Мұнайлы өңірлер қатарына қосылғанына 30 жылға жуықтаған Қызылорда облысында ауыл шаруашылығы негізгі саланың бірі саналады. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары абдырап қалған ауылдағылар көп ұзамай ес жиып, ата кәсіпке қайта кірісті. Мемлекет қолдауын тиімді пайдаланғандар табысқа жетіп, ел тіршілігіне едәуір өзгеріс енді. Бірақ жыл өткен сайын агросаладағылардың алаңын көбейтіп келе жатқан бір жағдай бар. Бұл – егіс алқаптарын суландыру мәселесі.
Судың шуы бітпейді
Осыдан 28 жыл бұрын облыста 286 мың гектарға жуық суармалы егістік алқабы болған. Жыл сайын аясы тарылған алқаптан қазір қалғаны 177 мың гектардың шамасында. Оның да 25 мың гектары соңғы 5 жылдың көлемінде қайта қосылған алқап. Ауыл иесіз қалғандай күй кешкен кешегі кезеңде инженерлік жүйеге келтірілген жердің көпшілігін сор басып, дәрмені құрыған диқанның көз алдында тозып кетті. Осыдан да Елбасының аймақтарда мемлекет-жекеменшік әріптестігі аясында суармалы жерлердің көлемін арттыру туралы бастамасын аймақ аграршылары қуана қолдады. Арнайы жұмыс тобы суармалы жерлерді кеңейту мүмкіндігін зерттеумен айналысты. Тиісті құрылымдар мен аудан әкімдеріне өңірдің суармалы егіншілігін дамыту жөнінде жер көлемі, суару тетіктері мен жобаны қаржыландыру көздері көрсетілген іс-шаралар жоспарын әзірлеу тапсырылды. Жұмыс тобы облыстағы суармалы жер көлеміне тағы 51 мың гектар қосуға мүмкіндік барын анықтады.
Осы бағытта жұмыс басталып та кетті. Облысқа белгілі «Мелиоратор» компаниясы 1000 гектарлық алқапта өз есебінен 11 шақырымдық канал қазып, оның бойына 3 қондырғы салды. Серіктестік осы жұмыстарға 211 млн теңге жұмсапты. Бұдан бөлек дүниежүзілік қаржы институттары қаражатына тағы 15 мың гектар жер ашылады. Үш компания осы бағыттағы жұмысты жаз айында бастады. Алдағы уақытта Азия даму банкі мен Дүниежүзілік банк қаражатына тағы 172 мың гектарды игеру жоспарда тұр.
Әрине суармалы алқаптың кеңейгені аймақ үшін жақсы жаңалық. Бірақ, оларды суландыру мәселесі қалай болмақ? Осы сұраққа жауап іздеп, мамандарға жүгіндік. «Қазсушар» РМК облыстық филиалы директорының орынбасары, белгілі су маманы Жорабек Ерназаров бұл бағыттағы басты проблемаларды талдап айтты.
– Ең алдымен мемлекет-жекеменшік әріптестігі негізінде қазылған канал, ашылған жердің кімнің иелігінде болатыны анықталмаған. Сол жерді ашқан кәсіпкерге берілсе, ол жұмсаған ақшасын қайтару үшін су тарифін қымбаттатуы керек. Оған суды алып отырған диқандар оңайлықпен көне қоймайтыны анық. Екінші мәселе, «Бассейндер және облыстар (республикалық маңызы бар қала, астана) деңгейінде 2016-2025 жылдарға арналған су пайдалану лимиттерін бекіту туралы» бұйрық бар. Осы лимит бойынша біздің облысқа 9 жылға 5,4 млрд текше метр су бөлініп отыр. Оның 4,1 млрд текше метрі егістік алқапқа, 1,2 млрд текше метрі экологиялық қажеттіліктерге арналған. Осы көлемнен артық су алу мүмкін емес, – дейді маман.
Жалпы, су мәселесінің айналасында қашанда талас болатындығы белгілі. Осы бекітілген лимитке қатысты да өңірлер арасында сырт көзге көрінбейтін тартыс жүріп жатыр. Мысалы, қазір Сыр өңіріне тиесілі лимиттен көршілес Түркістан облысына үлес беріп, оңтүстік және Ақтөбе өңірлері үшін көкөніс, бақша өнімдерін егу туралы ұсыныс арагідік естіліп қалады. Әрине көкейге қонымды-ақ ұсыныс. Оның үстіне оңтүстік өңірдің жері де, климаты да егіске әбден қолайлы аймақ. Тұрғындары да бұл кәсіпке әбден төселген.
Бірақ соңғы жылдары Сыр өңірінде де бау-бақша егушілер қатары көбейіп келе жатқанын ескеруіміз керек. Осы мақсатта Жалағаш ауданында 15 мың гектар әзірленіп жатыр. Жаңағы ұсыныс іске аса қалған жағдайда оның өңірдегі басты дақыл – күріш өндірісіне де кері әсер ететінін ұмытпаған жөн.
