Биыл республикалық «Egemen Qazaqstan» басылымының шыға бастағанына 100 жыл толғалы отыр. Осыған орай Батыс Қазақстан облысының Қазталов, Бөкей ордасы, Ақжайық аудандарында және Орал қаласында бірнеше іс-шара өтті.
Еліміздегі ең үлкен басылымның мерейтойлық шараларын өткізуге елордадан «Egemen Qazaqstan» республикалық газеті бас редакторының орынбасары Ғабит Мүсіреп Ақ Жайық өңіріне арнайы келді. Сөйтіп құрамында газет қызметкерлері, жергілікті медиа басшылары бар топ «Egemen Qazaqstan» газетінің тарихында орны бар Қазталов, Бөкей ордасы және Ақжайық аудандарына сапарлап шықты.
Желтоқсан айында ғасырлық тойын атап өткелі отырған «Egemen Qazaqstan» республикалық газетінің тұңғыш саны «Ұшқын» деген атпен 1919 жылғы 17 желтоқсанда Орынбор қаласында басылған екен. Газеттің тұңғыш редакторлары Халел Есенбаев пен Тамимдар Сафиев – Ақ Жайық өңірінің, соның ішінде біз бағыт алған Қазталов жерінің азаматтары.
Тұңғыш редакторлар туған топырақта
Қазталов ауданына да жақындап келеміз. Орал қаласы мен шалғай өңірді жалғайтын 350 шақырымдық автожол құрылысы аяқталып қалған екен. Тақтайдай тегіс жолдың арқасында бұл қашықтықты сезінбедік десе де болады. Алыстан келе жатқан меймандарды ауыл сыртынан ақ пен бауырсақ ұсынып күтіп алған аудандық мәслихат хатшысы Сәрсенбай Молдашев пен ішкі саясат бөлімі басшысы Самал Жангереева бастаған топ бізді халық жиналған кең залға бастай берді.
Аудан орталығында «Egemen Qazaqstan»-ның 100 жылдық торқалы тойы шеңберінде үш ұрпақ өкілдері қатысқан кездесу жоспарланған екен. Аудан әкімі Альберт Есалиев бас басылым бастауында осы топырақтың қос перзенті болуы өздері үшін лайықты мақтаныш екенін айтты. Әсіресе биыл Халел Есенбаев пен Тамимдар Сафиевті жерлестері жиі еске алған. Оған біздің газетте жарияланған тарихи танымдық материалдар шоғыры да оң әсер етіпті. Осы мақалалар негізінде аудандық мұражайда арнаулы бұрыш жасақталыпты.
Дөңгелек үстел басындағы мәжілісте аға буын өкілдері, ветеринария мен энергетика саласының ардагерлері Тұрақбай Дүйсенов пен Мұқанғали Бектілеуов сөз алып, «Egemen Qazaqstan» газетін әділет пен шындықтан ауытқымайтын салмақты мақалалары үшін тұрақты жаздырып оқитынын айтты. Оқырмандардың айтуынша газетте соңғы жылдары ел-жұртты толғандырып жүрген әлеуметтік тақырыптағы дүниелер көбейіп келеді. Бұған қоса, бас басылымда жергілікті қаламгерлер – Серік Жұмағалиев, Қайрат Жақып және Әсем Болат сынды тілшілердің дүниелері де жиі шығады. Мұның өзі «Egemen Qazaqstan» – елдің газеті» деген ұғымды әйгілеп тұрғандай. «Біз секілді жас тілшілер үшін «Egemen Qazaqstan» – үйретері көп ұстахана», – дейді Әсем Болат.
Кездесу аяқталған соң «Egemen Qazaqstan» газеті бас редакторының орынбасары Ғабит Мүсіреп бастаған шағын экспедициялық топ Бөкей Ордасы ауданындағы Хан Ордасы ауылына қарай бет түзеді.
Хан Ордасындағы «музей түні»
Орал қаласынан 600 шақырымдай, тең жарымы тас жолсыз Хан Ордасы ауылына ат басын бұруымыздың себебі бар. Қазақстанның жалпыұлттық киелі нысандары қатарына кірген Бөкей хан музей-қорығының атақ-даңқы, қадір-қасиеті онсыз да биік қой. Бірақ «Egemen Qazaqstan» газеті тарихы үшін маңызды тағы бір деталь бар.
