АҚШ-тың Түркияның Ыстанбұл қаласындағы бас консулдығы мен Анкарадағы елшілігінде митинг өтуде. Оған себеп – АҚШ президенті Дональд Трамптың Таяу Шығыс елдеріне қатысты ұсынған «ғасыр келісімі».
Осыдан бірер күн бұрын АҚШ тарапы Израиль мен Палестинаны бейбітшілікке шақыруға негізделген келісім жобасының әзірлемесі аяқталғанын мәлімдеген болатын. Бұл жоба Таяу Шығыста ұзақ жылға созылған шиеленіске тоқтау салуы тиіс еді. Д.Трамптың айтуынша, жоспар – Палестина мемлекетін құруды көздейді. Сондай-ақ палестиналықтардың иелігіндегі жер аумағы қазіргісінен екі есе үлкен болмақ. БҰҰ-ға мүше 193 елдің 137-сі азаттығын мойындаған жартылай тәуелсіз мемлекет үшін бұл үлкен мүмкіндік-тұғын. Алайда тараптардың соңғы келісімге келуін көздейтін келіссөздер барысы төрт жылға созылуы ықтимал.
Түркия Радио-Теледидар мекемесі ресми сайтының хабарлауынша, АҚШ әкімшілігі Израиль мен Палестина арасындағы бейбітшілік келіссөздерінің қайтадан басталуы үшін дайындықтардың жалғасқанын жеткізген. Алайда Палестина президенті Махмуд Аббас «ғасыр келісіміне» араб елдерінің көшбасшылары да қарсы екенін айтып, Фатих қозғалысының Рамаллахтағы орталық комитеті жиналысында бұл келісімді қабылдауға болмайтынын түсіндірді.
«Араб бауырларымыз бізге «ғасыр келісіміне» қарсы екенін айтты», деген М.Аббас, Еуропа, Азия және Африкадағы кейбір елдердің де келісімді қабылдамайтынын алға тартты.
Түркия тарапы да бұл келісімді толықтай қолдап отырған сыңай танытпайды. Аталған елдің Сыртқы істер министрлігі «ғасыр келісімін» «өлітуған» деп бағалап, жоспар ең алдымен Израиль Палестинаның жер аумағын басып алуды көздейтінін, сондай-ақ онда тұрып жатқан палестиналықтардың құқығын бұзатынын жеткізген еді.
Бірер көшенің жабылғаны болмаса, Түркияның исламистік партия өкілдерінің шеруіне мемлекет тарапынан қандай да бір тосқауыл болмады. Шеруге шыққандар Д.Трамп ұсынған келісім мен саясатты сынға алып, Шығыс Иерусалимді «Палестинаның астанасы» деп ұрандатты.
АҚШ президенті ұсынған келісімде палестиналық босқындардың Израиль аумағына қатынаудан бас тартуы туралы талап бар. Бұл ретте Палестина мен Израильдің бірлескен өкімі арқылы палестиналық босқындарға өтемақы беру бойынша қор құру мәселесі де қарастырылуда. Бірақ қорды қаржыландыру көзі әлі анықталмаған.