• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қоғам 07 Қараша, 2019

Антқа адалдық

471 рет
көрсетілді

Өмірде жұмбағы мол, тағдыры күрделі, өзіндік өмір жолы бар тұлғалар болады. Оларды әркім өзінің таным-түйсігіне, адами қасиетіне, парасат-пайымына қарай бағалайды. Осындай тұлғаларымыздың бірі, қазақтың даңқты перзенті – Мәжіліс депутаты, Халық Қаһарманы, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев.

– Кейбір әріптестерім «жастайымнан әскери болғым кел­ді» деп жиі айтып жатады. Осы салаға ерте бастан аңсары ауғандар шынымен бар. Алайда менің бала күнімде ондай сезім де, ой да болған емес, – дейді біздің кейіпкеріміз. – Бірақ тағ­дырдың айдағанынан басқа еш­қайда кете алмайды екенсің. Әрбір адамның өз маңдайына жа­зылған ерекше тағдыры бар.

Бақытжан аға алақандай ғана ауылда өсті. Әкесінен ерте айырылып, жетім қалды. Әйт­се де ағайынның арқасында же­тімдік тауқыметін сезген жоқ. Анасының алақанын, ел-жұрт­тағы ақсақалдардың тәрбиесін еш ұмытқан емес. Бақытжан ағаның әкесі өңір­ге сыйлы жан болған. Сондықтан болуы ке­рек, жасынан «өскенде әкем құсап колхоз бастығы боламын» деп ойлайтын. Алайда тағдыр оған өзгеше жолды нұсқады. Жұрт қатарлы қалаған институтқа түсуге жағ­дайы келмеді. Дегенмен әскер саласында «киімің тегін, тамағың тоқ» деген соң, жалғыз анасына салмақ келтірмейтін жол осы екен деген оймен бір күннің ішін­де ешкімге тіс жармас­тан құ­жат­тарын алып, 1969 жылы Ташкент қаласына барып, оқуға түсті.

– Әскери ғұмырым осылай басталды, – деп Бақытжан аға өз естелігін жалғастырды. – Де­ген­мен әскери болғым келмесе де бұл сала маған жат емес еді. Сондықтан болар, қатаң тәр­тіпке де, жауапкершілікке де тез көндіктім. Маған жат болмайтын себебі, қаным қазақ болған соң, намысты қашанда ту ететінмін. Батыр Баукеңнің ауылында туып-өскендіктен, сондай батыр болсақ деген зор арман көкейде әр кез тұрды. Баукеңмен мақтанып, соған ұқсасақ, әскери тәртіптілігі жағынан ғана емес, халқының алдындағы азаматтығы жағынан да сол деңгейден кө­рінсек деп тілейтінбіз. Сөйтіп намыстың, рух пен Баукең тәлімінің тартуы арқасында өзімізді қамшылап оқыдық. Оны бітірген соң әскери қызметке етене араласып та кеттік.

1969 жылғы 2 қарашада Бақыт­жан аға сал­танатты түрде әскери ант қабылдады. Хал­қы­мыздың ардақты ұлы Бақытжан Ертаев­тың әскери қызметті бастап, ант қабыл­даға­нына – 50 жыл. 1973 жылы Алматы жоға­ры жал­пыәскери командалық учи­лищесін тәмамдаған. 1973-1980 жылдары Орталық Азия әскери округінде взвод, рота командирі, 1981-1982 жылдары Кеңес әскер­лерінің Ауған­стан­дағы шектеулі контингентінде батальон ко­мандирі міндеттерін атқарды. 1985 жылы Мәскеудегі әскери академияны бітірді.

Әскер қатарында жүргенде соғысты көремін деп еш ойла­маған екен. Бұл да – сол тағ­дырдың жазуы. Соғыстың бас­талуы, шығу тарихы әрқилы бол­ғанымен, оның табиғаты бір ғой. Кез келген соғыс шығын­нан тұрады. Ендеше, соғыстағы командирдің бар тілегі – шығын­ның мейлінше аз болуы.

– Ауғанстанда тау шатқалда­рын қиялай кесетін Онар өзенінің жанында біздің батальон орналасты. Сол батальонға аға лейтенант шенінде жүріп-ақ командир болдым. Негізі, көбінесе майор, подполковниктер «комбат» болушы еді. Алайда маршал Со­колов таулы аймақтағы әскери іс-қимылдарыма қарап, ұсынған тактика түрлерін ұнатып, оны жоғары бағалағандықтан коман­дирлікке мені таңдады, – дейді Бақытжан аға.

Ауған соғысына қатысу­шылардың өздері соғысты тіле­месе де Отан алдында бер­ген анттары бар болатын. Сондықтан батальонды басқаруда Бақытжан ағаға жігіттерді ұдайы жігер­лендіріп тұруға тура келді.

– Соғыста шығынның мей­лінше аз болуын ойладым. Сол үшін, ең алдымен, бізге жер­гілікті жұртпен достық қарым-қатынаста болу ауадай қажет еді. Осыны басшылыққа алып, сарбаздарға бірінші талап ретінде ауған жұртының дінін, ділін, тарихын сыйлауды үйреттім, – дейді ол.

Мұның нәтижесі де жаман болған жоқ. Кейіннен 1982 жы­лы «Комсомольская правда» газетінің тілшісі Снегирев бұл жайында жазды.

