Ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсартуға арналған түрлі мемлекеттік бағдарламалар бүгінде жергілікті халықтың ырысына айналуда. Сонымен қатар Жамбыл облысында қолға алынған өңір тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыруға бағытталған жоба бүгінде өз нәтижесін беруде.
Ел Үкіметі қолдаған аталған жоба аясында өңірдің барлық ауданынан қанатқақты округтер таңдалып алынған болатын. Мұндағы мақсат – ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсарту. Нәтижесінде, ауыл тұрғындары мемлекет тарапынан берілетін тиімді несиеге қол жеткізіп, шаруаларын шалқытуда. Мәселен, Жамбыл ауданындағы Бесағаш ауылдық округінен 280 отбасы несие алуға өтініш берсе, қазіргі таңда 52 отбасының тиісті қаражатқа қолы жеткен. Олар бүгінде жобаның екінші бағыты бойынша төрт түлік малын сатып алып, тірлігін тіктеуде. Сондай-ақ мемлекет тарапынан несие алуға 72 бесағаштықтың құжаты мақұлданып, бүгінде алатын қаражатын күтіп отыр екен.
Бесағаш ауылдық округінің әкімі Бейбіт Ниғматуллаевтың айтуынша, округте 1336 үй бар. Ал атаулы жобаға 1176 аула тұрғыны қатысуға ниет білдірген. Бұл ауыл тұрғындарының еңбек нарығына бейімділігін көрсетсе керек. Жалпы округтегі тұрғындардың 95 пайызы жобаға қатыстырылып отыр. Бірінші бағыт бойынша үй іргесіндегі жерді тиімді пайдалануға 29 миллион теңге қаржы қажет екен. Оның 23 миллион теңгесін тұрғындар тұқымға жұмсамақ ниетте. Тыңайтқыш пен пестицидке жұмсайтыны тағы бар. Ал екінші бағыт бойынша 52 адам несие алған болса, оның 12-сі 38 миллион 750 мың теңгеге мал сатып алыпты. Бір ғана Түрксіб ауылының тұрғыны Рысбек Иманалиев «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы арқылы 4 миллион 980 мың теңге несие алып, Қаратөбе ауылындағы «Қылышбекова» жеке кәсіпкерлігінен келісімшарт негізінде 5 жылқы, 5 сиыр, 10 бас қой алған. Бұдан бөлек, малдың жем-шөбіне 830 мың теңге жұмсаған. «Бұл жоба үйінде жұмыссыз отырған азаматтар үшін игі бастама болды. Әрі өзіңді жұмыспен қамтисың. Сүт өндіріп, мал бордақылайсың. Үйіңе табыс кіреді. Қысы-жазы айналысатын шаруаң болады. Алған несиеміздің де пайызы төмен. Несиенің бір жыл каникулы тағы бар. Несиені бір жылда екі бөліп төлеу де біз үшін тиімді. Шаруа адамға бұдан артық қандай қолдау керек. Жақында сатып алған сиырымның алды бұзаулап, аузымыз аққа ілінді. Енді артылған сүтті округте жаңа құрылып жатқан ауыл шаруашылығы кооперативіне өткізуді жоспарлап отырмын», дейді шаруа. Мемлекеттің бұл қолдауына ризашылығын білдірген тұрғын енді сүт өндірумен қатар, жылқы мен мүйізді ірі қараны бордақылауды табыс көзіне айналдырмақ ниетте екенін жеткізді.
Жалпы, бүгінде жұмыстың жоқтығын немесе тағы да түрлі сылтауларды айтып, жалқаулыққа бой алдырғандар көп. Ал мемлекет тарапынан жасалып отырған бұл қамқорлық тірлікті тіктеудің, шаруаны шалқытудың тиімді жолы. Жуырда ғана ауылдан «Іске сәт» ауыл шаруашылығы кооперативі құрылып, өз жұмысын бастап та кетіпті. «Ауылда төмен пайызбен несие алып, мал ұстауға ниет білдірушілердің қатары қалың. Қазірдің өзінде жеке кәсіпкерлігін ашып, «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясынан» несие ресімдеп, оған мал сатып алғандар бізге мүше болып кіруде. Алдағы уақытта олар өндірген сүт пен ет өнімдерін біз арқылы нарыққа шығаратын болады. Бүгінде кооперативке 108 жеке кәсіпкер тіркеліп үлгерген», дейді кооператив директоры Қадіржан Дөненбаев. Кооператив штатында ветеринар, агроном, есепші мамандары жұмыс істейді екен. Бұдан бөлек, кооператив басшысы алдағы ақпан айында 100 миллион 700 мың теңгеге 3 трактор, 1 комбайн, 23 тіркемені кооператив атынан 5 пайыздық жеңілдікпен лизингке алғалы отырғанын айтты. Аталған техникалар кооператив мүшелерінің жер жыртып, егін жинап, шөп орып алуына үлкен мүмкіндік жасамақ. Сонымен қатар кооператив өз мүшелерінің өндірген өнімін қабылдап, облыс тұтынушыларына делдалсыз өткеріп отыруды да қолға алыпты. Облыстық тұтынушылар кооперативінің сұранысын орындау да олардың міндетіне кіреді екен. Бұл бірінші кезекте бақша өнімдерін, сүт пен ет өндірушілер үшін тиімді болып отырғанын айтады. Енді олар бұрынғыдай өндірген өнімін саудалау үшін алыпсатарлардың арбауына түспейтін болады.
Негізінен Бесағаш ауылының тұрғындары диқаншылыққа да бейім. Жергілікті жұртшылық мал бағумен қатар, диқаншылық кәсіпті де қолға алған. Мұндағы диқандардың дені алқаптарға гектарлап сарымсақ, пияз, сәбіз бен көкөніс егеді. Мәселен, Бесағаш ауылының тұрғыны Әсет Сапиев қарияның баптап отырған аздаған алма бағы бар екен. Бұдан бөлек, тұрғын «Іске сәт» ауыл шаруашылығы кооперативімен келісімшартқа отырып, үй іргесіндегі 10 сотық жерге тұрып екпек ниетте екенін жеткізді. «Тұрып 80 күнде пісетін дақыл. Тұқымын наурыздың аяғында сепсем, мамыр айында одан өнім жинауға болады. Ал сәуірдің басында қырыққабаттың да тұқымын сеуіп қоямын. Нәтижесінде, мамырда қырыққабаттың көшетін сатамын әрі өз шарбағыма да көшеттеп отырғызамын. Осылайша 10 сотық жердің өзінен-ақ бір мезгілде екі өнім жинауға болады», дейді Әсет Сапиев.
Шағын ғана ауыл бүгінде шаруасын шалқытып, төрт түлік мал мен жер арқылы ырысқа кенеліп отыр. Мемлекет қолдауына дән риза болған бесағаштықтар алдағы уақыттарда кәсіптерін бұдан да кеңейтіп, мол өнім алмақ ниетте. Ауыл ақсақалдары жастарды да кәсіпке баулып, бар білгенін оларға да үйретіп келеді.
Жамбыл облысы