Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасында Энергетика министрлігінің алдына қойылған міндеттерінің бірі – елорданы, еліміздің солтүстік және орталық өңірлерін газдандыру мақсатында «Сарыарқа» магистралды газ құбырын салудың бірінші кезеңін уақтылы аяқтау болды.
Жобаны іске асыру үшін «АстанаГаз ҚМГ» компаниясы құрылды. Оның акционерлері – «Самұрық-Қазына» қоры және «Бәйтерек» холдингі.
Экономиканы жаңғырту жөніндегі мемлекеттік комиссия өткен жылғы тамыз айында қаржыландыру схемасы мен шарттарын мақұлдады. Осылайша, 80,3 млрд теңге «АстанаГаз ҚМГ» АҚ жобалық компаниясының жарғылық капиталын қалыптастыру жолымен, 85 млрд теңге – «БЖЗҚ» АҚ облигациялық займы және 102 млрд теңге – Еуразия даму банкі мен «Қазақстанның даму банкі» АҚ облигациялық займы есебінен беріледі. Құрылыстың бас мердігері – «ҚазҚұрылысСервис» компаниясы.
Энергетика вице-министрі Мұрат Жүребеков Үкіметте өткен баспасөз конференциясында ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Бес әлеуметтік бастамалары аясында «Қызылорда – Нұр-Сұлтан» бағыты бойынша «Сарыарқа» магистралды газ құбырын салу жобасын іске асыру барысы туралы айтып берді.
М. Жүребеков бүгінде «Сарыарқа» магистралды газ құбырын Нұр-Сұлтан қаласына дейін салу аяқталу сатысында тұрғанын айтты.
Айта кету керек, газ құбырын салуға 1 700-ге жуық маман және 1000 бірлік арнайы техника тартылған. Бүгінде газ құбырының желілік бөлігінің 100%-ы немесе 1061,3 км дәнекерленіп, салынған. Газ құбырының 963 км немесе 91% сыналды.
Бұған қоса, газ құбыры-бұрмалары мен бес автоматтандырылған газ тарату стансасын, газ өлшеу стансасын және басқару пунктін салу жұмыстары атқарылуда.
«Жалпы, жұмыс кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр, биылғы желтоқсанда магистралды газ құбыры, бес автоматтандырылған газ тарату стансасы, газ өлшеу стансасы және басқару пунктін қоса алғанда, барлық нысанның құрылысы аяқталады. Газ құбырын пайдалануға беруге қабылдау биылғы 31 желтоқсанға жоспарланған», деді вице-министр.
Оның айтуынша, магистралды газ құбырының Нұр-Сұлтан қаласына дейін салынуы газ құбыры бойындағы 171 елді мекенді газбен біртіндеп қамтамасыз етуге жол ашады, сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласы мен газ құбыры трассасының бойындағы басқа да елді мекендердің экологиялық жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді.
«Сарыарқа» газ құбыры жобасын іске асыру шағын және орта бизнесті дамытуға, сонымен қатар, магистралды газ құбыры бойындағы өңірлердің инфрақұрылымын дамытуға мультипликативті әсер береді. Бұдан өзге, отын ретінде табиғи газды қолдану атмосфераға шығарылатын лас қалдықтарды азайтып, халықтың қолайлы өмір сүруіне әрі қоршаған орта жағдайын жақсартуға ықпал етеді», деді вице-министр.
Нұр-Сұлтан қаласына газ қашан келеді?
Энергетика вице-министрі Мұрат Жүребеков Нұр-Сұлтан қаласын магистралды газ құбырына қосу кезең-кезеңмен жүргізілетінін айтты. Нұр-Сұлтан қаласында газ тарату желілерінің құрылысы 2025 жылға дейін салу мерзімімен үш кезекке бөлінген.
Біріншісі – 2019-2021 жылдары. Алғашқы тұтынушылар келесі жылыту маусымында газға қосылатын болады. Олар: Көктал-1, Көктал-2, Оңтүстік-Шығыс тұрғын үй алаптары, сондай-ақ ЖЭО-1 және ЖЭО-3. Бірінші кезегі 2020 жылы беріледі.
Екінші кезек мерзімі – 2021-2023 жылдары. Шығыс және Оңтүстік-Шығыс газ тарату пункттері қосылады. Интернациональный, Мичурино, Котельная аудандары газбен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, Пригородный, Family Village, Garden Village шағын аудандары және халықаралық әуежай қазандығы қосылады.
Үшінші кезек – 2023-2025 жылдары. Ильинка, Өндіріс, Кірпіш зауыты, ЖЭО-2 газға қосылады.
«Алғашқы газ тұтынушылар келесі жылы қосылады, бірақ бұл жұмыс жылдам бітпейді, ол ұзаққа созылатын кезеңмен жүргізілетін процесс», деді вице-министр.
Қарағанды облысын газ құбырына қосу
Қарағанды облысының әкімдігі автоматтандырылған газ тарату стансаларынан желілерді Қарағанды, Теміртау және Жезқазаған қалаларына тартуды және тарату желілерін салуды қарастырған.
