• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қоғам 08 Қараша, 2019

Демократиялы қоғам құру басты бағыт

1153 рет
көрсетілді

Президент Қ.Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында еліміз тәуелсіздік алған жылдары Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен дүние жүзіндегі тұрақты да беделді мемлекеттердің біріне айналғанын, бұл кезеңнің «жасампаздық пен ілгерілеу, бейбітшілік пен келісім» кезеңі болғанын атап өтті.

Мемлекет басшысы өз Жол­дауын­да қоғамды толғандырған мәсе­ле­лердің бәріне жауап берді деп айтсақ қателеспейміз. Прези­дент мемлекетті нығайту, қоғам­ды демократияландыру, отан­дық бизнесті қолдау, халықты әлеу­мет­тік қорғау, адам капиталын және эко­номиканы дамыту секілді мәсе­ле­лерге терең тоқталды. Менің ойым­ша, Жолдауда айтылған маңызды бағыттардың бірі – заман талабына сай тиімді мемлекет құру. Бұл мәселені демократияландыру процесінің маңызды және үлкен қадамы ретінде санау­ға болады. Заман талабына сай тиімді, дамушы мемлекет тек демо­кратиялық жүйеде өркендейді. Қазір­гі таңда көптеген мемлекеттер демо­кратиялық тұрғыда дамытуда.

Қ.Тоқаев өзінің сайлауалды бағдарламасынан бастап тұрақты түрде айтып келе жатқан мақсаттың бірі, ол биліктің халықпен бірігіп жұмыс істеуі, халықты тыңдай білу, халық мүддесін бірінші орынға қою екенін өз Жолдауында тағы да баса айтты. Бұл мақсаттың жүзеге асырыла бастағанын Жолдаудан кейінгі атқарылып жатқан іс-шара­лардан көруге болады.

Демократияның басты прин­цип­терінің бірі – халық пен билік­тің тікелей байланысы, яғни диалог, қазіргі таңда қоғамда білім­ді, мәдениетті, ашық әрі өз қалау­ларын анық білетін білімді азаматтар жет­кілікті. Модернизация теория­сына сүйенсек, білімді халық демократияны қалайды, себебі білімді әлеу­мет өзіне не керек екенін анық біле­ді және алдауға көнбейді. Ал біз­дің елімізде тәуелсіздік жылдары жастардың білім алуына, дамуына көптеген жағдай жасалу­да, «Болашақ» бағдарламасы, Назарбаев Университет секілді алуан түрлі білім ордалары мен түрлі бағ­­дар­ламалар жұмыс істеуде. Сон­дықтан  елімізді демократия жолын­дағы дамушы мемлекет деп айт­сам қателеспеймін. Себебі билік маған өз ойымды айтуға, өз пікі­рім­ді біл­діруге, ашық білім алуға еш­қан­дай кедергі келтірмейді, кері­сін­ше, барлық жағдай жасалып жатыр.

Біздің стратегиялық міндетіміз – биліктің үш тармағының үйлесім­ді жұмыс істеуін қамтамасыз ету. Себебі тиімді мемлекеттік билік­тің формуласы: «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп бере­тін Үкімет». Бұл мақсатқа жету үшін көптеген жұмыстар атқары­лу­да. Жолдауда азаматтардың барлық өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Ха­лық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру міндеті қойылды. Президент Қ.Тоқаев аса маңызды мемлекеттік міндеттерді шешуде, азамат­тық қоғамның белсенділігін арттыру­ға шақырады. Осыған байланыс­ты Президент Жарлығымен рота­ция­лық тәртіппен жұмыс іс­тейтін Ұлт­тық қоғамдық сенім кеңесі құ­рылды. Кеңестің басты мақ­саты халық­пен тікелей диалог құрып, аза­мат­тардың және қоғам­ның пікі­рін ескеріп маңызды стра­те­­гия­лық, әлеуметтік проблемалар­ды тал­қылау болып табылады. Прези­дентіміздің талабына сәй­кес  билік адамдардың талап-тілегі­не құлақ асуға, проблемаларды жергілікті жерлерде шешіп, халық алдында тұрақты түрде есеп беріп отыруға міндетті. Уәде беріп қана қоймай, берген уәделерін орындау шарт және мұндай ұстанымды Үкімет мү­ше­лерінен бастап барлық дең­гейдегі әкімдер ұстанулары тиіс.

Президент Жолдауда митингі­лерді ұйымдастыру тәртібін жаңар­туды маңызды санады. «Егер бей­біт акциялар заңның шең­бері­­нен шықпайтын болса және аза­мат­тарымыздың тыныштығын бұз­байтын болса, бұған түсіністік­пен қарап, жиындарды өткізу үшін ар­найы орын бөлу қажет. Мұндай орын­дар қаланың шетінде болмауы тиіс», деді Қ.Тоқаев.

Сонымен бірге Мемлекет басшысы елімізде көппартиялықты, сая­си белсенділікті және ой-пікір­дің саналуандығын дамыту керек­тігін айтты. Көппартиялық саяси жүйе, демократиялық прин­цип­тің маңызды да керекті инстру­менті. Себебі партиялардың көп­тігі, бұл көзқарастардың алуан­дығы,  саясатқа қатысушылар саны­ның көбеюі осыған әкеледі. Сон­дықтан Мемлекет басшысы ал­дағы Мәжіліс және мәслихат депутат­тарының сай­лауына ерекше мән беріп, олардың демократиялық принцип­теріне сай, саяси партиялар­дың белсенділігі артқан жағдайда өтетініне тоқталды.

Демократия қазіргі таңда заманауи билік жүйесі және оның басты мақсаты халықтың мүддесі үшін жұмыс жүргізу, яғни мемлекет­тік органдар қызметінде, қоғамда ашық­­тық, диалог және адамдар­дың мұң-мұқтажына назар аудару негіз­гі басымдық болуы тиіс.

Президент Жолдауындағы, елі­міз­ді демократияландыру бағыты ке­зең-кезеңмен, табанды түрде жә­не жан-жақты ойластырылып жү­зеге асырылатын болса, онда біз өркен­дейтін боламыз және жақсы өмір сүруге барлық жағдай жасалады.

 

Қуаныш ӨМІРЖАН,

Назарбаев Университеттің саясаттану факультетінің студенті