• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 05 Желтоқсан, 2019

Тіл тұғыры биіктей бермек

189 рет
көрсетілді

Биыл Ақтөбе қаласында ҚР «Тіл туралы» заңының қабылданғанына отыз жыл толуына орай түр мен мазмұны үйлесім тапқан көптеген іс-шара жүзеге асты. Осы орайда бір мәселе айқын деуге болады. Бұл егемен еліміздің тұғыры мемлекеттік тілімен де биік бола түсетіндігі. Ана тілін еркін меңгеруі арқылы жастардың бойында туған жері мен елін шексіз сүйе білу дағдылары қалыптасады. Оның терек иірімдеріне бойлай білу – саналы азамат болып қалыптасуды қалайтын жастар мен студенттердің басты парызы болмақ. Мәреге таялып келе жатқан биылғы Жастар жылында мұндай ұстанымның тигізер пайдасы аз болмаса керек.

Осы мақсатта Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Ақтөбе қалалық филиалының төрағасы Роман Рахиевтың ұйымдастыруымен өткізіліп жүрген байқаулар туған тілдің тұғырын одан әрі асқақтата түскендей әсер қалдырды. Мемлекеттік мекемелерде қызмет істейтін жастар мен жас мұғалімдер, оқу орындарының студенттері және өзге де мамандық иелері қатысқан басқосулар – олардың туған тілген деген құрметі шексіз екенін көрсетті.

Басқосуда олар жаңаша ойлау мен түлеудің және жаңаша жаңғырудың жарқын үлгілерін танытты. Мәди бабамыз «Жастық шақ, өткір қылыш жүзі емес пе, қайрапсап қалың жауға сермегендей» деп жырлағаны мәлім. Ақтөбелік жастардың туған тілге деген ұмтылысы – олардың тұла бойындағы қайнар күш-қуатпен тамырласып тұрғаны да байқаулар кезінде айқын байқалды. Ана тілінің мәртебесін көтерудің жолдары мен әдістері сан-тарау. Соның бірі өзге тілді этнос өкілдерінің мемлекеттік тілге деген құрметін қалыптастыру екені белгілі. Әрі осы арқылы ұлтаралық татулық пен бірлікті одан әрі тереңдете түсуге жол ашылмақ. Ақтөбе қаласында дәл осылай болып та жүргені көңілге риясыз жылы нұр құяды. Биыл құрылғанына 150 жыл толған еліміздің батыс өңіріндегі ірі шаһарда «Қазақ елі - құтты мекен» тақырыбында өткізілген байқаулар мен конкурстардың да ауқымы өте кең болғаны қандай ғанибет. Ең бастысы, бұл байқауларда өңірді мекендейтін өзге этнос өкілдері жастары мемлекеттік тілді тәп-тәуір меңгергендерін көрсете білді. Аталған байқауларда жүлдегер болғандардың санына он саусақ жетпейді. Жүлде алмаса да жарқын жүздерімен және қазақ тілін білуге деген құштарлығын көрсете алуымен көрермендер көңілінде қалғандары қаншама? Олардың бәрінің аты-жөнін атай кету мүмкін болмай тұрғанына, бәрі жиналып қос бірдей парақты тұтастай толтыратынына да ризашылығымыз мол.

- Олар ана тіліміздің құдыретін паш етіп, елдік пен бірліктің жарқын өнегесін танытты. Сонымен бірге «Қазақ елі – құтты мекенім» тақырыбында өткізілген байқау қонақтары мен қатысушыларына үлкен серпіліс пен қуаныш сыйлады. Оның өте қызғылықты, тартымды сонымен бір сәтте тартымды өткені соншалық жүлдегерлерді анықтау әділқазылар алқасына да оңай тиген жоқ. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында өткізілген мемлекеттік мәні бар осындай айрықша іс-шараға өзге тілді ұлт өкілдері шынайы жанашырлық ниет білдіріп белсене қатысқаны бәрімізді қуантты, - дейді Халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» Ақтөбе қалалық филиалының төрағасы Роман Рахиев.

Бір сөзбен айтқанда, Ақтөбеде мемлекеттік тілді еркін меңгерген әрі оны өз өмірі мен қызметінің бір бөлшегі деп санайтын жастар қатары көбейіп келеді. Жоғарыда айтылып өткендей, олардың арасында өзге этнос өкілдері де мол.

Тәуелсіздік талаптарының бірі де осындай парасатты қадамдардан туындамақ.

 

АҚТӨБЕ