Мұрат Шаймаран 1969 жылы 13 қарашада ҚХР Үрімжі қаласында дүниеге келген. Іле педагогикалық институтының «Қытай тіл-әдебиеті» факультетін тәмамдаған. 1993 жылдан бастап «Күйтің газеті» қазақ тілі басылымында әдеби редактор болып жұмыс істеген. Қазір әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Журналистика факультетінде оқытушы қызметін атқарады.
«Түнгі сарын», «Еркін аспан өлеңі», «Жасыл түн» жыр жинақтарының авторы.
Елу жыл алдында
...Сонымен,
Елу жыл алдында өліп ем,
Өмір деп аталар қорымға көмілгем,
Не жаздым мен саған, о, Тәңір?!.
...Тірі едім,
Жап-жасыл құс еді жүрегім,
Хор қызын қолтыққа ап бақтарда түнедім.
...Ғайбат та,
Жоқ еді қасірет... Ой батпан.
Тек жұмақ сарайы құстарын сайратқан.
Даңық та,
Болмаған патша да, ғаріп та,
Бейкүнә жанымыз жүретін қалықтап...
Бәрі әділ,
Мейірбан періште - қарауыл;
Тәңірдің кесігі қақ жарар қара қыл..!
Жаратқан
Сый еткен киелі шараптан,
Мастанған шайырлар жұпар жыр таратқан.
Болатын
Жұмақта жын шалық көп ақын;
Ал, Құдай бәрін де кешіре салатын...
...Сонымен
Елу жыл алдында өліп ем,
Өмір деп аталар қорымға көмілгем.
Бұл қорым -
Тамұқтың өзі екен білгенім.
Бақастық,
Ғадауат,
Көз жасы - күндерім.
Күнәм не?
Қалайша төземін бұған мен!?.
Шын өмір осы ма?
Қанша жыл тұрам мен?!.
Қарашы,
Ғаламның жаңылмас Панасы!
...Бір нәрсе алмасып кеткен ау, шамасы...
***
Бейтаныссың және сондай таныссың,
Күндей нұрлы болғаныңмен, алыссың.
Жүрегімді өрттей жаулай береді,
Жанарыңнан шашыраған әр ұшқын.
Сен көктемсің,
жапырақсыз мен күзбін,
Сені іздедім жанарынан әр қыздың.
Жапанда өскен жалқы дарақ секілді
Жалғызбын-ау, жалғызбын-ау
Жалғызбын...
Мен кетермін,
Ашар аспан саңылау,
Ақыл-дұшпан,
Жұрт табашыл,
(бәрі жау!)
Түпсіз терең көздеріңмен киылып,
Қарамауың керек еді, жаным-ау.
Сенің көзің - менің мұңым көлкөсір,
Әр құрағы айтатұғын желге сыр.
Мен күзбін ғой, өртке оранған өртеңмін,
Жандым, бітті!
Сен себепкер, кел де өшір?!
Ескі дерті, судай жаңа мұңы бар,
Есалаңмын,
Жо жоқ, келме! (кім ұғар...)
Мен күзбін ғой,
көктем мен күз тым алыс,
Ақпан келер, бәрі тынар, суынар...
***
Үңіл маған?!
Кектен мейлі...
Үңілме,
Мен өзіңе тәуелсізбін бүгін де!
Бір жұмбақ қыз сыбызғысын сыңсытып
Отырады жүрегімнің түбінде...
Тыңдашы сен,
Үні дерсің бұлбұлдың,
Мұңы дерсің жастық деген құрғырдың...
Гүл ернінен ұшқан лағыл әуендер
Кысқы кеште ай нұрындай сыңғырлы.
***
...Өзгеріп сала берді өмір нағып?
Барады үміт билеп,
Көңіл жанып.
Сен маған Муза болып келдің бе рас,
Кіршіксіз қанатыңды жеңіл қағып?!
Кел бері,
Музасың ба?
Сендір мені!
Көп болды көк өзенде сең жүргелі...
Музаның жанары да жақұт па еді,
Сенің мойыл көзіңдей мөлдір ме еді?!
Муза да сендей ерке кекілді ме,
Түр-түсі, күлкісі де өтімді ме,
Шаштары шаштарыңдай қарамақпал
Кешкі теңіз толқыны секілді ме?!
Кел бері,
Жанымнан ал мәңгі мекен,
Музасың!
Сенемін мен енді бекем.
Дауысы сенің сәби дауысыңдай,
Сымбаты сәмбі талдай сәнді ма екен?!
Құлпырған саулесінен гүлдің өңі,
Музаның сендей көркем күн - жүрегі.
