• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
100 17 Желтоқсан, 2019

«Еңбекші қазақтың» 1000-шы саны

1111 рет
көрсетілді

«Еңбекшіл қазақ» газеті 1925 жылдың 7 қарашасынан бастап «Еңбекші қазақ» деген жаңа атпен шыға бастағаны көпшілікке мәлім. Арада дәл екі жыл өткенде, яғни 1927 жылы 7 қараша күні газеттің 1000-шы саны (№ 272) жарық көріпті.

Мерекелік нөмірді шығар­ғандар – Міржақып Дулатов, Бейімбет Майлин, Ғаббас Тоғ­жанов қатарлы Алаш арыс­тары. Басылымның маңдай­шасында «Жер жүзінің еңбек­шілері бірігіңдер!» деген за­­ма­науи ұран тұр. Газет құ­­рыл­тайшысы: «Қазақстан өлке­лік партия комитеті, Өл­ке­лік кеңес комитеті мен Кәсіпшілер кеңесі, Сырдария губерниялық атқару комитеті мен губерниялық партия ко­митеті» делініпті. Басылым күн сайын сегіз беттен шығып тұрыпты. Бағасы – 5 тиын.

Мерекелік санның бірін­ші бетіне әдеттегідей Өлке­лік партия комитетінің құт­тықтау хаты жарияланыпты. Онда: «Бүгін «Еңбекші қазақ» мыңға жетті. Газетке мың сан, мың жас. Газет тап жыршысы, қай таптың жоғын жоқтаса, сол таптың сөзін сөйлейді, жырын жырлайды, қамын жейді, жұртшылығын бастайды. «Еңбекші қазақ» сондай газет болып қазақ жұрт­шылығын бастап отыр. Қазақ еңбекшілерінің жоғын жоқтап, тілегін тілеп, сөзін сөйлеп отыр. Қазақ еңбекшілеріне партия жолын, үкімет жолын ұғындырып, түсіндіріп отыр. Жақсыны үлгі, жаманды жексұрын қылып отыр. «Еңбекші қазақ» арқылы біздің партия, үкімет қазақ еңбекшілерімен күнде сөйлесіп, күнде араласып отыр. Әрине, бұдан былай да «Еңбекші қазақ» осы жолынан таймайды. Жаңа жұртшылық жас жұртшылықтың тірегі болады» делінген екен.

Сонымен қатар бірінші бетке ««Еңбекші қазақтың» басқармасына, жазушыларына, жұмыскерлеріне, ауыл тілшілеріне» деген ресми мәтінмен Үкіметтің де құттықтауы беріліпті. Онда бы­лай деп жазылыпты: «Қа­зақстан үкіметі «Еңбекші қазақтың» мың саны шыққан күні басқармаға, жазушыларына, жұмыскерлеріне, ауыл тілшілеріне құтты болсын айтады. Жұмыскер – қара шаруа баспасөзі – Октабір төңкерісі арқасында жылдан-жылға, халықтың шаруа, мәдениет жүзіндегі тілегі өскен сайын, Қазақстанның ұлт баспасөзі де өсіп күшейіп келеді.

«Еңбекші қазақ» Қазақ­стан жұмыскер-диқан үкі­ме­тінің тұңғыш өлкелік га­зе­ті болып 6 жылдан бері қалың қазақ еңбекшілерімен тілдесіп, мұңдасып келеді. Қазақ Республикасының қа­раңғы түкпірлеріне шейін тарап, мәдениет сәулесін шашып, ауылды кеңестендіру жолына қызмет қылып, жаңа тұрмыс орнатуға күшті құрал болып келеді.

«Еңбекші қазақ» мың саны шығу қарсаңында қалың бұқараның газеті болуға жарады. Қалың бұқара кезінде беделі көтерілді. Ауыл бел­сен­ділерін өзіне тілші қы­лып алып, ауыл тұрмысын айнаға түскендей анық көрсетті.

Қазақстан үкіметі қыз­меттерің әрдайым жеміс­ті, берекелі болуына тілектес».

Хат соңына Қазақстан Орталық атқару комитеті алқасының орынбасары Бе­гім­бетұлы Ыбырайым, Ко­­мис­сарлар кеңесінің ағасы Нұр­мақұлы Нығымет, Қа­зақ­стан Орталық атқа­ру ко­митетінің хатшысы Арал­бай­ұлы Айдар деп қол қойыпты.

Газет бетіндегі тағы бір жүрекжарды лебіз Қазақ КСР Орталық атқару комитетінің төрағасы Елтай Ерназаровтың үкім сипатты тілегі:

«Еңбекші қазақ» бұ­дан былай да қазақ еңбек­ші­лерінің жаңа жұртшылығын партияның тура жолымен бас­тасын. Жаңа жұрт­шы­лыққа кедергі болатын, ке­сірі тие­тіндермен тынбай аян­бай күрессін! Қазақ арасында әлі ескі салт күшті. Қазақ жұртшы­лығы ескі салтпен күресіп отыр. Бұл жөнінде «Еңбекші қазақ» жұртшылығы қор­ғау­шы болсын, бастаушы болсын! Ауылда істелмей жатқан істер көп, толып жатқан кем­ші­ліктер бар. Газет ел айнасы. «Еңбекші қазақ» сол ауыл­дың жақсы жағын да, жаман жағын да жаза білсін. Жұртшылық сынына берсін. «Еңбекші қазақтың» мың санына менің тілегім осы.

Сол сияқты бірінші беттің оң жақ бұрышына Жақан деген автордың «Еңбекші қазақ» газетінің мерекелік санына шашуым деген леппен «1000 жұлдыз» атты тоғыз шумақ өлеңі жарияланыпты.