• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
27 Наурыз, 2010

БІЗ БІЛЕТІН БАЗАРХАН

728 рет
көрсетілді

Біз бір ауданда туып-өстік. Кейін Алматыда білім алдық. Бірақ, бір-бірімізді білмейді екенбіз. Содан тоқса­ныншы жылдардың бас кезінде Қа­зақ КСР Жо­ғар­ғы Кеңесінің сайлауы өтіп, рес­пубөликалық “Дәуір” бас­па­сын бас­қа­ра­тын елге танымал бір кісі баламалы жол­мен депу­тат­тық­қа үміткер болып қа­тысты. Фоль­клор­шы-ғалым Мардан Бәйділдаев екеуміз сол аза­матқа жан­ашырлық ниетпен Алматы ауыл­ша­руа­шы­­лығы институтының сайлау учас­кесіне бар­дық. Ол бас оқу кор­пу­сын­да екен. Бізді бұйра шашты, дөңгелек жүзді жігіт күлімдей қарсы алды. Сөзі де ширақ, қи­мылы да шалт кө­рінді. Сөйтіп, жас­ты-ғына қарамай, үлкен-кішімен араласып әб­ден ысылғанын аң­ғартты. – Мардан аға, сізді танымайтын қазақ жоқ шығар, – деді күліп. – Ал, өзің кімсің, айналайын? – деп мар­қайып қалды Мардан ағамыз. – Базархан Ергеш­ұлы Рүстембаев дейтін ба­лаңызбын. Осы оқу орнында жас­тардың ғылыми орталығын бас­қарамын. Сайлау учаскесінің бас­шы­лығы маған жүктелгендіктен, ұзақты күн осында жүремін, аға, – деді. – Базархан деген атыңның өзі си­рек қой. Оңтүстіктің қай жеріненсің, ай­налайын?! – деді Мәкең ешкімді жатырқамайтын әдетімен. – Батыр Баукеңнің ауылы­нан­мын. – Ә, жуалылық болдың ғой. Міне, біз осылай танысқан едік. Сол таныстықтан кейін жиі-жиі жүздесетін болдық. Мектепті орысша бітіріпті. Бұрынғы Бурно-Октя­брь­ское дейтін үлкен ауылда, не­містер мен орыстардың ба­лалары ара­сында өскен. Бір жылы, ұмыт­пасам, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің елу жыл­дығы кезі болу керек, аудан орта­лығында Бауыржан Момыш­ұлына арналып мұражай ашылатын болып, соған шақырылдық. Астымызда жеңіл машина. Рульде Базарханның өзі. Күйік асуынан өтіп, қыр басына көтерілген кезде, көлігін тоқтатып, жерге түстік. Алдымызда ақ басты Алатау ас­қақтап тұрды. – Шіркін, туған жердің ауасы-ай! – деді тамсанып. – Түс көрсем Терістің жағасында жүремін. Бала кезімдегі оқиғалар қайталанатын түстерді көп көремін. Асудың үстінде, күре жолдың жие­гінде бірер минут аялдап, ай­налаға асықпай көз жүгіртіп, кө­лігімізге қайта отырған кезде ол он екі-он үш жас ша­ма­сында бастан кеш­кен қызық оқиғаны еске алды. Ай­туынша, өте жақсы оқыпты. Сынып­тас­тар­дың ішінде бес-алтауы қазақ та, қал­ған­дарының бәрі немістер мен орыстардың ұл-қыздары екен. Бір жағы бала­лықтары шығар, кейде басқа ұлттың балалары бұларды өздерінше басынып, тиісетін көрінеді. Оқу жылы аяқталуға аз-ақ күн қалғанда Базархан әлімжеттік жасағысы келген әлгілердің бірімен ұстаса кетеді. Арты төбелеске ұласады. Көптен бері кеп­тел­ген ыза бойын буғаннан ба, ол ән­ше­йінде мықтымси беретін сынып­тасынан өшін алады. Алайда бір мұғалім келе қалып, не керек, оны кінәлі етіп шы­ғарады. Ертеңінде директор әкесін шақы­р­та­ды. Әрине, мектептегілердің тектен-текке мазаламайтынын білетін ол кісі ат арбасымен