Алматыдағы Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтында отандық кардиологтердің машығын байытқан тамаша шеберлік дәрісі өтті. Қазақстандық дәрігерлер алғаш рет неміс кардиологі Торстен Ханкемен бірігіп, криоблация көмегімен митральды қақпақшаға хирургиялық түзету операциясын жасады.
Алматыға «Қақпақшалы және қақпақшалы емес жүрекше фибрилляциясын диагностикалау мен емдеудің заманауи әдістері» тақырыбындағы шеберлік дәрісіне қатысу үшін Қазақстанның барлық өңірінен кардиолог дәрігерлер келді.
«Қазақстан мен Орталық Азия аумағында жүрекше фибрилляциясын криотехнология көмегімен емдеу және сол жақ құлақшасын торакоскопиялық клиптеу тұңғыш рет қолданылып отыр. Осы әдіспен емдеу науқастарда кездесетін кардиогендік ишемиялы инсульттің жиілігін және геморрагиялы асқынуларды азайтады. Бүгін осында Қазақстанның барлық өңірінде интервенциялық кардиологтер мен аритмологтер, кардиохирургтер қатысып отыр. Біздің институтта бұл әдіс апробациядан өткізілгеннен кейін, еліміздің барлық өңірлерінде технологияларды тарату арқылы осы әдістің қолданылуына мүмкіндік береді», дейді Жасанды қанайналым зертханасы мен операция блогінің кардиохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Рүстем Төлеутаев.
Қазақстанда алғаш рет Германияның Гамбург қаласынан келген жетекші кардиохирург, профессор Tорстен Ханке криоблация (экстремалдық суықтың әсеріне негізделген жүрек аритмиясын емдеу) жасай отырып, митралдық қақпақшаға хирургиялық түзету операциясын жүргізді.
Профессор Tорстен Ханкенің айтуынша, жүрекше фибрилляциясын сәтті емдеу пациенттердің өмірін жақсартып, ғұмырын ұзартып, инсульт қаупін азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар доктор Торстен Ханке мамандарды оқытуда хирургтің алғашқы бес операциясы міндетті түрде тәжірибелі маманның жетекшілігімен жасалуы керегін атап өтті.
Институттың кардиология кафедрасының профессоры Күлзида Қошымбаева жүрекше фибрилляциясына абляция жасалғаннан кейін пациенттерді отаға дейін және отадан кейін емдеп-қарау туралы, ал жүрек ырғағының және өткізгіштігінің бұзылуы бөлімшесінің меңгерушісі Роин Реквава – жүрекше фибрилляциясын катетер арқылы емдеудің әдістерін атады.
Шеберлік дәрісінде дерті нақтыланған науқастарға ота жасалып, қатысушылар Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ бөлімше меңгерушілері Рүстем Төлеутаев пен Роин Рекваваның профессор Tорстен Ханкемен бірлесіп жасаған операцияларын көріп отырды. Келесі күні Рүстем Төлеутаев еліміздің барлық өңірінен келген дәрігерлерді жүрекше фибрилляциясын торакоскопиялық емдеудің тәсілдерімен таныстырды. Мұндай шеберлік дәрісін өткізу кардиохирургиядағы оперативтік араласулар техникасын меңгеруге, мамандардың кәсіби дағдысын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.
Айта кетелік, профессор Тостен Ханке (Thorsten Hanke) әлемдік тәжірибеде белгілі кардиохирург, Торакальды және жүрек-тамыр хирургиясы жөніндегі неміс қоғамының, Еуропалық кардиоторакальды хирургия қауымдастығының, Неміс кардиология қоғамы Аритмия жұмыс тобының, сондай-ақ Неміс кардиологтер қоғамының мүшесі. Ол медицина саласында жасаған еңбегі мен ғылыми жаңалықтары үшін көптеген салалық сыйлық пен грантқа ие болған.
АЛМАТЫ