Парламент Сенатында «Қазақстанның су қауіпсіздігі: жай-күйі, мәселелері, ұсыныстар» тақырыбында парламенттік тыңдау өтті. Оған Сенат Төрағасы Дариға Назарбаева, депутаттар мен Үкімет мүшелері қатысты.
2,5 миллион халық ауызсуға зәру
Сенат депутаты Мұхтар Құл-Мұхаммед төрағалық еткен жиында Парламент Сенатының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Қайрат Қожамжаров өз баяндамасында еліміздегі су ресурстарының жай күйіне тоқталып, халықты сумен қамтуға бөлінетін қаражатты қадағалауды күшейту керектігін айтып өтті.
«Елбасы Н.Назарбаев Біріккен Ұлттар Ұйымының Су конвенциясы мүшелерінің сегізінші сессиясында «Су адамзаттың шектеулі қоры және оның жетіспеушілігі әлем аймақтарының тұрақты дамуына кедергі келтіреді» деген болатын. Қазақстан су қоры мен су шаруашылық жүйелері әлсіздігімен ерекшеленеді. Сондықтан «Қазақстан-2050» стратегиясында су көздеріне ие болу геосаясаттың маңызды факторы ретінде белгіленген.
«Ұлттық қауіпсіздік туралы» заңға сәйкес ауызсу жетіспеушілігі ұлттық қауіпсіздіктің қатері болып табылады. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында осы қатердің алдын алуға ерекше көңіл бөліп, Үкіметке қаржы көздерін анықтау тапсырмасын берді», деді. Депутаттың ақпаратына сүйенсек, су ресурстарының 56 пайызы ғана Қазақстанда екен, ал қалған 44 пайызы – трансшекаралық өзендер. Сонымен қатар Қ.Қожамжаров 1,2 трлн теңге бөлінген «Ақ бұлақ», «Ауыз су» бағдарламалары аясында халықты сумен қамтамасыз ету ауылдарда 80 пайызға, қалаларда 100 пайызға жету керектігін еске салды. «Алайда ауыл-аймақтың 51 пайызы әлі де таза ауызсумен қамтамасыз етілмеген. Бұл – орташа есеппен 2,5 миллионға жуық халық, яғни республика азаматтарының 13 пайызы. Ал 87 қаланың тек 58-і ғана кәріз жүйесімен қамтылған. Олардың көбі апаттық жағдайда. 29 қалада кәріз жүйесі мүлде жоқ, ал бұл пайдаланылған судың тиісті жерлерге жетпейтінін білдіреді. Құқық қорғау органдары су ресурстарына қатысты 102 қылмыстық іс қозғады. Жалпы есеппен 5 млрд теңгеге жуық шығын есептелді. Бұған жауапты 30 азамат сот алдында жауапқа тартылды», деді сенатор.
139 су нысанының тек 3-еуі таза
Сонымен қатар Қайрат Қожамжаров еліміздегі ең таза өзендерді атап өтті. «Зерттеу жұмыстары көрсеткендей, 139 су нысанының ішінен «нормативті тұрғыда таза» санатына 3 өзен жатады. Атап айтар болсақ, бұл тізімге Атырау облысындағы Жайық, Қиғаш, Түркістан облысындағы Бөген өзені және Каспий теңізі енгізілді», деді ол. Оның айтуынша, 102 су нысаны (68 өзен, 17 көл, 14 су қоймасы мен 3 арық) «бірқалыпты деңгейде ластанған» санатына кіргізілген. «Жоғары деңгейде ластанған» санатында 16 өзен мен 14 көл бар. «Аса ластанған» санатындағы 3 өзен ретінде Солтүстік Қазақстан облысындағы Красноярка өзені мен Ақмола облысындағы Қылшықты, Шағалалы өзендері мен Майбалық көлі аталып отыр. «Судың ластануына барлық жағдайда өнеркәсіптік кәсіпорындардың қалдықтары, қалдық қоймалардың компоненттері, шахта мен кен орындарынан шығарылған қалдықтар себеп болып отыр», деді депутат.
Оған қоса Қазақстандағы су қоймаларының 40 пайызы ескіріп кеткенін де мәлімдеді. «Олардың 82 пайызының пайдаланыла бастағанына 40 жылдан асқан. Қазіргі таңда су қоймаларының иелері инвестиция салмастан, барлық пайданы өз қалталарына салады. Ал айналып келгенде төтенше жағдайларға мемлекет жауапты болып отыр. Қызылағаштағы оқиға бәрінің есінде болар», деді Қайрат Қожамжаров. Осы себепті сенатор су қоймаларының ауқымына қарамастан, оны күтіп ұстаудың бірыңғай талабын бекіту керек деп есептейтінін де жасырмады. «Сонымен бірге су нысандарының есебі бойынша жауапты органның құзыретін бекіткен дұрыс. Себебі Қазақстанда су қоймаларының саны, техникалық жай-күйі мен қайда орналасқаны туралы нақты толыққанды база жоқ. Тиісті заң жобасы қазіргі таңда Сенатта қаралуда», деп түйіндеді ол.
218 млн текше метр су тиімсіз пайдаланылған
Осы ретте Есеп комитетінің төрайымы Н.Годунова тәуелсіздік алғалы Қазақстанда су объектілері мен нысандарын тіркеу жүргізілмегенін хабарлады. Оның айтуынша, еліміздегі гидротехникалық нысандардың көбі апаттық жағдайда, ал магистральды каналдар пайдалануға жарамсыз болып қалған. «Гидротехникалық нысандардың реконструкциясы мен жөндеуі көбіне бюджет нормасын бұзумен жасалады. Осылайша бүгінгі күні 21 млрд теңгенің тиімсіз қолданылғаны анықталды. Есеп комитеті бұл салада үлкен аудит жасап, жобалық-сметалық құжаттарды дайындады», деді Н.Годунова өз сөзінде.
Комитет ақпаратына сүйенсек, тексерілген 10 су шаруашылығы нысандарынан 5,5 млрд теңгеге смета бағасын асыру тіркелгені белгілі болып отыр. Комитет төрағасы Н.Годунова бұл қаражатқа 600 орындық 5 мектеп салуға болатынын айтты. «Жалпы, мемлекеттік аудит нәтижесінде, су ресурстары бойынша 2,5 млрд теңге көлемінде қаржылық заң бұзушылық, 26,3 млрд теңгеге жуық тиімсіз пайдалану анықталды. Сонымен қатар 2018 жыл бойынша 218 млн текше метр су тиімсіз пайдаланылғаны, ал құбырлардың жарамсыздығы салдарынан 16 млрд теңге көлемінде шығын шыққаны белгілі болды», деді ол.
Жиынға қатысқан депутаттар тиісті органдарға өз сауалдарын жолдады. Отырыс соңында Сенат Төрағасы Дариға Назарбаева су ресурстарын қорғау мен нысандардың жұмысын арттыру еліміз үшін де, әлем үшін де өзекті мәселе екенін еске салды. Осы орайда су ресурстары бойынша мемлекеттік аудит жүргізген Есеп комитетінің төрағасы Наталья Годуноваға алғыс айтып, тәуелсіздік алғалы елімізде су ресурстары бойынша мұндай көлемді тексеру жұмыстары жүргізілмегенін еске салды.