Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары Бектас Бекназаров Шымкент қаласындағы жұмыс сапары аясында қалалық мәслихат депутаттарымен және жергілікті зиялы қауым өкілдерімен кездесті. Бұл туралы Парламент Сенатының баспасөз қызметі хабарлады.
Жиынға сенаторлар Айгүл Қапбарова, Нұрлан Бекназаров, Шымкент қалалық мәслихатының хатшысы Ғани Ташқараев және қалалық қоғамдық кеңестің төрағасы Нұрғазы Бұхарбай қатысты.
Депутаттар кездесуде Парламентте қабылданған заңдардың мазмұнына тоқтала келіп, «Педагог мәртебесі туралы» заңның және атаулы әлеуметтік көмектің ерекшеліктерін талқылады.
Алқалы жиында сөз алған Бектас Бекназаров Парламент қабылданған заңдарды халыққа кеңінен түсіндіру мақсатында осы жылдың 5 қаңтарынан бастап өңірлерді аралап, тұрғындармен көптеген кездесулер болғанын атап өтті. Сенатордың айтуынша, кездесулердің басты мақсаты – халықтың өзекті мәселелерін шешу үшін азаматтардың өзінен ұсыныстар жинау болып отыр.
Сенат депутаттары кездесуде қозғалған өзекті мәселелер мен тиімді ұсыныстар палата отырыстарында сарапқа салынатынын, қажетті жағдайда Үкіметке жолдап, олардың оң шешім табуына ықпал ететіндерін жеткізді.
Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асып отырған бағдарламалардың орындалуы жөнінде хабардар болған депутаттар алдағы уақытта да Шымкент қаласының өсіп-өркендеуі жолындағы жобаларға өз үлестерін қосып, қолдау білдіретіндерін айтты.