Фариза апамның қасында жүріп, Әбіш ағамен жақын араласу бақыты бұйырды. Ол кісінің қол астында еңбек етпесем де, жерлес не замандас болмасам да, сырттай шығармашылығы арқылы атын білемін. Бір күні Фариза апамды іздеп Абай көшесінде орналасқан Парламент Үйіне бардым. Апам бір шаруалары шығып, аяқ астынан Алматыға жол жүріп кетіпті. Жайшылықта көлденең кісіні кіргізе бермейтін ғимаратқа кірген соң, «Әбіш ағаға соғып, сәлем берейінші» деген ой келе қалды. Түскі үзіліске шығатын уақыт та таяп қалған. Ұзын коридорды жағалап жүріп «Ә. Кекілбаев» деген жазуы бар кабинеттің есігін қақтым. Төрде түрі шаршаңқылау тартып аға отыр екен. Сәлемдестім. Мені жыға танымады ғой деймін, түрінен шаршағандық пен қауырт жұмыстың көптігі көрінеді, «шаруам болса, тездетіп айтуымды» сұраған кескін көрдім. «Аға, мен Елена деген қарындасыңызбын, аздап ән жазам, өлең жазам», деп едім, Әбіш ағаның бағанағы түрі жадырап сала берді. «Бәсе, түрің таныс, қайдан көрдім десем, ей, айналайын», деп айналып-толғанып жатыр. «Фариза апама келіп едім, апам Алматыға кетіп қалыпты, сосын сізге соғып сәлемдесейін дедім» деймін. Менен басқа қулау біреу болса, «Аға, сізге арнайы сәлем бере келдім, мынау бір сыбағаңыз» деп қалта-құлтасын ұстай кірер еді. Қапелімде «Фариза апам жоқ болған соң, сізге соға салдым» дегендей болдым-ау деп өзім қатты қысылып қалдым. Менің қысылып қалғанымды Әбіш ағам байқаған болуы керек: «Фариза Алматыға кетіп қалып па? «Тентектен – тез хабар» деген осы. Кеше ғана жұмыста еді», деп күліп алды да, «Құдайды да күніге төрт рет жақсы көріп, төрт рет жек көріп қалатын Фариза сені айнымай жақсы көріп келе жатыр, соған қайранмын», деді. Менің де қысылғаным сейіліп сала берді. Астанаға жұмысқа келгенімді айтып, аз-маз әңгімеден кейін: «Жалпы, кабинет жағалап жүретін әдетім жоқ еді, бірақ сізге келдім», дедім. Онымның да «сәлемімді бұлдағандай» сәл ыңғайсыздау шыққанын, сөз-оқ атылып кеткеннен кейін түсініп, дереу қобалжып қалдым. Әбіш аға: «Менің де ондай әдетім жоқ», деді. Ұзын-ырғасы сүт пісірім уақыттан кейін түскі ас уақытының болып қалғанын, ағаның шаруасы қауырт екенін ойлап, қоштасып шыға бердім. Аға да рахметін айтып, тілегін жаудырып жатып, өзі де жиналып ілесе шықты. Коридорда ізіне еріп келемін. Шығатын есігімнің қайда екенін ұқпай, адасып қалғандаймын. Әбіш аға да сол есіктен шығады деп ойлаған болуым керек. Ұзын коридордың аяғына жеткенде қасында емпеңдей басып келе жатқан маған Әбіш аға жалт қарады да: «Үйге жүр, Клараның шайын ішейік», деді. Сол кезде есімді жиғандай болдым да, «Рахмет, аға, менің де жұмысқа баруым керек», деп кейін бұрылдым. Әбіш ағаға ілесіп, мүлде басқа шығыс есікке бара жатқанымды сонда білдім.
Сол сәттен бастап Әбіш ағамен жиі ұшырасатын болдым. Фариза апам ұйымдастырған астанадағы алғашқы шығармашылық концертімде жарты сағат сөйлеп, сөзін мерейімді көкке көтере «бес жігіттің жүгін көтерген нарлығыңа рахмет, бұл дүниеде барлығыңа рахмет» деп аяқтады. Әбіш ағаның осы сөзінен кейін маған ешқандай награда, орден керек емес еді. Әр сөзінен ұлылық пен жылылық есетін, әрбір ойы адамзат баласына бағышталатын ғұламаның көзін көріп, батасын алу екінің біріне бұйыра бермейтін бақ.
