Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында «Сыбайлас жемқорлықпен жан-жақты күресу мәселесі күн тәртібінен түскен жоқ», деп нақты атап көрсеткен болатын.
Өкінішке қарай қазіргі кезде жемқорлыққа жол берсе де, қызмет бабын теріс пайдаланса да жайлы орынтақта отыра беретін басшылар бар. Бұлай дейтініміз, Жамбыл облысында кезінде түрлі заңбұзушылыққа жол берген кейбір азаматтардың басшылық лауазымға қайта тағайындалып, жұмысын әрі қарай жалғастыра беруі дер едік. Мұндай жағдай Жамбыл өңірінің бірқатар ауданында да кездеседі.
Таяуда Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті жоғарыда көрсетілген заңнамалардың сақталуына мониторинг жүргізген. Мониторинг жұмысына 2000-нан аса адам қамтылып, нәтижесінде Тараз қаласы, Байзақ, Жамбыл, Талас, Сарысу және Қордай аудандарының кейбір азаматтық мекемелерінің басшылық қызметтерінде сыбайлас жемқорлық бойынша қылмыс жасаған 11 тұлғаның қызмет атқарып отырғандығы анықталған. Оның ішінде мектеп директорлары, жұмыспен қамту орталығы, мәдениет үйі және басқа да мемлекеттік ұйымдардың білдей басшылары бар екен. Сонда бұл басшыларды қызметке тағайындаған жауапты тұлғалардың не себепті мұндай келеңсіздікке жол бергенін түсіну қиын.
Мәселен, 2018 жылғы 3 қаңтарда сыбайластық жасаған тұлға Қордай ауданының халықты жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары лауазымына тағайындалыпты. Алайда, аталған азамат 2014 жылы соттың үкімімен «Пара алу» бабы бойынша кінәлі деп танылған екен. Сол сияқты 2012 жылы сыбайлас жемқорлық жасаған тұлға 2018 жылы Жамбыл ауданы «Таза мекен» мемлекеттік кәсіпорны директорының орынбасары болып тағайындалған. Ал 2012 жылы «Аудандық мәдениет үйі» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны директорының орынбасары лауазымына сыбайлас жемқорлық жасаған тұлға тағайындалған.
Бірақ ол 2009 жылы «Қызмет өкілеттігін теріс пайдалану» және «Қызметтік жалғандық жасау» баптары бойынша кінәлі деп танылған болып шықты. «Нақты мысалдар негізінде мемлекеттік органдар мен мекеме басшылары тиісті шектеулерге қарамастан, оның нормаларын өрескел бұзып келгендігін көруімізге болады. Департаменттің мониторингі барысында анықталған фактілер бойынша мән-жайларды зерделеп, тиісті шаралар қабылдау жөнінде мемлекеттік органдарға ұсыныстар жолданған болатын. Департамент бұл бағыттағы бақылауды күшейтеді», дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департамент директоры Равиль Төлебаев.
Бұл мысалдардың бәрі де сыбайластықпен күресте сылбырлықтың бар екенін көрсетеді. Алайда қоғамдағы әрбір азамат үшін жемқорлық індет, ал оны жою міндет болғаны дұрыс-ақ. Әйтпесе сыбайлас жемқорлықтың мемлекеттің дамуына кедергі келтіріп, жолына кесе көлденең тұратыны да рас.
Жамбыл облысы