түске таяу жетіп келеді. Таяқ жеген баланың әке-шешесі кикіл­жіңнің неден шыққанын сұрамайды. “Оң­бағансың. Бұзықсың. Сендей баланы колонияға жіберу керек!” деп, мектепті басына көтеріп айқайлап тұрған үстінен шығады да: – Әй, бұның не сенің? Әкең момын, шешең жуас кісі. Мұндай бұ­зақылық қайдан келді саған? – дейді булығып. Әкесі баласына бірден дүрсе қоя берген соң, аналардың үні бірден басылып қалады. – Әке, мен емес, әуелі өзі ғой тиіскен, – дейді бұл. – Әй, “өзің” не сенің, а?! – дейді тістене ызғарланып. Жанындағылар бірдеңе десе де тыңдайтын түрі жоқ. – Қане, жүр, алдыма түс!.. Енді Базархан бірдеңе деп ауыз ашса, аяйтын түрі жоқ. Жан-жағына қарамай, сүйретіліп әкесінің алдына түсіп сыртқа шықты. Ал ана кісі болса, ашуын баса алмай келеді. Содан арбаға отырып Терістен өтетін көпірге жеткен. – “Жетесіз бала ата-анасын жерге қаратады, жетелі бала елге қаратады” деген. Мені “Ергештің баласы бұзық” деген сөзге қалдырдың, – дейді әкесі тағы да көзімен ата түйіліп. – Әке, жаңа да айттым ғой, бәрін бастаған өзі деп. Мен... – дей беріп еді. “Тағы да ақталғысы келеді ғой. Сен өйтіп ақтала алмайсың. Бірге оқыған парта­ласының бет-аузын бұзатын сен сияқты баланың керегі жоқ!” – деген ол мұны өзеннің ор­тасына қарай аспандатып лақ­тырды да жіберді. Ал өзі сол бұрыл­маған күйі зулатып кете барды. Ба­зар­хан жақсы жүзетін еді, ағыспен бі­раз жерге дейін ығып барып, әйт­е­уір жиекке ілінді... Иә, содан бері қаншама жылдар өтті. Алайда сол оқиғаны әлі күнге дейін ұмытқан емес. Үсті-басы мал­мандай боп тұрып, қатты жылаған. Өзін түсінбеген, түсінгісі келмеген әкесіне өкпелеп жылаған. Кейін ашу-ызасы сейілгенде, әкем өстіген еді деп достарына айтып, күлетін болды. Ана шіркіннің жүрегі нәзік қой. “Әкесі-ау, бас жоқ-көз жоқ балаңа ұрсып, одан қала берді долы Терістің суына сүңгіткенше, “кім кінәлі, не бол­ды?” деп сұрасаң қайтетін еді? Ба­зархан бұрын да қайсыбір балалардың бірігіп ұратынын айтып жүретін. Сен соны ес­тімедің бе? Неге өйте­сіңдер деудің орнына... Әй, сен де!.. Базархан қашанғы таяқ жесін, дұрыс жасаған. Аза­мат­қа мінез керек қой, – деп еді. “Кірсіз Күн мен Ай, мінсіз бір Құдай” демей ме қазақ. Лажы болса, барынша таза, ақ-адал тірлік кешкенге не жет­сін! Бір жағы әлгі оқиға оған өмірлік сабақ болды. Өтірік айтпауға, ешкімге қиянат жа­самауға, барын береке етіп тірлік кешуге келгенде ата-ана тәрбиесі де үлгі-өнеге еді. Соғыстың сіңірген әсері де аз емес-ау, әсте, әке­сінің мінезі тік, қаталдау еді. Есесіне анасының жүрегі жұмсақ, тұла бойы тұнған мейірім шуағы. Әттең, екеуі де алпысқа жетпей бірінен кейін бірі көз жұмды. Ол уақытта Базархан Алматы ауыл­ ша­руашылығы институты ме­ханика факультетінің соңғы курсында оқитын. Артынан ілескен інілерінің бар машақаты мойнына артылды. Соларға әке орнына әке, шеше ор­нына шеше бола білді. Тағдыры солай болар, өзінен бірер жас қана үлкен әпкесі Роза да қырыққа жетпей, дауасыз аурудан қайтыс