Дүниежүзі денсаулық сақтау ұйымының дерегі бойынша қазір ғаламшарда қатерлік ісік ауруына шалдыққан 20 миллионнан астам науқас бар. Аты жаман дерттің алғашқы белгісі жыл сайын 30 мың адамның бойынан анықталады екен. Ал Қазақстанда рак ісігі диагнозымен 180 мыңнан астам тұрғын тіркелген.
Жалпы, әлем дәрігерлерінің қатерлі ісік ауруымен күресу ісі толық жеңіспен аяқталмаса да, адамзат үшін үміт сәулесін жақты. Яғни, рак қазір адам үшін «өлім үкімі» тізімнен шыға бастады. Бұл жердегі жеңіс тек медицинаның қолында емес, науқастардың өмір сүруге құштарлығы мен аурудың алдын алуға деген жауапкершлігіне де байланысты екен.
- Рак ауруымен күресу барысында медицина үшін науқастың бастапқы кезеңде келгені өте маңызды. Адам ары қарай ем алса, қажетті шараны үзбесе, құлан таза айығып кетуіне 100 пайыз кепілдік бар. Ал адам бойында ауру белгілерінің бар, жоғын тек медициналық тексеру кезінде ғана анықтай аламыз. Ол үшін тұрғындардың өз денсаулығына немқұрайлы қарамай, мүмкіндігінше жиі тексеруден өткені дұрыс, дейді Алматы облысы аймақтық онкология диспансерінің директоры Саяхат Олжаев.
Өкінішке қарай, Алматы облысында да тұрғындардың қатерлі ісіке шалдығу дерегі азаймай отыр. Өткен жылы өңірде 2835 адамға осы дерттің диагнозы қойылыпты. Ал ауруы асқанған 1108 адамның ажалына араша түсу мүмкін болмаған. Статистиканы сараптағанда, аты жаман аурудың әйелдер арасында өршіп келе жатқаны байқалған. Жалпы рак ауруының 20 000 түрі бар екен. Оның ішінде алғашқы тізімде сүт безінің ісігі тұр. Жатыр мойны обырына шалдығу да жоғары. Былтыр осы диагноз бойынша аймақтың онкология диспансерінде 238 науқас ем қабылдапты. Ауру белгілері ерте анықталған 178 әйелдің дерттен құлан таза айығуына үміт бар. Ал жағдайы өте ауыр 14 науқас рактың соңғы стадиасында ғана онкологтардан ем-дом іздеп келген екен.