«Әлі тозбай келе жатыр»
Той үсті. Зейнет жасын алқымдап қалған бір кісі төрде отыр. Төсінде бір кішкене медаль жалт жұлт етеді. Сол көзіне жиі түскесін бір жігіт ағасы үлкен қонақтан -«Аға, төсіңіздегі медаль алтыннан жасалған ба, жарқырауы ерекше екен?» деп сұрайды. Сонда үлкен қонақ:
-«Алтын болмаса да, алтын жалатқан шығар, осыны алғаныма қырық жыл болса да, әлі тозбай келе жатыр» деп сұрақ қоюшының аузын жапқан.
«Қоя алмай жүрмін, дағды боп кеткен ғой»
Айдабол мен Қайдабол дүкеннің алдында кездесіп қап, әңгімені "соғып" отырады. Қайдабол Айдаболға:
- Осы екеуміздің дос болғанымызға қанша болды?
- Енді бес жастан доспыз ғой.
- Мә, уақыт деген қалай, ә!. Екеуміздің дос болғанымызға отыз бес жыл бопты ғой...
- Иә...
- Ойпырмай, соның жиырма жылында мен саған ылғи өтірік әңгіме айтыппын ғой!
- Білем ғой.
- Е,е, сонда білсең, нандың ба?
- Енді дос болғасын, нанған сияқты түр көрсететінмін. «Өтірік айтса, өзіне, шын айтса да, өзіне» деп жүре бердім ғой.
- Е,пәлі! Шын дос деп сені айт. Дос екенің доссың ғой, маған бір дұрыс ақыл айтшы, осы өтірік айтуды қалай доғарсам?
- Қоям десең, қоятын шығарсың.
- Әй, бірақ мен өзімді білем ғой. «Өтірік айтуды қояйыншы» деп талай оқталдым, бірақ, қоя алмай жүрмін.
- Неге?
- «Бүгін өтірік айтпаймын» деп үйден шығам, бірақ, дағды болып кеткесін, болмайды екен» деген сонда Қайдабол.
Жұмат ӘНЕСҰЛЫ