Рухани-адамгершілік құндылықтар, ұлттық-халықтық дәстүрлер, ізгілік пен сұлулыққа табан тіреген ғибратты аталы сөздер – қоғамның өркендеп-гүлденуіне кең өріс, халықтың тарихи санасының жетілуіне орасан мүмкіндік тудырады.
Платонның пайымдауынша, мемлекет – бейбітшілік пен әділеттілік идеяларына қызмет етуі абзал. Оның негізгі үш қызметі бар: 1) басқару ісі, 2) адамдардың мүддесі мен құқығын қорғау, 3) материалдық игіліктерді өндіру. Сонымен қатар «әділеттік мемлекеттік құрылыс» «билік басындағы кемеңгер философтардың, жауынгерлер мен қолөнершілердің» «бірлескен жарасымды өмір сүруін қамтамасыз ету керек». Қазақтың «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару» дегені осы. Абайдың «Түбінде баянды еңбек егін салған, Жасынан оқу оқып, білім алған. Би болған, болыс болған өнер емес, Еңбектің бұдан өзге бәрі жалған» дейтіні рас. Я болмаса Әлихан Бөкейханның «Ақыл да, ұсталық та оқумен, істеумен жүре ұлғаяды», «Байлық түбі – ақыл һәм қол ұсталығы» дегенінде нәсіптің атасы – қол еңбегі мен өнерін жоғары бағалаған. Кәсібі, тәртібі бар елдің арамтамағы да, арамзасы да, алдампаздары да, ұрылары да болмайды. Болған күнде де некен-саяқ.
Ғасырлар табалдырығындағы мына бір сұрқай суреттер зәре-құтыңды қашырады: «Залымдық оянды да, адалдық ұйқыға кетті, өтірік өркендеп жемістенді де, шындық қуара түсті, әділдік бұғып жүр, өтірік дандайсуға беттеді, даналар рахат қуып кетті де, даналыққа үстірт қарады, жәбір шеккендер қарақатталуда, ал жәбірлеушілер өз ісіне насаттануда, төңірегіндегі алысты да, жақынды да жалмап бара жатыр. Қанағат жойылып жоқ болды, зұлымдық өрге шапшыды, жақсылық төмендеп кірерге қуыс іздеуде. Атақ-даңқ құлдырап төмен түсті, ал арамзалық сыйлы болды әрі күшті саналды, әкімшілік татымды кісілерден көшіп, шалағайларға ауысты» («Кәлила мен Димнә», аударған С.Талжанов).
О заманда да мың құбылған, сынап мінезді жалпылдақ-судырлақтар мен қойнына тас тыққан мысықтілеу ішмерездерде есеп жоқ екен. Осындай көксоққандар Абайдың сипаттауында:
Күнде өзімшіл ептінің, Несін адам ұстасын! – делінген.
Бейнеттенбей биікке шығамын, тойынамын, билік жүргіземін деушілер ұлық алдында жалпақтайды, кісі жұмсаумен оны қорлықта ұстаумен әуреленеді, нешеме алуан айла-шарғыларды, оңтайлы тәсілдерді ойластырады. Осы орайда «Қазақ» газетінің №258-265 нөмірлерінде «Демагогия» атты мақалада жағымпаздықтың түр-түсін былайша анықтаған: «Жұртқа жақсы атты болу бар, жақсы атты көріну бар» деп жіктейді де, 1) «Халыққа жақсы атты болған адамдар ақылымен, білімімен, таза құлқымен жақсы атты болады». 2) «Жақсы атты көрінетін адамдар көңіл аулап жақсы көрінбек». 3) «Неғұрлым халық саңылаулы болса, ақыл жағын қуаттайды»; 4) «Неғұрлым халық қараңғы болса, көңіл жағын қуаттайды» деген тұжырымды түйін жасайды.
Біздің қоғамда да мұндай көріксіз суреттер үдемесе кеміген жоқ. Дегенмен де «дүние – бір күндік, арың – мың күндік» дейтін қағидатты ұстанатын әділетсүйгіш халқымыз бар, тышқан мұрнын қанатпайтын, тауықтың сирағын сындырмайтын бейкүнә жандарымыз бар, «Мәуелі ағаштың маңайы базар» дейтін ақыл-ойға бай абыздарымыз бар. Сонымен қатар өздерін классикпіз, ғұламамыз деп кеудесін керген көзбояушылар да бар.
Шынында өзінен мықтылардың алдында құрша жорғалайтын, аузын буған өгіздей соншалықты әдепті, мәдениетті қалып көрсететін, қыздай сызылатын, сыртыңнан опасыздық әрекеттер жасайтын жымысқы зымияндар да, қара суды теріс ағызатын қара ниеттілер де, бағыныштыларына жосықсыз айбат, сес көрсететін ақылы келте сасық ірілікке малданған көргенсіздер де бар-ау. Расында да бағзыда өткен бұрынғылардың көзқарасынша, «біліміне сай қылық жасамайтын данышпанның сөзі алдамшы». Олар «толық адам» дәрежесіне жетпегендіктен, ізгілік, әділдік, даналық, білім, рух байлығына бөленбегендіктен, нені айтса да, ел жүрегі сөзге ұйып селк етпейді-ау, асыл қауым соңына ермейді-ау?! Егер де «Жұрт пайдасына таза жолмен тура бастайтын ер табылса – қазақ халқы соңына ерер еді» (Әлихан Бөкейхан).
Қазақтың әр баласы бір-біріне қарлығаштай қанатымен қамқоршы болса, адамдар арасындағы қарым-қатынас барынша көріктеніп, орта да, қоғам да берекелі істермен гүлденер еді.