Әбіш аға ер-азамат болған соң әрі мемлекеттік жауапты қызметте жүрген соң, мазасын алмайын деп көп бара бермеймін. Фариза апайға ілесіп, жиын-тойда жолығамын, анда-санда үйіне барамын. Есіктен кіргеннен көзінен менің ішкі көңіл күйімді лезде оқып қоятындай, жан-жүрегінен ешкімге ұқсамайтын бір рақат жылылық есе жөнеледі. Ондай жылылықты Әбіш ағадан басқа адамнан көру мүмкін емес. Клара апамның дастарқаны әрқашан дайын. Менің сырттан тоңып келгенімді сезіп, Әбіш ағам өз қолымен бауырсаққа қаймақ жағып беріп «жей ғой» деп, мені баладай өбектейді. Оны көріп отырған Фариза апам: «Әй, Лена, жей бермесеңші, одан сайын толып кетесің ғой», дейді. Әбіш ағам: «Қайтесің, жеп ал», деп одан сайын еркелетеді. Дастарқан басында небір аңыз, әпсана, тарихи әңгімелер ағытылады сосын. Ұлылардың ұлылығы сол, ешқашан біреуді мансұқтаған, кісіні кемсіткен, басқаны келеке еткен бір сөз естімейсің. Қайта «қайткенде ел боламыздың» қамындағы біріктіру, ұлт сапасын арттыру, білім деңгейін көтеру, әлеуметтің қиын да күрделі мәселелері сөз болады. Арасында, Асқар Сүлейменов, Есенжол Домбаев сияқты белгілі ақын-жазушылардың басынан өткен қызықтары да ескерусіз қалмайды…
Бірде Фариза апам: «Қазір Әбіш пен Клара түскі асқа келеді, сен де кел», деп шақырды. Бардым. Әбіш ағам есіктен кірді. Түрінен түр жоқ. Бет-аузы қарақошқылданып, қан қысымының жоғары болып тұрғаны білінеді. Төртеуміз дастарқан басына жайғастық. Фариза апам қуырдақты, кісенанды, бауырсақты өте дәмді пісіреді. Бұл жолы қуырдақ қуырылыпты. Шай келді, Әбіш аға ештеңе демеді. Апам ананы-мынаны айтқан болып өбектеп жүр. Клара апам екеуі алыс-жақын ағайынды сөз етіп отыр. Әбіш ағам ой үстінде. Бір мезетте Фариза апам: «Лена, домбырамен ән сал, «Маңғыстауды» айт», деді. Мен «Маңғыстау» деген әнімді айта бастадым. Бір сәт Әбіш ағамның көзінен бұрқырап жас ағып барады, кемсеңдеп еңіреп қоя берді. Мен де әнді аяқтай бердім. «Осы жер, осы дала кетті ғой көзден бұлбұл ұшып» деді өксігін баспаған күйі. Сол күндері Парламентте «Жер туралы» заң қабылданып, Әбіш ағаның жалғыз өзі қарсы дауыс беріп келіп отырған сәті екен. Мемлекет тарихындағы ең ауыр, ең қастерлі де қатерлі сәттерде әрбір іске ұрпақ көзімен қарап, ұлылық танытқан, дәл сол мен көргендей жүрегін езе еңіреген қатепті қара нарым-ай! Жалпы, Әбіш аға жүрегі үлпілдеген, жаны өте нәзік адам еді. Ауылдастары: «Біздің Әбіш үнді фильміне солқылдап жылап отырады» дейтін. Бұл турасында Әбіш ағаның өзі де анасы Айсәуле әжемізге: «Мама, Фариза ұлың да, мен қызың сияқтымын», дейді екен. Фариза апам жаман ауруға шалдығып, бірнеше рет шетелге ем-домға қатынап жүргенде, Әбіш ағам қатты күйзелді. Бір күні Әбіш ағаның үйінде шай іштік. Сонда Клара апам: «Фариза, мына Әбішке ұрысшы, сен ауырғалы әлсін-әлсін жылай береді, қан қысымы мен қанты көтеріліп кетті», деді. Сонда Фариза апамның «Әй, Әбіш, біздер шамамыз келгенше еңбек еттік, халыққа барымызды бердік, барлығына да шүкір деуіміз керек. Мәңгілік ештеңе жоқ қой» деп, өзінің ауырғаны үшін Әбіш ағаға басу айтып отырған ұстамдылығына, ірілігіне қайран қалдым. Әбіш ағамның көзі жасаураған күйі үнсіз қалды. Әбіш ағам ауырып қалса, Фариза апамның да көңілі қашып, уайымдап қалатынын талай көрдім.
Әбіш ағам мемлекет ісінде кемеңгер тұлға, заңғар жазушы, түпсіз білім иесі болғанмен, қарапайым өмірде өте епсіз еді. Клара апай айтпақшы, «балаларының туған күнін, үйдің мекен-жайын, телефон нөмірін, үйіне кіреберіс есіктің кодын, теледидардың пультін басуды» біле бермейтін. Тіпті, қанша айлық алатынына, көлік маркасы мен нөміріне, іссапарға шыққандағы шығындарға, жұмысы мен үйі қай қабатта тұратынына да мән бермейтін. Әбіш ағамның осы «қожанасырлығын» білетін Фариза апам үнемі Парламенттің есеп-қисап бөліміне телефон соғып: «Әбішке іссапар шығындарын беріңдер, қасына Клараны ертіп жіберіңдер», деп балаша қадағалайтын.