Өзінің кірпігінде моншақ бар ма,
Моншағы мұңы ма екен, кім біледі...
О, менің жап-жас арман, махаббатым,
Кел бері,
отырмайсың неге жақын..?
Мәңгілік ештеме жоқ адам үшін,
Музасы қайтқан күні өледі ақын...
***
...сөз сиқыр жазбай ма екен жараны да...
Мағжан
Менен осы не тілейсің?
Сөз бе?
кәні, көрейін,
Сол сөз теңіз түбіндеме, сүңгиін де, терейін.
Інжу сөзді іліп алып қайта саған келейін,
Кірпігіңнің әр талына тізіп-тізіп берейін.
Қандай сөзбен сыйлар екем - терең және еңселі,
Өмір деген қасиетті сөйлемдердің бөлшегі.
Жапырақ та табиғаттың жазып берген сөзі ғой,
Жасыл жібек көйлегіңнен аумайды екен ол сенің.
Ләләгүлі,
Далагүлі - әсемдіктің ұғымы,
Менің сөзім мың бояулы сол гүлдердің шырыны.
Ақ жаңбыр да аспан жақтан ағытылған сөздер ғой,
Сыңғыр - сыңғыр бұлақ сөйлер...
Ол да сенің бұрымың.
Көркем тілмен күн сөйлейді, тіршілікке ым қағып,
(дидарың да күн секілді кетуші еді нұрланып)
Ғарыш жақтан құлайды сөз, сәулелермен бірге ағып,
Жүрегіме енеді сөз, өзге жаннан ұрланып...
Ол жұмбақ сөз - сүю деген,
ол қымбат сөз аса бір,
Дерті қалың,
өрті жалын, құпясын аша біл...
Жұрт үшін ол арзан болсын, мен үшін ол ұлы сөз,
Сол сөзді мен саған берем, ару арман, жас өмір!
Ақшам
Алматы.
Ай туар шақ,
Нөпір алаң,
Күзгі бір күндей болып тоқыраған –
Ұшымен таяғының жер сызғылап,
Оңаша бір мүйісте отыр Анам.
Ешкім де шақырмайды топқа мұны,
(Жаңаға ескі өмірдің жоқ қадірі)
Таяқтың имек басын шарт ұстаған
Қолының білеу-білеу көк тамыры.
Ағады тым салқындау ондағы қан...
Шалдыққан жолаушыдай жол қамынан –
Күдік көп көңілінде...
Күдік деген
Жымынан тап беретін ол – Қабылан.
Ақшамдай алабұртқан өң-реті,
(алаулап келмейді ғой өмір екі)
Тағы да жүрегін бір солқ еткізді,
Қабылан құйрығымен соғып өтіп...
Бақ солып бара жатыр кеш бүрлеген,
(тек Аспан жаңармаған, ескірмеген)
Сұрапыл бір аңсаудың тұрғаны анық,
Көзінде жанар оты өшкіндеген.
Алматы - қызыл-жасыл жалын іші,
Сан тағдыр жүр сенделіп сабылысып.
Алатау паң қарайды көкті сүзе,
Не қылсын ол адамдар сағынышын.
Келген жан бұл өлкеге өмір айдап,
Қояды аяғансып мені бейбақ.
Орнынан тұра бере,
Сайсүйегі
Сықырлап ән сап кетті "Елім-айлап..."
Жұмақ туралы әңгіме
Баяғыша жүрек жүдеп, іш қайнап,
Жүрмейміз бе сұм өмірге тіс қайрап?!
Жатамыз ба жасыл xауыз ішінде,
Таңғы ұйқымнан оята ма құс сайрап?!
Түн қарақшы әкетпей ме күнді ұрлап,
Сұлулардың сырғасында сырлы ырғақ?!
Шөлім қанбай жүрген жан ем, іргемнен
Бұлақ ағып жата ма екен сыңғырлап..?
Оһо Жұмақ, солай ма екен!?
Талпынам,
Сенде дейме күнасыз қыз,
Мәрт ұлан?!
Шарап құйып бере ме екен бір сұлу,
Кеудесінен жүзім исі аңқыған?!
Берсе нені мына Жалған, көп алдым,
Үміт қашты, арман өлді, жоғалды...
Зарғу да, інкарлық та жоқ па онда,
(туған жерді сағынбайтын болармын)
Өмірге ерке, өңіріңе өгей ем,
Бір де толып,
Бір де арнамнан кемейем.
Жығасы бар - жасыл құстың қанаты,
Жұмақ жақта сен барсың ба, ей Өлең?!
Аспан көзі – қара нөсер,
Селдесе,
Сені аңсаймын тақуа бір пендеше.
