• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Технология 31 Қазан, 2019

Үшінші мегаполисті үздік технология түлетеді

196 рет
көрсетілді

«Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Ақылды қала» жобасы қабылданғаны белгілі. Осы «Ақылды қала» жобасының 5 негізгі бағыты бойынша Шымкентте бірқатар жұмыс атқарылуда.

Әуелі адам капиталының әлеуетін арттыру мақсатында шаһарда екі ірі жоба қолға алынды. Денсаулық сақтау саласына басымдық берген 2 жобаның алғашқысы Жедел медициналық қыз­ме­тін жаңғырту. Осы жоба бойынша жедел жәрдем машиналары заманауи жаб­дықтармен жасақталып, автоматтанды­ру жұмыстары жүргізілуде. Бірыңғай Саll орталық құрылады. Жедел қызмет көр­сету орталықтары қанша қоңырау шалу­шыға қызмет көрсетті, машиналар қанша уақыт­та жетті, қай жерде кешікті деген сын­ды барлық жұмыс бақылауда болады.

Қалада 36 медицина мекемесі бар. Бүгінгі таңда оларды компьютерлік техникамен жарақтандыру – 63 пайызды, интернет жүйесіне қосылған ұйымдар мен жергілікті ақпараттық жүйелермен қамту деңгейі – 100 пайызды құрап отыр. Жеке-жеке электронды түрде есепке алу, есеп беру ақпаратын жүргізуге көшкен ұйымдардың үлесі 3 пайызды, халықты электронды төлқұжатпен қамту деңгейі 83 пайызды, электронды рецепт үлесі 55 пайызды көрсетті. Бұдан бөлек халық арасында көп сұранысқа ие 3 жүйені қолданысқа енгіздік. Ол: дәрігерді үйге шақыру, тіркелу, дәрігердің қабылдауына жазылу. Мұның барлығы электронды түрде жүзеге асады. Ұялы қосымша арқылы халықты скринингтік тексеруге шақырып отырамыз. 20-60 жас аралығындағы, 5 жасқа дейінгі балалары бар ата-аналарға және жүкті әйелдерге арналған арнайы кеңес беретін ұялы қосымшалар іске қосылды. Нәтижесінде, қол жеткізген көрсеткіштер көңіл қуан­та­ды. Барлық аурухана қағазсыз жүйеге көшті. Смарт технологияларды қолдану арқылы скринингтік тексеру жасар алдында онкологиялық аурулардың алдын алу көрсеткіші 50 пайызға жетіп отыр», дейді қалалық цифрландыру басқармасының басшысы Айнұр Юсупова.

Білім саласын цифрландыру бойынша Шымкент қаласы көш бастап келеді. Жүйе үш бағытта жүргізілуде. Тарқатып айтар болсақ, бұл мектепке дейінгі, орта білім беру және орта кәсіптік білім беру саласы. Мектепке дейінгі цифрландыру­да балаларды балабақшаларға кезекке тұрғызу, жолдама беру шаралары атқа­рылуда. Бұрын баланың бақшаға бар­ға­ны туралы ақпарат тек қағаз жү­зін­де жүрсе, қазір барлық дерек электронды базада бар.

Мектептерге электронды журнал жү­­йе­сі ен­гізілді. Мұғалім мен ата-ана ара­­сын жа­қындастыру мақсатында ұялы тех­нологиялар қолданылады. Бала са­бақ­­қа кешік­кен, келмеген жағдайда ата-анасына хабарлама жіберіліп, са­бақ­тан қалу факті­лері азайды. Тағы осы бағыт бо­йынша бірінші сыныпқа қа­был­дау, басқа мектепке ауысу секілді жұмыстарды жеңілдетеді.

Бүгінде Шымкентте жол-көлік оқиға­л­ары мен жол ережелерін өрескел бұзу фактілері азайған. Бұған тікелей «Сер­гек» интеллектуалды бейнебақылау жүйе­сінің орнатылуы себеп болды десек қате­леспейміз. Алайда, «Сергектің» орнатылуына, оның қалыпты жұмыс істеуіне кедергі келтірген тұрғындар да аз емес.

«Жаңа камералар қо­сылмай жатып қирап қалған факті де тір­кел­ді. Жаңа қондырғы зауыт­тық ақаудан емес, бұзақылардың қолымен бұзылған. Айта кетерлігі, «Сергек» жобасына мемлекеттен қаржы қаралмаған. 2018 жылы қала әкімі мен «Көркемтелеком» компаниясы арасында түзілген меморандум арқылы жоба жүзеге асты. Ал Полиция департаменті қаладағы жол апаты жиі болатын жерлерді белгілеп берді», деді А. Юсупова.

Басқарма басшысының айтуынша, үшін­ші мегаполистегі цифрландыру жұ­мыстары жоғарыда айтылған бағыттармен тоқтап қалмайды. Қазір «Ақылды» көше шамдарын орнату жобасы жүзеге асып жатыр. Жоба толық жүзеге асқан жағдайда 60 пайыз электр жүйесі үнемделмек.

Қолға алын­ған жақсы іс­­­тің бірі – «Мейірім» жо­­­­­­­­­­ба­­сы. Бұл жо­ба бойынша, әсіресе нау­­қас­танған адам­­дарға кө­мек қо­лын со­зу шаралары жа­салған. Мы­салы, қазір ерік­­­тілер кө­­шелерде қолма-қол көмек қара­жа­тын жи­нақ­тап жүр. Біз қанша қаржы жиналғанын, қайда кетіп жатқанын білмейміз. Осындай келеңсіздіктердің алдын алу үшін «Мейірім» жобасы ойластырылды. Бұл жобаға көмекке құштар науқастар тіркеледі. «Мейірім» арқылы кімге қанша қаражат керек екендігін, қандай ауруға ұшырағанын біліп, қолыңыздан келгенше көмек көрсетіп, электронды түрде қаражат аударып, әрі қарай ол қаражаттың қандай емге жұмсалып жатқанын қадағалап отыруға болады, – деді ол.

А. Юсупова «Туристік портал» сервисі туралы да айтып берді. Портал жалпы туристік ақпаратты 3 тілде ұсы­нып, туристердің онлайн тапсырыс беруі­не, такси шақыруына ыңғайлы болмақ. Аталған порталға қала картасы мен жол жүру кестесі енгізілген.

«Жақында ғана қалада Бизнес супер­мар­кеті ашылды. Бұл жерде барлық кәсіпкерге бір жерден қызмет көрсету, заңды тұлғаларға қажетті лицензия беру, тағы басқа да қызметтер көрсетіледі. Арнайы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтары құрылды. Алдын­да Достық елді мекенінде ғана қызмет көрсету орталығы болатын. Енді бұл ашыл­ған орталық кезек күтуді 30-40 пайызға жеңілдетуде», деп түйіндеді.

 

 ШЫМКЕНТ