Махамбет Өтемісұлының 200 жылдығына орай Атырауда ЮНЕСКО көлемінде үлкен халықаралық жиын өтті. Фариза апам мен Әбіш аға бас болған жиынның салмағы да, мәртебесі де жоғары болды. Фариза апамның ұйымдастыру шараларына бар ынты-шынтысымен араласқанынан хабарым бар. Кешкісін жұмыстан: «Әбішке барып келдім, жазып жатыр», деп марқая кіреді үйге. Көп ұзамай Әбіш ағаның «Шандоз» атты тарихи зерттеу еңбегі жарық көрді.
Бірде апам екеуміз Әбіш ағаны туған күнімен құттықтап үйіне бардық. Апам қолына енді ғана шыққан он томдық шығармалар жинағын алып барды. Оны көрген Әбіш ағам: «Айналайын! Міне, мынау Фаризаның толық шығармалар жинағы емес, таңдамалы шығармаларының он томдығы. Құдай қаласа, әлі талай жинақтары шығады. Құтты болсын!» деп апамның кітаптарын қолына ұстап тұрып мәз болды. Сол сәтте әшейінде асаудай тулап отыратын Фариза апамның тұлымы желбіреген жасөспірім қыздай елжірей қалғанын көрдім. Әбіш ағаның сол сөзіне қалай қанаттанғанын көрерге көз, сезерге жүрек керек сәттер еді. Әбіш ағам Фариза апамның әрі серігі, әрі досы, әрі туысы, әрі ағасы бола білді. Ешкімге бет қаратпайтын апамды Әбіш аға ғана әзілмен тосып, апамның жұртқа түсініксіздеу көрінетін «мінездерін» қалжыңға айналдырып, «жұмсартып», «біздің Фариза» деп биікке көтеріп отыратын.
Әбіш ағаның өмір жолы да қыздарға көп байланысты. Кекілбай ақсақал соғыстан оралмай, анасы Айсәуле мен төрт қыздың ішінде өскен Әбіш ағадай қыз баланың қадірін біліп, қыздарды қастерлеп өткен қазақ сирек болар. Сол қасиетімен мені де туған қарындасындай көріп, бауырына тартты. Денсаулығының нашарлап жүргеніне қарамастан, 2014 жылы Астанада өткен шығармашылық кешіме келді. Концерттің соңғы жағында орнынан тұрып кете бермей, сахнаның сыртына келіп: «Сенің бүгінгі кешіңде есіме Мұқағали, Фариза, Қадыр, Төлеген, Табыл түсті. Сен бүгінгінің адамы емессің, сен де солардың бірісің» деп ақ батасын берді. Кеш бойы ойына әр нәрсе оралып, көңілі де босаған сыңайлы. Шаршап тұрса да, маған батасын беріп барады. Қайран абыз ағам-ай! Менің әндерімді де жақсы көріп, ылғи: «Сенің бар айыбың қыз болып туғаныңда. Жігіт болсаң, баяғы Шәмшілер, Нұрғисалар құсап шалқып жүрер едің. Әндеріңмен әлі біраз жерге барасың», деп бағалайтын. Бірде бір әңгіме арасында: «Негізі, қуатын өнер музыка мен живопись екен. Сөз өнерінде дерттен басқа ештеңе жоқ, адамды асырамайды екен. Жасымда сол иә музыканы, иә живописті қууым керек еді», деді. Әлемдік өнер біткеннің тарихы мен бағытын білетін ағаның бұл сөзінде де үлкен астар бар еді. Әбіш аға өмірінде кісіден бірдеңе дәметіп, ат мінбедім, шапан кимедім деген адам емес. Қайта алдына көмек сұрап келген үлкеннің де, кішінің де шаруасын шешіп, дұрысталып кетуіне барын салатын.
