Қызылорда қаласында «Жыр мұра» жобасының қорытынды концерті өтті. Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы қолға алған жоба аясында биыл «Ұлы дала төсіндегі Сыр елінің фольклоры» атты экспедиция ұйымдастырылып, ел арасында сақталып қалған көне мақам-саз үлгілері, жырау-жыршылар дауыстары, дастан, толғаулар жинақталды.
Осыған дейін Арал, Қармақшы, Шиелі аудандарында жыр үйірмелері құрылған еді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберіндегі бастама нәтижесінде биыл Қазалы, Жалағаш, Сырдария мен Жаңақорғанда осындай үйірмелер ашылды.
Ұлы Даладағы ұзандар көшінің басында тұрған Қорқыт баба мекен еткен өңір тұрғындары үшін дәстүрлі өнердің бәсі әрқашан биік. «Жыр мұра» аясында барлық ауданда қобыз мектептері ашылып, қазір жүздеген бала атадан мұра болған өнерді үйренуге талап қылуда.
Жыр сандығын белгілі жырау Бидас Рүстембеков ашты. Сахнаға өрендерді бастап шыққан жырау өсиет жырдан кейін «Халықтың қазынасына айналған асыл мұра, киелі өнер енді өздеріңе аманат. Елді сырлы әуен, сұлу сөзбен сусындатуды парызым деп біліңдер» деген лебізін жеткізді. Осы бата-тілектен соң қазалылық талапты жастар жыр толғады.
Осы күні Жиенбай, Сәрсенбай, Нұртуған мектептерінің өкілдері сахнаға шықты. Сырдың бойын сырнай сазына бөлеген әйгілі Нартай ақын ізбасарларының да өнері ерекше болды. Дәстүрлі өнерден өріс іздеген қобызшылар тобының да талабы қуантты.
Барлық ауданнан жиылған өнерпаз өрендер «Жыр мұра» жобасының талапты жастарға жол ашқандығын дәлелдеді.
ҚЫЗЫЛОРДА