• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 31 Қазан, 2019

Қоян бағып та қоңдануға болады

649 рет
көрсетілді

Жастар жылында ел еңсесін көтеруге айтарлықтай септігі тиіп жатқан демеудің бірі – «Zhas Project» бағдарламасы. Жолсапарға шыққанда осы бағдарлама арқылы алға ұмтылған жастарды көріп, көңіл демдедік. Қолынан келіп жатса, кәсіптің жаманы жоқ. Қоян бағып та қоңдануға болады екен.  

Біркелкі, ұқыпты жасалған тор­дың арғы жағында жыпырлаған үй қояндары астарына көпірте салған, хош иісі көкірегіңді керетін көк шөптің үстінде жатыр екен. Алдарындағы кішкентай ыдыстарға салынған арпаны қаужап қояды. Ірі, етті тұқым. Петровка ауылының тұрғыны Иван Штаховский орта мектепті бітіргеннен кейін өмірден өз жолын іздеп, сан кәсіптің жалына жармасып көрді. Алдынан жұмыс үркіп, босағасына береке байланған замандастарына қарап қызығатын. Қолынан іс келгенімен, бастапқы қаражатың болмағаннан кейін бір шаруаны тиянақтап бас­тап кету қиын екен. Жаз ортасында құрдастарынан мемлекет тарапынан жастарға жап-жақсы қамқорлық жасалып жатқанын естіген. «Zhas Project» бағдарламасының мән-жайын аудан әкімдігіне барып білді. Түбегейлі түйсінген кезде жерден жеті қоян тапқандай қуанған. Қоян демекші, бұрын да үй қояндарын бағып көрген. Еш қиындығы жоқ, әрі бұл өңірде таңсық дүние.

Бағдарлама бойынша алғашқы 500 мың теңге қолына тиген соң үй қояндарына арнап үйшіктер жасады. Қолынан көп нәрсе келетін Иван тор­­ларын өзі тоқып, атқан оқтай түп-тү­зу қы­лып бекітті. Бұрын қурай ба­сып жат­қан үй ор­нындай жерге қоян қорасын са­лып жатыр. Енді төбе­сін жауып алса, баспананың жайы шешіл­гелі тұр.

– Калифорния қояндары, – дейді жас кәсіпкер Иван, – отыз бас аналық тұқым сатып алдым. Әрқайсысы 7 мың теңгеден. Ісім оңғарылып кетсе, аналық үй қояндарының санын екі мыңға жеткізбекпін. Бағдарламаның тәртібіне сәйкес, бұл іске көмекшілер беріледі екен де, олардың әрқайсысына стипендия төленеді. Қандай тамаша! Шын мәнінде бұл ауылдардың еңсесін көтеретін бастама. Мысалы, біздің ауылдағы білім ошағында қазір 40 бала ғана бар. Өйткені жастардың бәрі аудан орталығына, Нұр-Сұлтан қаласына кәсіп іздеп көшіп жатыр. Енді осындай бағдарлама арқылы ауыл жастары қол қусырып қарап отырмай, пайдалы кәсіппен айналысатын болса, қоныс аудармай, тұрақтап қалмай ма? Жастар қалса, мектептегі бала саны да көбейеді. Мұндағы жалғыз табыс табатын жер, мектеп қана ғой. Мектеп жабылмаса, мұғалімдер де, ата-аналар да орнығып отырады. Демек, бағдарлама жалғыздың емес, жалпының жағдайын ойлайтын, шарапаты мол дүние.

Кәсіпкердің айтуына қарағанда, қолындағы қояндарға әрқайсысы 350-400 килолық екі бума шөп, жарты тоннадай арпа қажет. Ал қоянның көбеюі тез. Етін сатуда да ешқандай қиындық тумайтын түрі бар. Өйткені ат тұяғы жететін жердегі сауда сөрелерінде қоян еті сатылып жатқан жоқ. Бұл өзі адам ағзасына өте пайдалы, жеңіл ет болып есептеледі. Қоян бағудағы өз тәжірибесі бар, оның үстіне әлеуметтік желіден көріп үйренгені бар, жас кәсіпкер қазір алдынан әлдебір қиындық шығар деп отырған жоқ. Айтуына қарағанда, үй қояндары суықтан қорықпайды, тек өңменіңнен өкпек жел соғып тұрмаса болды.

– Алдағы уақытта басқа қояндарды сатып алып, тұқымын жетілдіремін. Сөйтіп  өз алдыма жаңа қоян тұқымын шығаруды армандаймын, – дейді жас кәсіпкер, – табысым толымды болуы үшін қоян етін сатып қана қоймай, оның терісін де илеп, бас киім, ұлтарақ, қолғап, бөкебай, тағы басқа күнделікті қажетті заттарды дайындағым келеді. Қазір осындай дүниелер жасауды ептеп үйреніп жүрмін. Біздің Балкашин төңірегі табиғаты тамаша өңір ғой. Егер жер­гілікті жерде туризм дамып, алыс­тан ат арылтып меймандар келіп жатса, қоян етінен қуырдақ жасап берсем де, ісім оңға баспай ма?..

Жас кәсіпкердің жанға жағымды пікіріне ден қойдық. Әсіресе атал­ған бағдарламаның атаулы ауыл тұр­ғындарын атамекендерінде тұрақ­тан­дырып, өңірдің өңін кіргізуге септігі тиетінін дәл айтып тұр емес пе?!

 

Ақмола облысы,

Сандықтау ауданы