Ықылым заманнан жойқын дария бойын танып-білуге өмірін бағыштаған зерттеушілерден «...Саураннан шыққан лақ Арал теңізіне дейін қорғандар үстімен барады» деген жазба қалыпты. Кәрі тарихтың осы дерегі Ұлы даланың таңдайын жібіткен алып дарияның екі жағасы ертеде сыңсыған тоғай, сән-салтанаты келіскен көркем қалаларға толы болғанын білдіреді. Соңғы жылдары қабырғалары қадым заманда қаланған осы тарихи шаһарларға археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізу жүйеге түсіп, бұл бағытта біраз шаруа атқарылды.
2013 жылы облыс әкімдігі жанынан тарихи-мәдени мұраларды қорғау және пайдалану жөніндегі ғылыми-әдістемелік кеңес құрылған болатын. Сала ғалымдарының басын қосқан бұл кеңес отырыстарында тарихи мұраларды ғылыми тұрғыдан зерттеу, қорғау және құжаттандыру мәселелеріне қатысты көп мәселе шешімін тапты. Осы күні облыс аумағындағы Шірік-Рабат, Сығанақ, Баршынкент, Жанкент пен Сортөбеде ғалымдар зерттеулер жүргізіп жатыр. Сақтардың астанасы – Шірік-Рабатта Ә. Марғұлан атындағы Археология институты мамандары жұмыс істесе, қазақ үшін құтты орда саналатын Сығанақты Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті ғалымдары зерттеп жатыр. Ал Баршынкентте әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті археологтары кешегі өткен тарих дерегін іздеуде.
Осылардың арасында Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекетік университеті «Археология және этнография» ғылыми-зерттеу орталығы жұмысын бөле-жара айта кеткеніміз жөн. Көне қалалар орнын зерттеу жұмыстары үшін жергілікті бюджет пен түрлі қорлардан гранттар бөлініп келеді. Былтыр бұл орталық Тюбинген университетімен бірігіп Германиядағы неміс зерттеулер қорының грантын ұтып алды. Осыдан кейін жергілікті ғалымдар мен Ресей, неміс археологтары зерттеуді бірлесе жүргізу үшін үшжақты келісімге қол қойды.
– Бізде Кеңес өкіметі кезінен қалыптасып қалған, археологтар қала орнын тек артефакт табу үшін қазады деген бір түсінік бар. Жоқ, біздің жұмыс қазумен бітпейді. Археолог зерттеу арқылы қаланың «жасын», құрылымы мен құрылысты, тіпті сол кездегі климаттық ортаны, адамдармен қатар басқа да тіршілік иелері туралы мәліметті анықтауы керек. Бір сөзбен айтқанда, бұрынғыны бүгінге жеткізіп, елдің көз алдына елестетуі тиіс. Бірлесе жұмыс істеудің нәтижесінде біз осыған қол жеткіздік, – дейді ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі, PhD докторы Әзілхан Тәжекеев.
Мысалы, биыл ортағасырлық Жанкент, Сортөбе қалашықтарының орнын зерттеуде жаратылыстану ғылымдарының әдістерін қолдану үшін геофизиктер, геоморфологтар, топырақтанушылар, остеологтар жұмылдырылды. Осының арқасында жердің қыртысы, бедері толық зерттелді. Топырақтанушылар зерттеу нәтижесінде кезінде Жанкенттің табиғаты қазіргімен салыстырғанда өте қолайлы болғанын анықтады. Бұрын қала орнынан керамикалық ыдыс сынықтары көп табылатын еді. Биылғы басты олжа – шыныдан жасалған иіссу құтысы болды. Бұл қалаға сырттан импортталып келген зат болуы мүмкін деген болжам жасалып отыр. Археологтар Сортөбені қазу кезінде амфораға кезігіпті. Қос тұтқалы, кең бүйірлі бұл құмыра оғыз дәуіріне тән емес, ғалымдар пікірінше бұл Иран мәдениетінің мұрасы болуы мүмкін.
Жалпы, осы Сортөбе қалашығын Ордазы деп те атайды. Археологтар тіл мамандарымен кеңескенде олар бұл атау кіші орда деген мағына беретінін айтыпты. Қалашық Қорқыт баба қорымына жақын орналасқан. Соған қарағанда Жанкент оғыздардың үлкен ордасы – Ордазы кіші сарайы болуы мүмкін деген болжам бар. Дүние тылсымын қобыз сарынынан іздеген баба өмір сүрген кезеңнің куәсі болған қалашықты қазу жұмыстары сол замандағы құрылыстар туралы мамандар пайымын кеңейте түсті.
Зерттеуді кешенді жүргізудің пайдасы жайлы айтқан Әзілхан Тәжекеев жуырда болған мынадай бір оқиғаны мысалға келтірді. Неміс остеологтары орталық лабораториясында тұрған мәлін сүйегін зерттеуге алады. Жанкенттегі цитадельден табылған қаңқаны тексеру нәтижесінде оның аяғының сынық болғандығы, қартайып барып өлгені және қолға үйретілгені белгілі болып отыр. Олар енді оны генетикалық зерттеуге кірісіп кеткен көрінеді.
Өңір үшін мамандар даярлау мәселесі де осы халықаралық жоба аясында шешімін тапты. Германияның Тюбинген университеті мен орталық бірлесе ұйымдастырған «Ұлы Жібек жолының солтүстік аймағындағы көшпенділер мемлекетінің қалыптасуы және урбанизациялануы» атты семинарға Ресей, Украина, Испания, АҚШ, Франция, Англия мемлекеттерінің мамандары қатысты. Осы шарада кадр даярлау ісі талқыланып, орталықтың 2 қызметкері Тюбинген университетінің докторантурасына қабылданды. Олардың білім алуы үшін неміс гуманитарлық зерттеулер қоры 27 млн теңге бөліп отыр.
– Көне қалалар зерттелгесін, олардың болашақ мәртебесін айқындап алған жөн. Осы мақсатта жуырда Алматы қаласында өткен жиынға қатысып қайттық. Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен өткен осы шарада Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан мен Өзбекстан 30-дан астам ескерткішті ЮНЕСКО қорғауындағы мәдени мұралар қатарына алуға ұсыныс берді. Олардың ішінде біздің облыстан Ұлы Жібек жолының Сырдария бөлінісіндегі Сығанақ, Жанкент және Жетіасар ескерткіштер кешені бар, – дейді ғалым.
Әзілхан Тәжекеевтің айтуынша, халықаралық ұйым қорғауындағы нысандар қатарына қабылдауда алғашқы кезекте қаланың немесе тарихи орынның әлем өркениетіне қосқан үлесі ескеріледі. Сосынғы талап, туристерді қабылдау үшін инфрақұрылымы болуы керек. Бұл жағынан үш нысан да дайын. Былтыр Сығанақ толық қоршалды. Жанкентті қоршау осы қысқа дейін аяқталады. Жетіасар кешеніндегі оншақты нысан да күрежолдан аса қашық емес.
Ежелгі шығыс өркениетінің орталығы, түркі мәдениетінің алтын көмбесі болған өңірдегі археологиялық зерттеу жұмыстары алда да жалғасын таба бермек.
ҚЫЗЫЛОРДА