• RUB:
    5.06
  • USD:
    486.44
  • EUR:
    534.31
Басты сайтқа өту
Қоғам 04 Ақпан, 2020

Зейнетақы жинағы үй алуға мүмкіндік бере ме?

2501 рет
көрсетілді

Құстың да өз ұясы болады. Баспаналы болу – әр адамның басты арманы. Әрине қазіргі заманда үй алудың түрлі жолдары бар. Мемлекет те бұл жағынан түрлі жеңілдіктер қарастырған. Дегенмен де облыс, аудан орталығынан, мегаполис қалалардан пәтер алу әлі де болса оңай шаруа емес.

Еліміз бойынша қазір 500 мыңнан астам адам пәтер кезегінде тұр. Жалын­даған жастық ғұмырын пәтерден-пә­терге көшумен өткізіп келе жатқан жас­тар, әркімнің қуыс бөлмесінде құрқыл­тайдың күйін кешіп жатқан отбасылар баспаналы болудың барлық жол­дарын іздестіруде. Содан болар, «Жа­қында Үкімет әр адамның зейнетақы жинағындағы қаржысына үй сатып алуға рұқсат береді екен» деген әңгіме жұртты әжептәуір елең еткізді.

 Шетел тәжірибесі не дейді?

2019 жылдың 1 желтоқ­санын­дағы мәлі­меттерге қарағанда, еліміздегі Бірың­ғай жинақтаушы зей­нетақы қорын­дағы (БЖЗҚ) қаржы көлемі 10 432,6 млрд теңгеге жеткен. Бұл қор­да 9 874 120 адамның есеп­шоты бар. Өткен жыл­ғы таза инвестициялық кіріс 600,5 млрд теңгені құрады. Енді шынында осы қаржыны, нақтырақ айтсақ, еліміз­дің әр азаматы өз зейнетақы қорында жинақталған қаржысын әлеуметтік мәселелерін шешуге жұмсай ала ма? Біз осы мәселеге көз жүгіртіп, қарапайым тілде түсіндіріп көруге тырыстық.

Әрине, Қазақстан Үкіметі мұндай үлкен істі қолға аларда ең алдымен шетел тәжірибесіне жүгінетіні анық. Содан болар, Сингапур еліндегі зейнетақы қаржысын жұмсау тәжірибесі қызу талқылануда. Дегенмен де бұл тәжіри­беге сын айтушылар да жоқ емес. Не­ге? Бұл елде де зейнетақы жинағына тұрғын үй және оқудың ақшасын төлеу үшін қордағы ақша белгілі бір шекке жетуі қажет. Сингапурда зей­нетақы қорына аударылатын қаржы кәдімгі, арнайы және медициналық деп аталатын үш есепшотқа салынады. Аталған елдің адамдарының жалақысынан зейнетақы қорына біз­дегідей 10 пайыз емес, 37 пайыз ұста­лады. Тағы бір айтары, Қазақстанда ор­таша жалақы мөлшері 181 мың теңге болса, Сингапурдағы орташа айлық 1 млн 333 мың теңгені құрайды. Яғни, сингапурлықтардың шектік сомаға жету мүмкіндіктері мол.

Осылайша, олар 37 пайыз­дың 23 пайызын тұрғын үй сатып алу, білім алу мен сақтан­дыру ісіне, 8 пайызын меди­ци­налық қызметтерге, тек 6 пай­ы­зын ғана зейнетақымен қам­сыз­дандыруға жинайды. Ха­лық­аралық сарапшылар осы тә­жір­ибе арқылы Сингапурда тұр­ғын үй бағдарламасы өте табыс­ты жүр­ге­нін айтады. Бүгінде бұл елдегі тұр­ғындардың 90 пайы­зы­ның жеке баспанасы бар және бұл бас­па­налардың 80 пайызын мемлекет салып берген. 2016 жыл­дың мә­ліметтеріне қарағанда, син­га­пур­­лықтар Орталық жинақ­тау­шы қо­­рында жиналған қаржының 50 па­йызын тұрғын үй сатып алуға жұм­сап жіберген. Бірақ осыдан сингапурлық қарттардың үйі бол­ғанымен күйі болмай қалған кө­рінеді. Өйткені, зейнета­қы қо­рына 6-ақ пайыз ақша ауда­рып отырғандықтан, бұл елдің қариялары қартайғанда бей­не­ті­нің зейнетін көре алмай, өте аз көлемдегі зейнетақыны місе тұ­туға мәжбүр болып отыр. Дәл осылайша Аустралия мен Ма­лай­зия елдерінде де зейнетақы қар­жы­сына тұрғын үй мен білім алуға мүмкіндік берілген, бірақ олар­да да жинақталған қаржы шек­ті көлемнен асқан кезде ғана рұқ­сат етіледі.