...Жұмақ жайы шын болған-ау, шамасы,
Әмірxан дос қайта айналып келмесе...
Алғашқы қар немесе қоштасу
Нәп-нәзік алақанда еріген қар,
Тамшылап таусылатын өмір болар.
Жыл өтер, Жын басылар бой билеген,
Сол тамшы жанарыңнан сенің де ағар.
Қоштасу - Қарашаның қарлы кеші,
Біз көндік, Тәңір салды - жарлық осы.
Құшағы аппақ бүрлі аңқау әлем,
Жалқы емен, Жайқын қала... қалды елесі.
Жұмақта өнген талдың бүршігі - өзің,
Көркіңе көз сүземін, күрсінемін.
Қар мынау – алғашқы қар – аспан гүлі,
(сен сондай көркем едің, кірсіз едің)
Сұлулық – алтын тұлым, Күміс қанат,
Кім сүймек, Саусағынан кім ұстамақ?!
Шағылған шаттығыңның ақ маржанын,
Сен шашып жібердің бе уыстап ап;
Жауып тұр... Жердің қара жүзін жабар,
Жел тұрар, кәрі қурай ызың қағар.
Баянсыз менің келте ғұмырымдай,
Ымыртқа сұлбаң сіңіп, ізің қалар.
Қош енді,
Аңғал дәурен барады аунап,
Жанбайды баяғыдай жан алаулап.
Ақырғы маxаббаттың кебініндей,
Алыстан ақпан келед ағараңдап...
Уа, ұлы інкәрліктің балғын кезі,
Жоқпын ба?
Бұ тірлікте бармын ба өзі?!
...Бәрібір сені есіме салар әлі,
Жылаған жоса-жоса қардың көзі.
Түн
Күнді сүйдім, Сүйдім мен таң алауын,
Жайдым соған жанымның бар алабын.
...күн батады-ау көзұшы көкжиекте
бұлғап, бұлғап қан қызыл орамалын.
Сыңсыта бір басады әніне Кеш,
Тереземді қағады тағы да елес.
Түпсіз көктен мың жұлдыз оянады,
Оянады... Дертіме дәру емес.
Қайғы қолы қайнатқан уды ішуді,
кім бұйырды, Кесесін кімге ұсынды?!
Қоңыр үзік іңірдің іргесінен
Келе жатыр ақық көз түн мысығы.
Тыныштығын алғандай түн ұрлатып,
Түрегелді көп күдік қырын жатып.
Түн мысығы жарамды тырнайды енді,
Балапанын жанымның шырылдатып.
Неге бұлай? Не үшін? (сұрақ бұлар}
Әй, шамасы, өлтіріп бірақ тынар...
Қара жаулық жамылған жалғыздығым,
Босағама сүйеніп жылап тұрар.
Қанатым - түн. Мен қайда барам ұшып?!
Ойсыз тобыр жүр тойлап шарап ішіп.
Жалғыздығым мойнында – ғалам мұңы,
Ал ғаламның қойнында – қара мысық...
Иесіз
Алматы баяғы қалпында...
Әйнекті қағады тамшылар бір-бірлеп,
Таңданам таң алды "япырай, бүл кім ?!"-деп,
Сүлдерін сүйретіп келеді бір адам,
Жол бойы қара ағаш тұр бүрлеп.
О, қала, ұйқысыз – сәтке де қалғымас,
Сұп-суық қойныңды жып-жылы жаңбырға аш!
Тас еден көшенің кеудесін таспалап,
Бауырлап ұшады қарлығаш.
Есерлеу жел тұрды - жеңілтек қылығы,
Тарқата бастады бұлттардың бұрымын.
...Отырды орындыққа, дірілдеп саусағы
Әзерге тұтатты шылымын.
Көз алды – тәкаппар сарайлар кіл абат,
Асқақтай қарайды кес-кестеп тұра қап.
Мап-майда жаңбырдың мөп-мөлдір моншағы
Ағады әжімін қуалап.
Аспанның шырағын бұлт көмді – көкте өлді,
Ғаламның жүзінде қаралы көп белгі.
Қисапсыз ақ қарлы ақпанның түнінде ол
Аңсаған осынау көктемді.
Барады жұрт шұбап тірлігін түгендеп,
Ал оның дерті ауыр, береді кім емдеп?!
Жанарда бүлк ете түседі бір елең,
Ертіп ап кетердей біреу кеп.
Мен оны танимын,
Мен оны білемін –
Сәуірді сүйеді жұпар төс, гүл ерін.
Сонау-у бір терезе ішінде мен бармын –
Бар оның жылаған жүрегі...
Мұрат ШАЙМАРАН