Газеттің тұңғыш редакторларының бірі Тамимдар Сафиевтің естелігіне қарағанда, 1919 жылы ақ казактар күшейіп, Орал қаласын, Сламихин мен Талөпкені басып алып, Ордаға қауіп төндірген. Сол кезде Мұхамедияр Тұнғашин басқарған қырғыз (қазақ) әскер комиссариатын Орынборға көшіру туралы шешім қабылданған. Сөйтіп, тамыз айында Ордадан шыққан керуенде бұған дейін «Дұрыстық жолы» газетін шығарып тұрған баспахана машинасы да болған екен. Арада үш ай өткенде Орынборда осы баспаханадан «Ұшқын» газетінің тұңғыш саны шықты, оның редакция алқасында бөкейлік екі дос Халел Есенбаев пен Тамимдар Сафиев бар еді...
Тарихи топыраққа түн ішінде жеттік. Бөкей ордасы аудандық мәслихатының хатшысы Ерболат Таңатов пен аудан әкімінің орынбасары Лариса Қайырғалиева жол бойынан күтіп алды. Хан ордасы тарихи-мәдени архитектуралық-этнографиялық музей қорығы қызметкерлері де түнгі қонақтарға қызмет көрсетуге дайын екен. «Бұл жоспарламаған «музей түні» шарасы болды-ау» деп әзілдеді Ғабит Іскендерұлы.
Қазір қорық-музейдің құрамында нақты 6 музей жұмыс істеп тұр. Музейдің басшысы Ғайса Темірболатұлы, бөлім меңгерушісі Әлихан Кәримов бастап, тарихи ғимараттарды, ондағы құнды жәдігерлерді таныстыра бастады. 1862 жылы кірпіштен салынған «Қазынашылық» ғимаратында Бөкей ордасы тарихы музейі орналасқан. 1917-1919 жылдары дәл осы жерде өткен қоғамдық-саяси оқиғалардың арасында «Ұшқынның» алғашқы редакторлары Халел Есенбаев пен Тамимдар Сафиев қоян-қолтық қатар жүріпті. Музейде сақталған көне құжат көшірмелері, сарғайған суреттер осылай дейді. Жәңгір ханның өзі тұрған Хан сарайы, ондағы еуропалық және азиялық дәстүрге сай қонақ күту бөлмелері, қару-жарақ палатасы, Фатима тоташтың бөлмесі – бәрі де сол заманның талғамына сай, куәгерлердің естеліктеріне орай безендірілген.
Жоғарыда айтылған 6 музейдің бірі баспасөз тарихына арналған. Мұнда 1911 жылы осы жерде алғашқы нөмірі жарық көрген «Қазақстан» газеті, 1917-1918 жылдары шыққан «Ұран» газеті, одан кейінгі «Хабар-Известия», «Қазақ дұрыстығы-Киргизская правда», «Дұрыстық жолы» газеттері, «Мұғалім» журналы туралы деректер рет-ретімен қатталған екен. Қазақ ұлттық баспасөз тарихында орны бар Шәңгерей Бөкеев, Ғұмар Қараш, Елеусін Бұйрин, Бақытжан Қаратаев, Ғабдолғазиз Мұсағалиев, Ахмет Мамытұлы (Мәметов), Нұғман Манаев, Мұстафа Көкебаев, Халел Есенбаев, Тамимдар Сафиев т.б. сынды бөкейліктердің суреті мен құжат көшірмелері көп жайттан хабар береді. Ордадағы баспасөз тарихы музейін ашуға осы шаңырақтың бұрынғы басшысы Темірболат Мақымов көп еңбек сіңіріпті.
Қазақ поэзиясының көрнекті өкілі, меценат, ұлтымыздан шыққан тұңғыш фотограф Шәңгерей Бөкеевке арналған музей биыл ашылған екен. Жәңгір хан кезіндегі көне карталарға сәйкес екі хан құдығы да биыл дәл сол орнынан қайта қазылып, жаңартылған. Музей-қорық директоры Ғайса Мақымов кешеннің болашақ жоспарларымен таныстырды. Жол түзелсе, Батыс Қазақстан облысының қиыр шетінде жатқан тарихи мүйіс кісі аяғы үзілмейтін киелі мекен болғалы тұр...