Қандай жолды таңдағанымыз дұрыс?

Енді біз не істеуіміз керек? Қа­зақстанның зейнетақы жүйе­сі қан­дай жолды таңдағаны дұ­рыс? Міне, осы мәселені зерттеп, зерделеу үшін Премьер-минис­трдің орынбасары Бердібек Сапар­баевтың жетекшілігімен 25 адам­нан тұратын жұмыс тобы құ­ры­лып, олар өз ұсыныстарын айтып отыр. Ең алдымен еліміздің әр азаматы жинақталған зейнетақы қо­рындағы қаржысын тұрғын үй не­месе ем алу үшін жұмсауға, сон­дай-ақ зейнетақы активтерін бас­қарумен айналысатын же­ке­мен­шік компанияларға инвестиция ретінде беруіне мүмкіндігі бар. Бірақ зейнетақы қаржысы есебінен тұрғын үй сатып алу немесе қымбат тұратын емге ақша тө­леу ашық түрде жүргізіледі. Яғни, бұл қаржылар тұрғын үй және денсаулық сақтау сала­сын­да­ғы өкілетті институттар арқылы ға­на өтеді.

Сонымен адамдар өз зейнетақы қо­рын­дағы ақшаны пайдалануы үшін оның «жас шегін» бел­гі­леу керек. Сосын ақшаның да шекті со­ма­сы бар. Бірден айту кер­ек, қордағы ақшасын кез кел­ген адам пайдалана алмайды. Оның да өз тәртібі бар. Мысалы, азамат зейнетақы жарнасын жоға­рыда айтылған мақсатқа жарат­қы­сы келсе, 30-ға келген ер адам­ның қордағы қаржысы 6,7 млн тең­геден кем болмауы керек. Ал әйелдердің ақшасы 9,7 млн теңге­ден кем болмауы керек. Яғни, сіздің зейнетақы қорындағы ақша­ңыз осы көлемнен асқан кезде ғана жинақталған қаржыны пай­далануға мүмкіндігіңіз бар. Онда да ер адам 6,7 млн, әйел адам 9,7 млн теңгеден асқан ақшасын ғана алуына болады.

Дәл осылайша 50 жастағы азаматтың жинағы 7,2 млн тең­ге­­ден, зейнет жасына жеткен азамат­тың жинағы 8,2 млн теңге­ден асуы керек. Сонда олар осы сомадан артық қаржыны ала алады. Яғни, ақшаны есепшоттан алу адамның жасына да байланысты. Ер адам 30 жаста болса, оның 63-ке дейін ақша жинайтын тағы 33 жыл мүмкіндігі бар деген сөз. Қазақстанда ерлер 63 жаста, әйелдер 59,5 жаста зейнетке шығады. Егер ерлер 30 жаста 6,7 млн теңге, әйелдер 9,7 млн теңге жинап қойса, онда өмірінің соңына дейін ең болмағанда минималды зейнетақыны алуына мүмкіндігі бар. Сондықтан қалған ақшаны тұрғын үйге, емге, тағы басқа қажеттіліктерге жұмсауға рұқсат берілмек. Минималды зей­нет­ақы сомасы елімізде 38 636 теңгені құрайды.

Ал әйелдерге тиесілі сома не үшін жоғары? Еңбек және ха­лықты әлеуметтік қорғау ми­нис­трі Біржан Нұрымбетов мұ­ның себебін әйелдердің ұзақ өмір сүретіндігімен түсіндіреді. Ста­тис­тика мәліметтеріне қарағанда, әйелдер зейнет жасына жеткеннен кейін орта есеппен 22 жыл, ерлер 17 жыл өмір сүреді. Яғни, әйел­дердің өмір сүру ұзақтығы ер аза­мат­тардан 5 жылға көп екен.

 Шекті сомадан асатын қаржыға ие қанша қазақстандық бар?

Енді зейнетақы қорына минис­тр айтқандай миллиондаған теңгені жинаған яғни, қар­жысының көлемі шекті сомадан асатын қанша қазақстандық бар? Санап жіберсек, Қазақстанда 113 мың адамның осы шектен асатын ақшасы бар екен. Бірақ бұл барлық салымшылардың 1,1 пайызы ғана деген сөз. Сондай-ақ 5,3 млн адамның 500 мың теңге көлемінде зейнетақы қара­жаты жинақталған, бұл – салым­шы­лардың 53 пайызы. Ал 500 мың­нан 1 млн теңгеге дейін қаражат жинаған 1,6 млн адам бар. Бұл 16 пайыз деген сөз. Қыс­қасы, салымшылардың 84 па­йы­­зының шотындағы ақша 2 млн теңгеден аспайды. Оның үстіне жасыратыны жоқ, ауыл­да­ғы ағайындардың көбісі тұрақты жұмыс істемегендіктен зейнетақы қорына тұрақты түрде ақша аудар­майтыны да белгілі. Мұны БЖЗҚ басшылары да мойындап отыр. Қазақстанда 9,9 млн жуық адамның зейнетақы есепшоты болса, соның 6,5 миллионы ғана жыл сайын кем дегенде бір рет шотына ақша аударады екен.

