Авиациялық және басқа техникаларды жылдың суық мезгілінде пайдалану алдын ала дайындықты қажет етеді. Күзгі-қысқы кезеңдерде жұмыс істеу және пайдалануға дайындау жөніндегі іс-шаралар суық кезең басталғанға дейін жүргізіледі және мұнда тек оқу-өндірістік базасы мен жердегі қызмет көрсету құралдарын әзірлеу ғана емес, авиациялық техникадағы тренаждар да жоспарлы регламенттік жұмыстарымен ұштастырылады.
Соған орай бүгінде Әуе қорғанысы күштері Әскери институтының ұшақтар мен тікұшақтар паркі қысқы кезеңде ұшуларды орындауға дайындалуда. Әскери институтта «Ақтөбе» және «Хлебодаровка» авиациялық техникасы мен аэродромдарын күзгі-қысқы пайдалану кезеңіне көшіру жүргізіліп жатыр.
«Ауа райы суытқанға дейін авиация мамандар Әуе қорғанысы күштері Әскери институтының авиациялық паркін құрайтын ұшақтар мен тікұшақтарды әзірлеуі қажет. Бір әуе кемесін қысқа дайындау жұмыстары жеті күнге дейін созылады, оның ішінде қозғалтқыштардың, бәсеңдеткіштердің майларын ауыстыру бойынша монтаждау және бөлшектеу жұмыстары жүргізіледі, радиоэлектрондық жабдықтар тексеріледі, сондай-ақ арқандарды тарту және тағы да басқа жұмыстар орындалады», деп аға инженер-әдіскер, подполковник Нұркен Жұмашев. Ол техникалық іс-шаралардың ерекшеліктері туралы пікірін білдірді.
Оның айтуынша, мұнда кабина шынысының резеңке тығыздауышына, амортизациялық тіректерге, күштік цилиндрлерге және жүйелердегі басқа да қосылыстарға ерекше көңіл бөлінеді. Электрлік, радиотехникалық және навигациялық жабдықтар, сондай-ақ өртке қарсы жүйе аса назар аударуды талап етеді.
Мұнда қысқы кезеңге авиациялық техникаларды ғана әзірлеп қоймай, Әуе қорғанысы күштері Әскери институтының оқу-авиациялық орталығының ұшу-нұсқаушы құрамын да даярлайды. Ал күзгі-қысқы кезеңдегі даярлықтан барлық авиациялық персонал міндетті түрде өтеді. Ұшқыштар сынақтарды тапсырып, қиын метеорологиялық жағдайларда, күндіз және түнде, нөлдік көріну жағдайында ұшуларды орындайды. Тікұшақтарда күзгі-қысқы кезеңдегі практикалық даярлығында жердегі және ауадағы апаттық жағдайлар бойынша, аспаптар арқылы ұшу және қону, «екінші айналымға» кету, «тікұшақты күрделі жағдайдан шығару» пысықталады. Сондай-ақ күн сайын іздестіру-құтқаруды қамтамасыз ету бойынша кезекшілік атқарылады.