– Соңғы 4-5 жылдың көлемінде аймақтағы егістік алқаптары айтарлықтай ұлғайды. Берілген лимит аясында оларға су жеткілікті бөлініп келеді, – дейді Жорабек Ерназаров. – Бірақ дария арнасына сенім жоқ, кейбір жылдары деңгейі төмендеп кететін жағдайлар кездеседі. Мысалы, былтыр судың тапшылығынан 1000 гектарға жуық күріш алқабы күйіп кетті.
Жер қадірін қашырып отырған өзіміз
«Қазсушар» РМК облыстық филиалы 1993 жылдан бастап әр маусымда су жеткізіп беру үшін шаруашылықтармен келісімге отырады. Қазір облыс бойынша 840 шаруашылықпен келісім бар. Соның 320-сы Жаңақорған ауданының аумағында орналасқан.
Кешегі жекешелендіру кезінде шаруашылықтар бытырап, бұрынғы ішкі шаруашылық каналдардың көпшілігі иесіз қалды. Кеңшардың немесе ұжымшардың жерін иеленген ауылшаруашылық құрылымдары каналды қараусыз қалдырды. Мысалы, бір каналдың бойында 5-6 шаруашылық орын тебуі мүмкін. Бірақ оларға су жеткізіп беріп тұрған жаңағы арна ешкімнің теңгерімінде жоқ. Осыдан да каналдар тазаланбай, ұйық басып, су жүруі жыл сайын қиындап барады. Бұл жерасты суларының көтерілуіне, жердің сорлануына, батпақтануына әкеліп соқтырды. Су алып отырған арнаны тазалауға құлықсыз шаруашылықтарға жерді ағымдағы және күрделі тегістеу жұмыстары туралы айтып, ауыз ауыртудың қажеті жоқ. Айналып келгенде жердің де, судың да қадірін қашырып отырған өзіміз.
Мысалы, биылғы маусымда егістік сусыз қалған жоқ. Дарияның негізгі арнасы ортайса да, дән себілгеннен бастап орақ түскенге дейін секундына 228 текше метр су өткізе алатын Шіркейлі каналы арқылы шаруашылықтарға су жетіп тұрды. Аймақтағы күріш алқабының 56 мың 500 гектары осы каналдың бойында жатыр.
Әртараптандыру әдемі сөз ғана емес...
Соңғы жылдары күріштің шығымы жақсы. Биыл да ала жаздай атыз жағалаған диқанның төккен тері ақталып, 530 мың тонна Сыр салысы жиналды. Дән себер мезгілге қыс бойы дайындалатын шаруалар алда күріш көлемін көбейтуге ниеттеніп отыр. Мысалы, алдағы маусымда Қармақшы ауданы 15 мың 600 гектар жерге күріш дәнін сеппек. Бірақ «Үйдегі көңілді базардағы нарық бұзадының» кері тумас үшін су жағдайын да ескергеніміз жөн. Бұл ауданның жері Шіркейлі каналының аяғында жатыр. Жаңағыдай көлемді суландыру үшін канал арнасын кеңейтіп, қосымша құбырлар салынуы керек. Әйтпесе диқан еңбегі далаға кетеді. Сондықтан да «Қазсушар» РМК облыстық филиалы мамандары су жеткізуді арна мүмкіндігінен асырмауға тырысады. Жалпы, барлық шаруашылықтардың егістік алқаптарды әр маусым басында мақұлданатын келісім парағындағы мөлшерден асырмауы қатты қадағаланады.
– Жыл сайын шаруашылық өкілдерімен кездесуде егісті әртараптандыру туралы әдемі әңгіме айтамыз. Бірақ көбі сол айтылған жерде қалады. Ең қиыны осы. Мысалы, биыл облыста алғаш рет 50 гектарға соя егілді. Тәп-тәуір өнім алынды. Шаруашылықтар осындай жаңалыққа бейімделу үшін олардың жері де, техникасы да сол егіске сайлы болуы керек. Жаңақорған ауданы үшін күріштен гөрі жоңышқа еккен тиімді. Маусымда екі мәрте орады, өнімін біздің өңірден бөлек Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстарынан келіп алып кететіндер бар. Осыны диқандар арасында таратуымыз керек. Мүмкін суды мейлінше аз «ішетін» өнімдерге субсидияны көбейту арқылы, шаруалар қызығушылығын оятуға болар, – дейді Жорабек Шаршыбекұлы.
Дария жағалауындағы ел ежелден егіншілікпен айналысып, ұрпақтан-ұрпаққа диқаншылық дәстүрін аманат еткен өңір. Сол із жоғалмасын десек, өңірдің күретамырына айналған Сырдария суын тиімді пайдаланудың жайын ойлағанымыз жөн.
ҚЫЗЫЛОРДА