Қарағанды облысында газ тарату желілерін салу үшін республикалық бюджеттен бұл жылға 2,4 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде 1 млрд теңге – Қарағанды және Жезқазған қалаларына, 400 млн теңге Теміртау қаласына арналған.
Қарағанды қаласы бойынша 2019 жылға жоспарланған 43,4 шақырым құбырдың 38,9 шақырымы немесе 90%-ы қойылды, оның 28,9 шақырымы немесе 66,5%-ы дәнекерленді;
Жезқазған қаласы бойынша құбыр (барлығы – 29,6 шақырым) 100% қойылды, оның 19,7 шақырымы немесе 66,5% -ы дәнекерленді;
Теміртау қаласы бойынша құбыр (барлығы – 30,1 шақырым) 100% қойылды, оның 16,8 шақырымы немесе 56% дәнекерленді.
Қарағанды облысының әкімдігі жыл соңына дейін Жезқазған қаласында 148 үйді, Теміртау қаласында 100 үйді және Қарағандыда 150 үйді газға қосуды жоспарлап отыр.
Қарағанды облысы әкімдігінің мәліметтерінше, жалпы, І кезекті аяқтау 2020 жылдың мамыр айына жоспарланған.
Ақмола облысын газдандыру
Ақмола облысында бірінші кезекте Аршалы және Целиноград аудандарындағы 20 елді мекенде газ тарату жүйелерінің құрылысы жоспарланған.
Бүгінде әкімдік 13 жобаның жобалық-сметалық құжаттамасының 8-іне мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алды, олар бойынша мердігерлік ұйымдарды анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Қалған бес жобаның жобалық-құжаттамалық құжаттамаларына мемлекеттік сараптама қорытындысын алу мерзімі – 2019 жылғы қараша.
«Елбасының бес әлеуметтік бастама аясында берген тапсырмасының бірі – бұл бесінші бастаманы Энергетика министрлігі орындады деп айтуға болады. Өткен айда біз «алтын дәнекерлеу» рәсіміне қатыстық. Яғни, Нұр-Сұлтан қаласына магистралды газ құбырын тартуда оның соңғы жігі дәнекерленді», деді Энергетика вице-министрі.
Газ бағасы қалай белгіленеді?
Баспасөз мәслихатында Мұрат Жүребеков Нұр-Сұлтан қаласын газдандырудың бірінші кезеңі аясында газ бағасын белгілеу мәселесі туралы да айтып берді. Оның айтуынша, тұтынушылар үшін түпкі баға астанада үш негізгі факторға байланысты түзіледі. Біріншісі – жер қойнауын пайдаланушылардан (яғни газды өндірушілерден) сатып алу бағасы, ол бойынша батыс кен орындарынан, Теңіз газдан, сондай-ақ Ақтөбе кен орны топтамасынан газ алу жоспарланған. Сатып алу бағасын Энергетика министрлігі Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитетімен бірлесіп реттейтін болады.
«Екінші бөлігі – газ тасымалдау. Газ «Бейнеу – Бозой – Шымкент» газ құбыры арқылы тасымалданатын болады. Онда біздің тариф анықталғанымен бұл жаңа газ құбыры. Бағаға әсер ететін үшінші фактор, газ тарату желілеріне жұмсалатын шығындар. Олар бюджеттен қаржыландырылады. Сондықтан ықпалы аз болады. Тек желілерге қызмет көрсету тарифі болады. Бағаға ықпал ететін негізгі фактор – 267 млрд теңге қаржы жұмсалған жаңа газ құбырының тарифі», деді Энергетика вице-министрі.
М.Жүребековтің айтуынша, пайдалануға берген соң құрылыс ұйымы газ құбырын әрі қарай пайдалану үшін «Интергаз Орталық Азия»-ның басқаруына тапсырады, бұл компания «ҚазТрансГаз» ұлттық операторының еншілес құрылымы.
«Одан соң компания Ұлттық экономика министрлігінде тарифін қорғайтын болады. Тариф бекітілген соң елордадағы көтерме бағасы анықталады, соны ескерумен тұтынушы үшін бөлшек бағасы есептеледі. Біздің газ құбыры пайдалануға берілетін күнді күтпейтінімізді айтқым келеді. 13 қараша күні Премьер-Министрдің төрағалығымен кеңес өтті. Жұмыс тобы құрылды, ай соңына дейін газ бағасы бойынша нұсқалар ұсынылатын болады», деді ол.
М.Жүребековтің айтуынша, газ бағасы көмірден арзан болмайды, дегенмен, газ елорда мен басқа облыстарда энергияның дизель, мазут деген сияқты басқа баламалы көздеріне қарағанда, арзан болады.
«Бізде делдал жоқ, бағаны жер қойнауын пайдаланушылардан «ҚазТрансГаз» АҚ ұлттық операторы сатып алып, халыққа жеткізеді. Біз қазірдің өзінде тұтынушыға осы бағаны анықтау үшін шаралар қабылдап жатырмыз. Бүгін бізде бағаның көптеген нұсқалары бар. Айта кетерлігі, ең төменгі баға нұсқасы таңдалады. Біздің мақсатымыз – бағаны халық үшін қолжетімді және арзанырақ ету», деп қорытындылады сөзін Энергетика вице-министрі.