Бақытжан Ертаев басқарған ба­тальонға қарайтын бір жауынгер абайсызда танкімен мешіттің бір шетін қиратып кетеді. Со­дан жергілікті халық әлгі оқи­ғаға қарсы өре түрегеледі. Кейін әңгімені ушықтырмай, адам­шылықты ғана емес, мұсыл­ман­шылықты да білдіріп, мешітті қалпына келтіріп береді. Бұған жергілікті жұрт қатты риза болады.

– Кейіннен әлгі тілші сол маңдағы тоғайға Бақтияр деп менің атымды бергенін жазған еді. Шынымды айтсам, ауған жұр­тының тарихын, дінін сый­латқан тірлігіме қарап, сол ауылдағы ақсақалдар да бізге оң қабақ танытты деп білемін. Олармен араласып тұрдым, сөйлесіп жүрдім. Өздері маған қай жерде дұшпан өтетінін, қай жерлерге мина қо­йылғанын айтып тұратын. Тіпті 200 шақырым жердегі Жа­лалабадқа еш қорғаушысыз, жалғыз жүргізушімен ғана бри­гадаға барып қайтқаным бар. Бұл сыйластықтың арқасында орын алған дүние еді. Ал ондай мәселеде қазақ жігіттеріне деген ықылас ерекше болғанын айта аламын, – деген сөздерді Ба­қытжан аға мақтанышпен айтты.

Б.Ертаев 1997-2000 жылдары Қазақстан Қарулы Күштері Бас штабының бастығы, Қорғаныс министрінің міндетін ат­қарды. Ол «Қызыл Жұлдыз» «Отан», «Даңқ» ордендерімен марапатталды. Взвод командирінен бастап Қорғаныс министрінің мін­детін атқарушыға дейінгі барлық лауазымдарды абырой­мен атқарды, Қазақстан Респуб­ликасының Қарулы Күштерін қалыптастыруға, реформалауға елеулі үлес қосты. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев­тың Жар­лығымен 2008 жылдың 15 желтоқсанында Б.Ертаев «Халық Қаһарманы» атағына ие болды. Жоғары награданы өз қолымен тапсыру сәтінде Елбасының: «Бақытжан Ертаев – Қазақстан өз тәуелсіздігін алған алғашқы күндерден менің шақыруыммен елімізге келіп, Қазақстан Қарулы Күштерінің іргесін қаласқан офицерлердің бірі. Біз бүгін оның ерен еңбегі мен әскери ерліктерін жоғары бағалап, Отанымыздың ең жоғары наградасын тапсырғалы отырмыз. Бұл – еліміздің Қа­рулы Күштеріне деген үлкен құрметіміз бен сенімімізді білдіреді» деуі оның батыр ғана емес, әскери саланың хас шебері және Отанымыздың нағыз патриоты екендігін толық аңғартады.

– Менің әскери сапта жүр­геніме 42 жыл болыпты. Оның 20 жылын Қазақстан Қарулы Күштеріне арнадым. Осы жылдары еліміздің Қарулы Күштері өңірдегі ең беделді межеге көтерілді, – деді генерал-лейтенант.

Қазіргі кезде Б.Ертаев Қа­зақстан Респуб­ликасы ардагер­лер ұйымдары үйлестіру кеңе­сінің төрағасы, Парламент Мәжілісінің депутаты ретінде еліне қызмет етуде. Ол Ауған со­ғысына қатысқан ардагерлермен, сондай-ақ соғыста қаза тапқан жауынгерлердің отбасыларымен хабарласып тұруды, көмек көрсетуді өзі­нің азаматтық борышы деп есеп­тейді. «Жас ұлан» әскери мектебінің тәр­биеленушілерімен де жиі-жиі кездесіп, олардың жауынгерлік рухын көтеруге, ұлт­­тық тәрбие алуына аса мән береді. Патриоттық тақырыптағы қандай да бір іс-ша­ра бол­масын барлығына қатысуға уақыт табады.

– Батырлар еш нәрседен қорық­пайды деп айта алмай­мын. Мен де қорқамын. Жа­ғымпаз, жылтыр адамнан қорқамын. Опасыздар мен таққа таласып бәрін сата салатын адамдар да мен үшін қор­қыныш тудырады. Әрине, оларды білмей, байқамай қалуым мүмкін, сол жағынан олар ма­ған қорқынышты. Мен бір сөзімде «батыр таққа таласпайды, батыр тақты қорғайды» деп едім. Ал тақ – бұл Отанымыз, еліміз. Соны қорғауымыз керек. Бабадан қалған өлкені сыйлау қасиетіміз де кеміп бара жатқандай. Бұл да қорқынышты, – деген Бақытжан Ертаев одан әрі сөзін былай жалғады, – Ерте­ңім үшін ұялмауым керек. Сол үшін бүгін күрескен абзал. Қасымдағы достарыма, туыстарыма, еліме сыйлы болуға тырысамын. Мен мәңгілік емеспін, өзекті жанға бір өлім бар. Бірақ сол заманда мен туралы жаман сөз өрбімесе екен деп тілеймін. Менің өмірлік ұстанымым – осындай игіліктер үшін күресу.

Кезінде талай адамның тағ­дырын тәлкекке айналдырған Ауған соғысының алғашқы жыл­дарында сан түрлі қауіпті әскери жорық жолынан өткен, «мұсылман командир» атанған, қазіргі уақытта да елінің, халқы­ның алдында берген антынан таймай, үздіксіз қызмет көр­сетіп келе жатқан Бақытжан Ер­таев қандай құрметке болса да лайықты деп білеміз.

 

Ерсайын ЕРНАЗАРҰЛЫ