатын қарым-қатынастар әртүрлі болады. Кей жерлерде ол жайлы, адамдардың бір-біріне деген қимас жанашырлығы қалыптасса, тағы бір жерлерде ол қиындап, неше түрлі қысастықтар қолдан туып жатады.
Күнделікті өмірде байқамаймыз, ұжымдағы адамдар арасындағы қатынас негізінен басқарушылардың ілтипаты мен пейіліне байланысты болады. Кеңпейілді басшы болып, адамгершілігі зор болса, бағыныштыларына да сондай мінез қалыптасып, айналаның бәрінде жағымды, жайлы қатынас орнайды. Ондай жердегі адамдар көңілді, жұмысқа да ынтасы зор болады. Осындай мінез жаппай қалыптасқандықтан, еңбектің жетістіктері де зор болады.
Өзіміздің өмірімізде көрген сондай басшының бірі туралы айта кеткіміз келіп отыр.
Кезінде Қызылжар қаласында бүкілодақтық абыройы бар «Союзцелинвод» деген ауыз су тартатын трест болды. Оны бірінші күнінен құрып, жиырма бес жыл басқарған қазақтың нарқасқа азаматы – Қаттай Бектасұлы Кеншінбаев марқұм еді. Трест жалғыз Қазақстан емес, бір шеті Қап тауы, Орталық Азия елді мекендеріне дейін 16 мың шақырымның құбырын тартып, Гиннестің рекордтар кітабына да енген. Жалғыз су құбырын ғана емес бұл трест Петропавл қаласында жүздеген тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар тұрғызды. Егер Қаттай ағаның орнында басқа бір ұлттың адамы болса ол Еңбек Ері атағын да, тіпті лениндік сыйлықты да алған болар еді. Амал не, ол жылдары қазақ басшыларына деген салқын көзқарас өрістеп тұрған. Әсіресе, біздің солтүстікте қиын еді ғой. Сондықтан оны құрметтеу тек төрт рет орден берумен ғана шектелген. Тіпті орнына қызыққандар да көп болғанын білеміз, бірақ ағамыз «құрығына қылау салдырмай» дегендей 25 жыл бір орнында отыра алды. Сөйтіп қазақ азаматының инженерлік ақыл-ойы да басқалардан кем емес екенін дәлелдеп берген.
Біздің бұл жерде айтайын дегеніміз Қаттай Кеншінбаевтың еңбегі емес, ұжымында қалыптастыра білген адамгершілік ахуал еді. Трестің дәуірлеп тұрған жылдарында оған барған әрбір адам өзінің қадірін сезініп, марқайып қалатын. Өйткені бастықтың ілтипатымен қалыптасқан тәртіптен барлық қызметкерлер сыпайы, кез келген адамға құрақ ұшып, жылы қабақ танытатын. Келген жан бірден адамгершілік жылылықты сезінетін.
Ол кездегі кәсіпорындар адамды, оның қасиеті мен қадірін екінші орынға сырып, бірінші орынға жоспарды орындау мақсатын алға қоятын еді ғой. Қайтсе де жоспардан қалып қоймау, оны уақытында орындау міндет болатын. Барлық құрмет, сыйақы, тіпті еңбекақы да соған байланып қалған. Егер жоспар орындалмаса соның бәрі адыра болып, мақтаудан, құрметтеуден қағыласың. Тек жоспарды орындағанда ғана жақсы бастық, жақсы қызметкер, жақсы маман атанасың. Басқа дүние көзге ілінбейді. Осындайға басы-бойымен беріліп кеткен бастықтар адамгершілік қатынастарды, сыпайылықты қайтсін. Барлық ақыл-ойын, күш-жігерін жоспарды орындауға бағыттап, ащы дауыстары да шығып жататын.
Тек Кеншінбаев сияқты текті, асыл адамдар ғана адамгершілікті алға қоя білген еді. Көргенді адам көлденең сөзге бармай, тек ақыл-оймен, білім-білікпен ғана жол табатын. Соның өзімен ол таудай қиындықтарды еркін еңсеріп, кәсіпорны үнемі алда жүретін. Әрі жоспарды орындап, әрі адамгершілікті сақтап, тіпті оны барлық ұжымына да еге білген ол сол замандағы айрықша жан еді.
Ағаның өзі де сондай қарапайым болатын. Бірде «өзіңіз туралы айтып беріңізші, сіз феномен адамсыз ғой» дегенімде, ол жымиып күліп, кейін айтармын деп әңгімені басқа тақырыпқа айналдырып жіберген еді.
Суырылған шешен де емес екенін көргенбіз. Мінберден сөйлегенде дауысы қарлығып, тамағын жиі кенеп тұратын. Көсемдік көрегендігі де көзге түскен емес. Тек оның ішкі жан дүниесінің қуаты күшті болған сияқты. Сонымен бірге ол өз мамандығын жетік меңгерген еді. Егер ол аяғын сәл ғана шалыс басқан болса итеріп қалуға дайын тұрғандар ол кезде көп болатын. Ауқымды ойлай білетін ой-жүйесі де өзі атқарған алып істерді еркін меңгеруге мүмкіндік берген болуы керек. Трестің табысы жыл өткен сайын артып, оның демеушілік қарымы арта берген.
Жуырда бір танысым: «сен білесің бе, біздің облыста ең алғашқы «Джип» машинасын Кеншінбаев алды ғой. Миллионер кеңшардың директоры неміс Паль одан кейін алған», деді. Осыны естігенде «қайран Қаттай ағай-ай, сіз бұл жерде де қазақтың намысын қолдан бермеген екенсіз-ау» деп мен тебіреніп қалдым.
Қазір «табысты лидердің» қандай қасиеттері болу керек деген сауалға интернет бетінде жүздеген жауаптар жүреді. Соның бірінде көшбасшының ең басты қасиеті – жұмыстан тыс уақытта бағыныштылармен жылы, достық қатынас орнатудың маңызы зор екенін жазады. Қаттай ағаның қоластында істегендер де оның ұжыммен бірге болып, жиі-жиі табиғат аясына шығып тұратындарын жазады. Сондайда ағамыз бағыныштыларының тұрмыстық хал-ахуалдарын сұрап, жақын әңгімелесіп, қиыншылық көріп жүргендерге міндетті түрде көмек жасайтынын айтады.
Біздің облыста алғашқы отбасылық балалар үйін ашу қолға алынғанда да оларға арналған коттеджді Кеншінбаев салдырып берген еді. Қай жерде жаңадан ашылған игілікті іс болса, соның басында Қаттай аға жүретін.
Қазір осындай басшылар бар ма деген сұрақты өзімізге жиі қоямыз. Әрине, бір кезде дамудың локомотиві жоспар болса, қазір үлкен табыс. Қайтсе көп ақша табамыз деген басшылар басқаны ойламайтын секілді. «Бар жақсы байлықтан да, биліктен де, бар істі ақша бұзар киліккенде» деп Абай данышпан тегін айтпаған ғой.
Солтүстік Қазақстан облысы