Ордадағы «музей түні» өте әсерлі өтті. Тарих қатпарына сүңгіткен тағылымды экскурсия киелі мекен мен бас басылым арасында да үзілмейтін берік байланыс бар екенін көрсетті. «Egemen Qazaqstan» республикалық газеті бас редакторының орынбасары Ғабит Мүсіреп музейдің құрметті қонақтар лебізі кітабына қолтаңбасын қалдырып, ел газетінің 100 жылдығына орай шығарылған бес томдық мақалалар жинағын табыс етті.
Ақжайықтағы ақжарқын кездесу
Батыс Қазақстан облысындағы ең үлкен әкімшілік бөлініс, Жайық өзенін 300 шақырымға жуық бойлай орналасқан Ақжайық ауданындағы шаралар жалынды ақын Жұбан Молдағалиевтің ескерткішіне гүл шоғын қоюдан басталды. Ауданда келер жыл «Жұбан жылы» деп жарияланып, ақынның 100 жылдық мерейтойын атап өту жоспарланған екен. Бізді қарсы алған жергілікті ақындар Үзілдік Елеубаева, Тілес Жазықбай ақын ескерткіші алдында өз өлеңдерін ортаға салса, Жайық негізгі мектебінің 9 сынып оқушылары Дилара Дәржанова мен Айтолқын Жиенғожиева ақын шығармасын мәнерлеп оқыды. Бұдан кейін оқырмандармен кездесу аудандық кітапхананың кең залында жалғасты. Дөңгелек үстел форматында өткен мәжілісті жүргізген Ақжайық ауданы әкімінің орынбасары Тілек Ғабдушев осы ауданда ғана «Egemen Qazaqstan» газетінің мыңға жуық оқырманы тұратынын айта келіп, осы газетті 1930 жылдары басқарған Ораз Исаев пен Молдағали Жолдыбаев Ақжайық өңірінде туып-өскенін мақтанышпен айтты.
– Құрметті ағайын, дауылпаз ақын Жұбанның еліне келіп, Жұбанның жерлестерімен жүздесіп отырғаныма қуаныштымын. Жұбанның ізгі дәстүрі жалғаса берсін! Әрине «Egemen Qazaqstan» газетінің ғасырлық мерейтойына қатысты шаралар шеруі Қазақстанның барлық жерінде өтіп жатыр. Дегенмен, бұл сапардың жөні бөлек. Өйткені газетіміздің қалыптасуына, аяғынан тұруына Батыс Қазақстан өңірінен шыққан азаматтардың үлесі зор болды. Сондықтан бұл сапарды редакторларымыз туған топыраққа тәу ету деп атауға болады, деді өз сөзінде Ғабит Мүсіреп.
Кездесу кезінде ардагер Дәулетжан Жақсыбаев ұзындығы жөнінен Еуропадағы үшінші өзен Жайықтың жылдан жылға құрып бара жатқанын айтып, дабыл көтерді. Жақсыбай Әбдірахманұлы бұл мәселенің мемлекеттік деңгейде ғана шешілетінін, сондықтан «Egemen Qazaqstan» мәселе көтеруін сұрады.
Ақын Үзілдік Елеубайқызы келер жылы келетін мерейтойы тұсында ақын Жұбан Молдағалиевке Алматы қаласынан ескерткіш орнатылып, «Халық қаһарманы» атағын беру мәселесін көтерді. «Жұбанның үш ерлігі бар: қан майданда қару ұстады, Кеңес өкіметінің дәуірлеп тұрған шағында «Мен – қазақпын!» деп ұлттық рухты көтерді, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы кезінде жастарға араша болды. Жұбан ағамыз «Халық қаһарманы» атағына лайық! Бұл бүкіл елдің тілегі. Үнемі елдік мәселелерді қозғайтын «Egemen Qazaqstan» осы пікірді жеткізсе екен», деді ақын апамыз.
Бұдан кейін сөз алған ақын Сағынтай Бисенғалиев Махамбеттің қабірін тауып берген Құрақ Бектұрғанов пен Махамбеттің 8 күйін жеткізген домбырашы Қанаш Иманбаевтың есімдері ұмытылып бара жатқанынан қынжылыс білдірді. Сөзінің соңын:
...Байрақ қылып байырғы даланы асыл,
Тұрақ қылған текті сөз қағанатын.