болды. Бұл кезде ол канди­даттығын қорғап, доцент атағын алып, өзі оқыған оқу орнында тәрбие ісі жөніндегі про­ректор еді. Әпкесінің өтініші бо­йынша сүйегін әке-шешесінің жанына апарып жерледі. Сонда ауылдағы ағайын-тумалар: “Айна­лайын, жас­пын демей, азаматтың ісін атқардың. Ата-анаңның да, әпкеңнің де ал­дындағы қарызың мен парызыңды жақ­сы өтедің. Енді алдында тұрған үлкен міндет – ізіңнен ерген інілеріңді қата­рынан қалдырмай адам ету”, – деп еді. Базархан ол міндетті де өтеді. Екеуін де оқытты, үйлендірді, үйлі-жайлы етті. – Көне Элладада әйгілі жеті даныш­пан­ның бірі болған, тапқыр ой, ше­шен­дігімен даңқы қалған Бианттан біреу “Ең жақсы ақылшы кім?” деп сұраса, “Уақыт” деп жауап беріпті. “Ең тәтті не?” десе, “Үміт ” депті. “Ра­­хат іс не?” дегенге, “Тапқан та­быс”, ал “Не қиын?” деген сауалға “Басқа іс түскенде сабырмен төзу ” деген екен. Өмір шіркіннің өрі көп қой. Соның бәрін көру керек, кө­теру керек. Оның мәні де сол емес пе? – дейді біз білетін Базархан Ергешұлы. “Адамда бір жақсы қасиет болса, бақ та, бақыт та қонады”, – дейді Жүсіп Баласағұни. Аталарымыз оны одан да тереңдетіп, “Әрекет – пен­деден, әділдік – Алладан” – дейді. Шынында, әр іске талап, ұмтылыс керек. Әйтпесе, жатқанға жан жуый ма?.. Базархан өз-өзін қамшылауы, қайрауы, жігерлендіруі арқылы қызмет сатысымен өрлеп, Қазақстан Респуб­ликасы Жастар ісі, туризм және спорт министрлігінің Жастар саясаты бас­қармасының бастығы дәрежесіне дейін көтерілді. Одан кейін, қой, өзіме етенелеу ғылымға қайта оралайын деп, Қазақ ауылшаруашылық академия­сы­на ғылыми хатшы әрі кадр бөлімінің бастығы боп барды. Академия тараған кезде Қазақ Мемлекеттік агро­тех­ни­калық университетіне жұмысқа ша­қы­рылып, ректордың көмекшісі, жастар ісі жөніндегі комитеттің төрағасы, ин­женерлік оқу-ғылыми өндірістік кешен директорының орынбасары қызмет­терін атқарды. Кандидаттығын техника сала­сынан қорғаса, эконо­мика және халық ша­руашы­лығын басқару ма­ман­дығы бойынша жеті-сегіз жыл жа­лықпай ізденіп, 2005 жылы док­торлық дис­сер­та­ция­сын қорғап шықты. Бүгінде С.Сейфуллин атындағы агротехникалық универ­ситетте технологиялық үрдістерді механикаландыру кафедрасының про­фес­соры, осы оқу орнында құ­рылған дис­сертациялық кеңестің төрағасы. Әріп­тестері мен оқытып жатқан шәкірттері көптеген оқулықтар мен әдістемелік құралдардың, біраз елдердің ғылыми басылымдарында жарияланған 180-нен астам ғылыми мақалалардың авторы ретінде жақсы біледі. Базарханның же­текшілігімен екі докторант және төрт кісі кандидаттық дәреже алу мақсатындағы іздену жұмыстарын аяқтау үстінде. Таяуда ғана бір шәкірті кандидаттық диссер­тациясын сәтті қорғап шықты. – “Жақсы ниет – тәуір істің бастауы, жаман ниет – ізгіліктің қас жауы” демей ме аталарымыз. Мені ізгілікке баулыған әкем ғой, – деп күліп қояды Базекең. Әсте, есіне ол кісінің өзін Терістің суына бір малып алғаны түсетін болса керек... Талғат АЙТБАЙҰЛЫ, жазушы.