Баянауылда болса, бір сәрі. Қазағы аз, өзге ұлт өкілдері басымдау орныққан Успен ауданында «Ән мен жырдан ақ шашу» деп аталатын дәстүрлі әншілер фестивалі өткені бізді еріксіз елең еткізді. Бұл – осы ауданға қоныстанған Қытайдан елге оралған қандас бауырларымыздың бастамасы.
Қызылорда, Маңғыстау, Алматы, Көкшетау өңірлерінің орындаушылары қатысқан фестиваль Абайдың 175 жылдығына, тәуелсіздік мерекесіне арналды.
Дәстүрлі ән кешін жергілікті жас ақын, термеші Жігер Бөкен арнау әнімен бастап берді. Әнші Ербол Айтбаев Естайдың әндерін әуелетсе, «Текті сөздің төресі – терме» байқауының жүлдегері Салтанат Қисатова атақты Майраның әндерін шырқады.
Әнші-жыршы, термешілер сахна төріне тігілген киіз үйдің ішінде бұрынғы сал-серілердей бірінен соң бірі ортаға шығып, өз өңірлерінің мақамына сай екі әннен орындады.
Алдымен Біржан сал, Ақан сері, Балуан Шолақ, Үкілі Ыбырайлардың ізін басып, үкілі домбыраны серік еткен көкшетаулық серілер көрінді.
Арқаның дәстүрлі ән мектебінің түлегі Назира Бейсенова Бұқар жыраудың «Батырың өлді, Бөгенбай!» деп аталатын толғауын, Үкілі Ыбырайдың «Гәккуін» ұсынды.
Келесі сәтте Сыр дәстүрлі ән мектебінің көрнекті өкілдері Нұртуған, Жиенбай, Нартай, Сәрсенбай жыраулардың мақамдарымен жыр айту дәстүрін жалғап жүрген Марат Сүгірбай Тұрмағамбеттің «Өсиет», Шораяқтың Омарының «Әділ іс» термесін, халық әні «Шилі өзенді» орындап берді.
Сырдың сарынын Қармақшы ауданынан келген жыршы-термеші Күнсұлу Түрікпен жалғастырды.
Бұдан кейін көрермендер Маңғыстау мақамына құлақ түрді. Нартай және Сүгір жыраулардың жыр-термелерін насихаттап жүрген Оспан Құлсымақ Ұзақбай жыраудың «Мәжілісте сөз бастау» термесін төгілтті.
Ал Жетісу өңірінен келген Шаттық Уатқан Сүйінбай, Жамбыл, Кенендер жолын жалғап жүргенін көпшілікке паш етті. Баянауылдық Азамат Базарбай Майлықожаның термесі «Ата-ананың қадірін» орындады.
Ал Қытайдан тарихи отанына оралған қандас бауырларымыз: аудандық мәдениет үйінде қызмет етіп жүрген республикалық эстрада-цирк колледжінің түлегі Жалын Құнанбай, халықаралық Қазақ-түрік университетінің түлегі Ербақ Құрметжан, Қытайдағы «Күйтүн» ақындар институтын бітірген Бөкен Жігер аудандық мәдениет бөлімімен бірлесе отырып осы шараны ұйымдастыруға үлкен үлес қосты.
– Ұлттың мәдениеті – дәстүрлі әнінде. Ән-жырымыз – құндылық. Ән әуелесе –қазақтың рухы оянады, санасы ашылады. Өйткені елдігіміз, өрлігіміз, салт-дәстүр, басқа да құндылықтар құдіретін халық әндерінен табасыз, – дейді дәстүрлі әндерді орындаушы Ербол Айтбаев.
Рухани мәнді шарадан соң облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы өнер көрсеткен әншілерді ақшалай, бағалы сыйлықтармен марапаттады.
Әншілер фестиваліне облыс әкімдігі, Ақсу, Екібастұз, Шарбақты, Железин, Тереңкөл, Аққулы аудандары әкімдіктері демеушілік көрсетті.
Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Ернұр Дәуеновтің айтуынша, біздің өңірге келіп халық әндерін әуелеткен, терме төгілтіп, жырдан шашу шашқан әнші-күйші, термешілердің барлығы да еліміздегі дәстүрлі ән, жыр-терме мектептерінің қазіргі толқыны. Мақсат – ұлттық қазына халық әндерін, жыр-термелерін насихаттау.
Алдағы жылы облыстық мәдениет басқармасы Естай атындағы дәстүрлі әншілер байқауын, республикалық ақындар айтысын, Майра Шамсутдинова атындағы ән байқауын, «Ақын мен әнші» сияқты рухани жобаларды жүзеге асырмақ.
Павлодар облысы,
Успен ауданы