• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Хоккей 03 Ақпан, 2020

Жолдама үшін тартыс жалғасады

202 рет
көрсетілді

6-9 ақпан аралығында Нұр-Сұлтанда шайбалы хоккейден Олимпия ойындарының іріктеу турнирі өтеді. Осы тартыста топ жарған жалғыз ғана команда 2022 жылы Бейжіңде алауы тұтанатын ғаламдық доданың жолдамасы үшін таласа алады.

 

«Барыс Аренада» төрт команда өзара күш сынасады. Атап айтсақ, жолымыз Украина, Нидер­ланд және Польша құра­ма­ла­рымен қиысады. Осы­лар­дан озған жағдайда ғана біздің жігіт­тер Олимпиада жолдамасы үшін жарысты жалғастырады. Сол мақсатқа қол жеткізу үшін Андрей Скабелканың шәкірттері еш аянып қалмасы анық және де ол жоспарды жүзеге асы­ру­ға толық мүмкіндігіміз бар. Олай деуге негіз, үздіктер тізі­мінде жоғарыда аталған ко­ман­далардың барлығынан жер­лес­те­ріміз жоғары тұр. Мәселен, Ха­лықаралық шайбалы хоккей федерациясының рейтингінде Қазақстан 19-орынды иеленуде. Польша бізден үш, Украина алты саты төмен тұр. Ал Нидер­ланд 28-орынды қанағат тұтуда.

6 ақпанда отандастарымыз Украинамен шеберлік байқа­са­ды. Бірінші дивизион коман­да­лары арасындағы әлем чемпионатында біз оларды екі рет жеңгенбіз. Өз тарихында украи­налықтар Олимпиадаға бір рет қана қатысты. Келесі күні Нидерландпен кездесеміз. Қыз­ғалдақтар елі өкілдерінің спорт­тың бұл түрінде жеңіспен өріл­ген бай тарихы жоқ. Сон­дық­тан да бұл жолы да сан соқтыру айтарлықтай қиындық туғыза қоймас. 9 ақпанда Поль­шаға қарсы ойнаймыз. Түрлі жарыстарда поляктармен бірнеше мәрте жолымыз қиыс­ты. Ол бәсекелердің дені қазақс­тандықтардың пайдасына шешілді. Соңғы рет айтулы елдің өкілдерін 6:1 есебімен ойсырата ұттық. Оның үстіне, олар Олимпия ойындарына соңғы рет сонау 1992 жылы қатысты. Содан кейін қатарынан жеті рет төртжылдықтың басты бәсеке­сінен шет қалды.

Украина, Нидерланд және Польшаға қарағанда Қазақ­с­танның жағдайы әлде­қай­да жақсы. 1998 жылы Нагано Олимпиадасында хоккей­ші­ле­рі­міз ширек финалға дейін жетсе, 2006 жылы Туринде тоғызын­шы орынға табан тіреді. Оларға қарағанда әлем чемпионаттарына да жиі қатысып жүрміз. Сондай-ақ Азия ойындары (4 алтын+2 күміс) мен Дүниежүзілік Универсиадада (1 алтын+4 күміс+1 қола) алты реттен жеңіс тұғырына көтерілдік.

Егер Нұр-Сұлтандағы сы­нақ­­тан сүрінбей өтсек, іріктеу тур­­ни­рі­нің негізгі бөлігінде күш сына­су құрметіне ие боламыз. Бұл бәсекелер Словакия, Латвия және Норвегияда өтеді.