Сан сұрақтың жауабын, ей, оқырман
«Egemen Qazaqstan»-нан таба аласың! – деп бітірген ақынға жиналғандар жаппай қол соқты. Одан кейін мұғалім Алдаберген Сәрсеков, спорт жанкүйері Артур Ермұханов, журналист Әлия Шәрәпиева да ел көкейіндегі кейбір мәселеге газет басшысының назарын аударды.
Оралдың руханият ордасында
Ақ Жайық өңіріндегі шаралардың нүктесі Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде – зиялы қауым өкілдерімен кездесуде қойылғандай болды. Айта кетейік, кездесу модераторы «Жайық пресс» ЖШС бас директоры Рауан Сәбитұлы мен Батыс Қазақстан облысындағы Өңірлік коммуникациялар қызметінің басшысы Әли Бердешев те «Egemen Qazaqstan» газетінің БҚО-дағы күндеріне бірге қатысып, үш аудандағы кездесулерге куә болған еді.
Музей саласының ардагері Сара Танабаева «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған дүниенің пәрменділігіне мысал келтіріп, Хиуаз Доспанованың «Халық қаһарманы» атануына газет бетінде жазылған шағын мақаланың ықпалы зор болғанын айтып өтті. Университеттегі «Рухани жаңғыру» институтының директоры, ғылым докторы, профессор Абат Қыдыршаев та гажет ұжымына ізгі тілегін білдірді. Батыс Қазақстан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мырзағали Мұхамбетов келер жылы атап өтілетін жеңістің 75 жылдығына көбірек көңіл бөлуді сұрады. 1941-1945 жылғы алапат соғыстан Батыс Қазақстан облысында 37 мың жауынгер аман оралған екен. Бүгінде солардың 71-і ғана қалыпты.
Белгілі өлкетанушы, Оралдағы ҚазИИТУ-дың «Рухани жаңғыру» кафедрасының меңгерушісі Сайлау Сүлейменов баспасөзге жазылу кезінде бюджет қызметкерлеріне жеңілдік болса деген мәселе көтерді. Журналистика ардагері Қалиолла Қарағойшин «Egemen Qazaqstan» газетінің негізгі оқырманы аға буын мен орта жастағылар екенін айтып, жалпы жас буынды газет оқуға тарту – барша қазақ басылымының алдындағы міндет деген пікірін жеткізді.
Кездесу соңында «Egemen Qazaqstan» республикалық газеті бас редакторының орынбасары Ғабит Мүсіреп оқырман сұрақтарына жауап берді. Газеттің бүгінгі беталысы, болашақ жоспарлар туралы айтты.
– Осындай кездесулер бізге көп ой салады. Біз бір-бірімізді тыңдай білуіміз керек. Әлеуметтік желілер әлем бойынша алға шығып тұрғанымен, дәстүрлі баспасөздің рөлін жоққа шығаруға болмайды. Тасқа басылған сөздің салмағы осы күні де анық сезіледі. «Egemen Qazaqstan» газетінде әбден тексерілген, сарапталған салмақты ой басылады. Мұны оқырмандарымыз біледі. Рас, бүгінгі басылымдар қоғамның дамуына, заманның талабына сай болу керек, бәсекеге қабілеттілік қажет. Оқырман мен басылым арасында ашық жүздесу, осындай қарым-қатынас болса, екі жаққа да пайдалы болары сөзсіз. Батыс Қазақстан облысы – жан басына шаққанда біздің газетімізге ең көп жазылатын өңір. Ежелден солай. Ақ Жайықта біздің тұрақты, сапалы оқырманымыз бар деп мақтанамыз. Осы достығымыз, әріптестігіміз ұзағынан болсын! – деді Ғабит Мүсіреп кездесуді түйіндеп. Айтпақшы, «Egemen Qazaqstan» газетінің 100 жылдық тарихында газет бетіне басылған ең таңдаулы мақалалар басылған 5 томдық жинақ университет кітапханасының қорына тарту етілді.
Темір ҚҰСАЙЫН,
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»
Батыс Қазақстан облысы