 «Көп зейнетақы алғыңыз келсе, өмір бойы жұмыс істеңіз»

Осыдан кейін «Қазақстан азаматтары алатын орташа жала­қы­мен зейнетақы шотына 30 жаста қалай 6-10 млн теңге жи­нау­ға болады?» деген сұрақ ту­ы­н­дайды. Бұған «Бірыңғай жи­нақ­таушы зейнетақы қоры» АҚ басқарма төрағасы Жанат Құрманов Парламент Сенатында өткен дөңгелек үстелде былай деп жауап берді.

– Біздің бірінші міндетіміз – халықты зейнетақымен қам­та­ма­сыз ету. Жалақы адамның өзіне байланысты. Оған мемлекет әсер ете алмайды. Менің кеңесім – зейнеткерлікке ақша жинағыңыз келсе, өмір бойы жұмыс істеңіз. Барлық табысыңыздың 13 пайызын сонда аударыңыз. Сонда 40 жылдан кейін жақсы зейнетақы аласыз. Ал үй алғыңыз келсе, мемлекеттің көмегін, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» ұсынған бағдарламаларды қолданыңыз. Алғашқы 20 пайыз жарнаны тезірек жинайсыз. Оның үстемесі 3-5 пайыз ғана. Сөйтіп, баспана мәселесін зейнетақыға қарап отыр­май, осындай жолдармен шеш­кеніңіз дұрыс. Зейнетақы жина­ғының тек бір бөлігін ғана арнайы бағдарламамен қолдануға болады. Қазіргі үйлердің бағасы аймақтарда 9-12 млн теңге десек, үй проблемасын бәрібір де зейнетақы ақшасымен шеше алмайсыз, – деді Ж.Құрманов.

Айтпақшы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау ми­нис­тр­лігі зейнет жасына жет­кен­дердің зейнетақы қорындағы ақша­ның 50 пайызға дейінгі көлемін алу туралы да ұсыныс беріпті. Бірақ оны алған кезде шотта жалпы зейнетақыға деп жиналған қаржының 40 пайызы міндетті түрде қалуы керек. Әрине, үкіметтік жұмыс тобы бұл мәселедегі шекті соманы мей­­лінш­е азайтуды қарастырып жа­тыр екен. Өйткені, дәл қазіргі та­лаппен зейнетақы қорындағы қаржыға баспана алу мүмкін бол­май тұрғаны жасырын емес. Сарапшылар қартайған кезде жақсы көлемде зейнетақы алу үшін қорға 35-40 жыл үздіксіз ақша салып отыру қажет екенін айтады. Ал біздің елдегі зейнетақы жүйесінің пайда болғанына 21 жыл ғана болды. Осы және ел тұрғындарының табысының аз­ды­ғы, жұмыссыздық, зейнетақы қорына тұрақты түрде ақша сала алмауы, осының бәрі бұл бас­та­ма­ға қолбайлау болуда.

Әрине, елдің еркіне салсаңыз, зейнетақы қорындағы ақшасын бүгін-ақ сарқып жұмсап тас­тау­дан тайынбас еді. Бірақ, бізге үй керек пе, жоқ, күй керек пе? Әрине, «үй керек» дей­тін­дер­дің қатары көп болатынына күмәніміз жоқ. Дегенмен де қам­сыз қарттығыңыз үшін салынып жатқан ақша ең алдымен өз мақ­са­тына жарауы керек емес пе? Жа­сыратыны жоқ, жинақтаушы зейнетақы қорындағы әйгілі дау­лар­дан кейін елдегі зейнетақы жүйесінің болашағына күмәнмен қарайтындар да жетіп артылады. Сондықтан Үкіметтің бұл бағытта атқаратын шаруасы шаш-етектен.

Дегенмен де азаматтардың зейнетақы қорындағы қаржысын түрлі мақсаттарға жұмсау мәсе­ле­сі әлі екі ай бойы қаралады. Содан кейін ғана заң жобасы тиісті ор­ган­дарға ұсынылады. Еңбек және әлеуметтік қорғау минис­тр­лігі алдағы уақытта БЖЗҚ-дағы ақшасын баспанаға, емге, оқуға жұмсауға мүмкіндігі барлардың санын көбейтуге тырысып жатыр. Бірақ оның да әзірге нақты механизмі жоқ.