Әбіш ағаның отбасымен де аралас-құралас болып, балаларын өз бауырымдай сезініп кеттім. Асылдың сынығы ғой, бәрі де жарқын, жақсы, шынайы, тәрбиелі. Әсіресе үлкені Әулет ағаның болмысы, мінезі, кісіні сезгіштігі Әбіш ағадан аумайтын. Жасы менен үлкен болғасын, оны да аға тұттым. Бірде Әулет аға Фариза апамды, Әбіш ағаларды мейрамханаға шақырып, түстік ұйымдастырды. Әдеттегідей, апам мені ілестіре барды. Барғасын: «Әулетжан, қалың қалай? Жағдайың жақсы ма?» деп бір үйдің жандарындай әңгіме басталды. Әулет аға да әкесі Әбіш құсап: «Под вашей крышей круче не бывает» деп жүрміз ғой», деп күле жауап берді. Әбіш ағам да жайдары күліп, рақаттанып отыр. Апам кенет: «Осы сен мына Еленаны білесің ғой», деді тағы әдетіне басып, «Айналайын Әулетжан, ертең біз Әбіш екеуміз кетеміз, сонда мына қыздарға, қарындастарыңа қарап жүр, қамқорлап жүр. Саған поручаю» деп мені тапсырып жатыр. Әулет ағада да әкеге тән нәзіктік пен жылылық бар жігіт еді. Сөйткен Әулет ағаның ғұмыры қысқа болып, Әбіш ағам мен Фариза апамнан бұрын кетті. Аға орнына аға тұтар Әулет аға секілді азаматтар тірі болса, тап бүгінгідей жетімсіремес едім-ау деп жиі ойға батамын.
Маңғыстау облысының Астанадағы өнер күндері аясында Әбіш Кекілбайұлының «Күйші» хикаяты желісімен түсірілген «Кек» фильмінің тұсаукесері өтті. Қазақтың кино өнері тағы бір классикалық туындымен толыққанына куә болдық. Ағаның туған жерінен қаншама өнерпаздар келіп, Астананы дүр сілкіндірді. Ертесіне әуежайда шығарып салуға Әбіш аға мен Фариза апам бастап келіп, елден келген өнерпаздарға құрмет көрсетті. Шығарып салу рәсімі біткен соң, бірнеше күнгі әсерден арыла алмай, жігіттер жағы қайтадан мейрамханада дастарқан жайды. Ағыла сол жерге бардық. Бас-аяғы оншақты адамбыз. Бір сәт «Кек» фильмі туралы жұрт өз пікірін айта бастады. Фильмнің көркемдігі, әртістердің шеберлігі, тарихи оқиғаның жай-жапсары айтыла бастағанда, бір жігіт ағасы: «Әбеке, шығармаңызда біздің адайлардан түрікмендерді мықтырақ етіп жібергенсіз бе, қалай? Фильмде де солай сезіледі», деп қалды. Әбіш аға да күрт бұзылды: «Сен түрікменді осал жау деп пе едің? Қазақтың басынан оңай тағдыр өтті деп пе едің? Мына елдік, егемендік саған оп-оңай келіп тұр ма? Әрбірден соң, ел болу ұлыңның қанымен, қызыңның арымен келетін дүние» деп бастырмалата жөнелді. Күнұзаққа дуылдасқан топ сілтідей тынды. «Аңдамай сөйлеген ауырмай өледінің» кері келіп, әлгі жігіт ағасы кірерге тесік таппай жерге қарайды. Ал Әбіш ағаның елдік туралы айтқан әрбір сөзімен бірге біздің жанарымыздан тырс-тырс етіп тамшы қоса үзіледі…
Әбіш аға тәуелсіздік алған уақытымыздан бері қарасақ, елдің Бас Абызы болды. Басқасын айтпағанда, Әбіш ағаның қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе берердегі ұлан-ғайыр еңбегі неше ғасыр өтсе де, тасқа басқандай ерлік болғанын бүгін мойындамағанымызбен, түптің түбінде, есіміз кіргенде түсінетініміз айдан анық.
Ағаның өмірге келген күні – 6 желтоқсан. Туған күнінде үйіне бардым. Қыс мезгілі болса да күн борандатып тұрған жоқ. Біршама кісі жиналып, ағаны құттықтауға келіпті. Дастарқан басында тілек айттық, ән салдық. Ағаның әзілін, әңгімесін естідік. Бар қазақты бауырына тартып «айналайын» дейтін кең пейіліне масайып та, марқайып та отырмыз. Сол күні Әбіш ағадан бірінші рет кітабына қолтаңба жазып беруін өтіндім. Іші лық толған кітап сөресінен «Дүние ғапыл» кітабының бір данасын алып, қолтаңба жазып, ұсынып тұрып, маңдайымнан «айналайын» деп сүйді. Ең соңғы рет ағадан естіген сөзім екен. Араға төрт күн салып Әбіш ағадан мәңгілікке айырылдық...
Әбіш ағаның қазасын естігенде ішімде бірнәрсе үзіліп кеткендей болды. Дүниенің ең жарық, ең парасатты, ең шуақты, ең тәңіри келбеті лайланып, қарауытып кетті... Сол дүние содан бері сол түсін өзгерткен жоқ...
Елена ӘБДІХАЛЫҚОВА,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері