• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 14 Қаңтар, 2020

Жаңа заңның жеңілдіктерін түсіндірді

421 рет
көрсетілді

Жақында Парламент Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев қол қойған «Педагог мәр­тебесі туралы» заңды қабылдады. Заң 21 баптан тұрады және педагогтің кәсіптік қызметтегі, материалдық қамтамасыз ету, көтермелеу, әлеуметтік кепіл­дік­терге құқықтарын, педагогтің мін­деттерін және т.б. көздейді. Заңды қабылдау 9 заң­намалық актіге (1 ко­декс және 8 заңға) өзгерістер мен толық­тырулар енгізуді қажет етеді. Бар­лық өзгерістер мен толықтырулар «Қазақстан Республикасының кейбір заң­намалық актілеріне педагог мәртебесі, оқушы мен мұғалімге жүктемені төмендету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе заңда көрініс тапты. «Педагог мәртебесі тура­лы» заңның күші: мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында, орта (бастауыш, негізгі орта, жалпы орта) білім беру ұйымдарында, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында, мамандандырылған, арнайы білім беру ұйымдарында, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарында, балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдарында, әдістемелік кабинеттерде қолданылады.

«Ең алдымен Қазақстан Республика­сының «Білім туралы» және «Педагог мәртебесі туралы» заңдарына «педагог» бірыңғай ұғымы енгізілгенін атап өткім келеді. Бұл нені білдіреді? Егер ағымдағы жылға дейін педагог қызметкерлер мен педагог қызметкерлерге теңестірілген қызметкерлер лауазымдарының арасында сатылық жіктелу болса, заң қа­был­данғаннан кейін бірыңғай ұғым пайда болды, яғни педагог – білім алу­­шылар мен тәрбиеленушілерді оқы­ту және тәр­биелеу, оның ішінде қо­сым­ша білім беру ұйым­дарында оқыту және тәрбиелеу, сонымен қатар білім беру қызметін ұйымдастыру немесе әдістемелік қамтамасыз етуде кәсі­­­би қызметті жүзеге асыратын, тиісті бе­йін­дер бойынша педагогикалық немесе кәсіптік білімі бар тұлға. Тиісінше пе­дагогтер лауазымдарының тізбесі 28 атауға дейін кеңейтілді. Педагогтің оқыту мен тәрбиелеудің авторлық әдістерін әзірлеу және қолдану, оқу құрал­дарын таңдау, ақпараттық ресурстарды тегін пайдалану, біліктілікті арт­тыру және тағылымдамадан өту түрлерін таңдауда кәсіптік құқықтары кеңейтілді», деді Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова.

Министрліктің мәліметінше, мектеп мұғалімдерінің сапалық құрамын арттыру үшін магистр дәрежесі бар тұлғалар үшін 10 АЕК мөлшерінде қосымша ақы көзделген. Бұл әлемдік тәжірибе. Қазір еліміздің мектептерінде 7,5 мыңнан ас­­там магистр жұмыс істейді. Орта білім беру ұйымына жұмысқа алғаш қа­был­данған педагогке бір оқу жылы ке­зеңінде тәлімгерлікті жүзеге асыратын пе­дагог бекітіледі. Педагогке тәлім­гер­лікті жүзеге асырғаны үшін бір база­лық лауазымдық жалақы мөлшерінде қосымша ақы төленеді. Тәлімгер ретінде бекіту басшының бұйрығы негізінде орта білім беру ұйымының педагогі жұмысқа қабылданған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірілмей жүргізіледі. Сынып жетекшілігі және дәптерлерді тексергені үшін қосымша ақы мөлшері екі есе өсті. Педагогикалық шеберлік біліктілігі үшін қосымша ақы барлық педагогке лауазымдық жала­қы­ның 30%-ынан 50%-ға дейінгі мөл­шерде белгіленеді. Бұл ретте білім бе­­ру ұйымдарының басқару құра­мы үшін лауазымдық жалақының 30%-нан 100%-ға дейінгі мөлшерде басқарушылық шеберлігі үшін қосымша ақы төленетін болады. Қосымша ақының аталған түрлері аттестаттаудың сәтті нәти­желері негізінде төленеді. Жер­гілікті атқарушы органдар педагогтерге сыйақы түрінде кемінде 300 еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде қосымша ынталандыру төлемдерін белгілеуге құқылы.

Айта кететін тағы бір жайт, «Қазақ­станның еңбек сіңірген ұстазы» атты  мемлекеттік награданың жаңа түрі бел­гіленді. Бұл награда 1000 еселенген ай­лық есептік көрсеткіш мөлшерінде бір­жолдық төлем жасауды  көздейді. «Үз­дік педагог» атағын иеленушіге Қа­зақ­стан Республикасының Үкіметі бел­гілеген мөлшерде және тәртіппен жыл сайынғы сыйақылар сақталады. Білім беру саласындағы уәкілетті ор­ган айқындайтын тізбе бойынша ха­лықаралық олимпиадалардың, конкурстар мен спорттық жарыстардың жеңімпазын дайындаған педагогке тиісті мемлекеттік білім беру ұйымының қызметі бойын­ша үнемделген қаржы есебінен үш ла­уазымдық айлықақы мөлшерінде бір жолғы сыйақы төленеді. Бұл ретте жергілікті атқарушы органдар бір жол­ғы сыйақы төлей отырып немесе сый­ақысыз жергілікті ерекшелік белгілері мен құрметті атақтарды та­ғайындау ар­қылы, сондай-ақ көтер­мелеудің өз­ге де тәсілдері арқылы, оның ішінде Қа­зақ­стан Республикасында белгіленген ме­реке күндеріне орай педагогтерді кө­термелеудің қосымша шараларын бекітуге құқылы.

Педагогтерге кәсіби қызметін жү­зеге асыру үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында заңда бірқатар өмірлік маңызды әлеуметтік кепілдіктер қа­растырылған. Бірінші, педагог­ке Қа­зақстан Республикасының заң­на­масында көзделген тәртіппен тұрғынжайға, оның ішінде қызметтік тұрғынжайға және (немесе) жатақханаға, сондай-ақ жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелеріне кепілдік беріледі, екінші, ұзақтығы 56 күнтізбелік күн жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысы, үшінші, педагогтердің балаларына тұрғылықты жері бойынша мектепке дейінгі ұйымдардан орындарды бірінші кезектегі тәртіппен беру, төртінші, жергілікті атқарушы ор­гандардың шешімі бойынша педагогке: тұрғынжайды жалға алғаны және коммуналдық қызметтер үшін өтемақы төлемдерін, санаториялық-курорттық емделуге және демалуға жол­­дама сатып алу үшін толық немесе ішін­ара төлемдер қарастырылады, бе­сінші, кезекті еңбек демалысын беру кезінде күнтізбелік жылда бір рет кемінде бір лауазымдық жалақы мөлшерінде сауық­тыруға арналған жәрдемақы, алтын­шы, Қазақстан Республикасының ден­саулық сақтау саласындағы заңна­масына сәйкес денсаулық сақтау сала­сындағы құқықтарды қамтамасыз ету көзделген.

«Педагогтің жұмыс уақыты мен демалыс уақыты заң жүзінде регламенттелді. Педагогикалық қызметтің хронометражы еңбек саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша білім беру саласындағы уәкілетті орган бекітетін қағидалармен реттеледі. Педагогке жүк­темені қысқарту бойынша нормалар жеке қарастырылған. Талис зерттеуі әріптестеріміздің жүктемесі ТМД, ЭЫДҰ елдерінен артық екенін көрсетті. Сондықтан заңда 2021 жылдан бастап жалпы білім беретін мектептерде оқу жүктемесін 18 сағаттан 16 сағатқа дейін төмендету көзделген. Нәтижесінде шығармашылықпен айналысу үшін педа­гогтің бос уақыты көбейеді. Кә­сіптік мін­деттерімен байланысты емес жұмыс түрлеріне тартуға, шамадан тыс есеп беруге, негізсіз тексерулер жүргізуге тыйым салынады. Педагогті кәсіптік мін­деттерімен байланысты емес жұмыс түрлеріне тарту және олардан шамадан тыс есептілікті талап ету бөлігінде Қазақстан Республикасының «Педагог мәртебесі туралы» заңнамасын бұзғаны үшін ескерту көзделген, іс-әрекет қайталанған жағдайда құқық бұзушылық субъектісіне байланыс­ты 60-тан 120 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл қолданылады. Педагогке өзінің лауазымдық міндеттерін орындау кезінде былапыт сөйлеуден, лайық­сыз мінез-құлықтан, мазақ қылудан, әбес қылықтар (белгілер), заттар көр­се­туден көрінген, оның ішінде бұ­қара­лық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникация желілерін пайдалану ар­қылы құрметтемеушілік таныту – жеке тұлғаларға отыз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айып­пұл салуға не бес тәулікке дейінгі мер­­зім­ге әкімшілік қамаққа алуға алып келеді. «Педагог мәртебесі тура­лы» заң педагогтердің мәртебесі мен беделін нақты арттыруға, оларды одан әрі кәсіби өсуге ынталандыруға және жалпы ұсынылатын білім беру қызмет­терінің сапа­сын арттыруға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта Парламент депутаттары өңірлерге бару аясында жергілікті жерлерде Заңды талқылауға белсенді қатысуда. Сондай-ақ Ми­нис­трлік министрліктің жауапты қыз­меткерлерінің өңірлерге шы­ғу кестесін дайындады, бұл жұмысқа аумақтық білім басқармалары мен Білім сапасын қам­тамасыз ету комитеті қосы­лады», деді вице-министр.