Бүгін Халықаралық Түркі Академиясының ұйымдастыруымен М.Х.Дулати атындағы Тараз Мемлекеттік университетінің мәжіліс залында «Талас құрылтайы: тарих пен тағылым» атты Алтын Орданың 750 жылдығына арналған Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция басталды.
Айтулы тарихи шараға Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев арнайы келіп қатысты. Шараны Халықаралық Түркі Академиясының Президенті Дархан Қыдырәлі жүргізіп, Талас құрылтайының маңыздылығына тоқталды. «Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алтын Орданың 750 жылдығын атап өтуді Үкіметке тапсырған болатын. Екі мың жылдан астам тарихы бар Тараз түркі қағанатының орталығы болған, қазақ хандығының қазығы қағылған аймақ», деді өз сөзінде.
Ал, Үкімет басшысының орынбасары Бердібек Сапарбаев өз сөзінде «Тарихсыз болашақ болмайды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы бастаманы көтеріп, талай ғасырлық тарихымыз бар ел екенімізді дүниеге көрсету үшін Үкіметке тапсырма берді. Қазақ ұлтының тарихы тереңде жатыр. Тараз қаласының 2000 жылдық, Түркістан қаласының 1500 жылдық, Қазақ хандығының 550 жылдық тарихи тойын атап өттік. Енді тарихи Таразды дамыту керек. Ұлытауды туристік орталыққа айналдыру керек», деді. Сонымен қатар Бердібек Мәшбекұлы Жамбыл облысына жұмыс сапары аясында жаңадан салынып жатқан «Шахристан» тарихи-мәдени кешенінде болғанын, бүгінде Тараз қаласының түрленіп келе жатқанын, қаланы дамыту үшін Үкімет тарапынан көмек көрсетілетінін атап өтті. Бұдан кейін Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов сөз алып, Жамбыл өңірінің тарихи мекен екенін атап өтті. «Тарихы терең, ауқымды Тараз шаһары туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Тараз - тарихымыздың темірқазығы» деген болатын. Енді таризи Таразға көңіл бөлінуі керек деп есептейміз. «Шахристан» кешенінде салынып жатқан «Тарихтану» орталығының мақсаты да бай тарихымызды паш ету. Бүгінгі конференция барысында тарих тағы да жаңа мәліметтермен толыққалы отыр», деді Асқар Мырзахметов. Өз кезегінде Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің экс-төрағасы Медетхан Шеримкулов Таласқа байланысты құрылтайға екінші рет қатысып отырғанын, алғашқы жиын Нұр-Сұлтан қаласында жоғары деңгейде өткенін жеткізді.
Сонымен қатар ол қазақ даласының тарихилығына да тоқталды. Ал, жиынды жүргізіп отырған Академия басшысы Дархан Қыдырәлі тарих ұлтты біріктіруі керек екенін айтып, жуырда Түркі Академиясының ұйымдастыруымен Қырғыз елінің Бішкек қаласында Талас құрылтайының өтетінін жеткізді. Сонымен қатар қазақ пен қырғыз ғалымдары Моғолстан тарихын зерттеулері керек екенін де айтты. Бұдан кейін Моңғолия Ұлттық музейінің директоры, тарих ғылымдарының докторы Сүхбаатар Дагваадорж Тараз жерінде өтіп жатқан тарихи шараның маңыздылығына тоқталса, Өзбекстан Ғылым Академиясы Археология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы Фархад Максудов бір халықтың тарихын түсіну үшін оның мәдениетін жақсы көру керек екенін айтты. Өз сөзінде Татарстан Ғылым Академиясы А.Х.Халиков атындағы археология институтының директоры Кайрат Ситдиков қазақ даласының тарихи тағылымға толы екенін, бүгінгі шара соның бір көрінісі екеніне тоқталды. Бұдан кейін ғалымдар секцияларға бөлініп, Шыңғыс хан, Жошы, Шағатай ұлыстарына қатысты, Алтын Орда тарихына қатысты өз ойларын ортаға салуда. Шара Тараз жерінде екі күн бойы өтеді.