АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Майк Помпеоның Орталық Азияға сапары өтуде. Ол осы сапар барысында екіжақты көптеген кездесу өткізіп, С5+1 форматы бойынша келіссөздер жүргізеді. Майк Помпеоның Орталық Азияға ат басын бұруы қазіргі таңда әлем елдерінің назарын аударып отыр.
Әлқисса, осыдан бес жыл бұрын Барак Обаманың президенттігі тұсында Ақ үй «С5+1» диалог алаңын құруды ұсынған-тұғын. Яғни, Орталық Азиядағы бес мемлекет пен АҚШ аймақаралық әріптестікті нығайтып, экономиканы дамытып, қауіпсіздікті сақтауға күш салмаққа келісті. Содан бері осы алты елдің Сыртқы істер министрлері тұрақты түрде кездесіп тұрады. Биылғы келіссөздер Ташкентте өтпек.
Айтпақшы, М.Помпео Орталық Азияға осы жылғы қаңтардың басында келуі тиіс еді. Алайда Ирак аумағында Иран генералы Касем Сулейманидің америкалықтар тарапынан өлтіріліп, екі ел арасындағы шиеленіс салдарынан сапарды кейінге шегеруге тура келді.
АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Қазақстанға сапары барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен және Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен кездескенін газетіміздің бұған дейінгі нөмірінде хабарлаған едік. Бұдан кейін М.Помпео «С5+1» форматында келіссөздер жүргізу үшін Ташкентке ұшып кетті.
Осы мәселеге қатысты сұхбат берген АҚШ Мемлекеттік хатшысы Орталық Азиямен ынтымақтастықты арттырудың маңызды екенін атап өтіп, келіссөздерден зор үміт күтетінін жеткізді.
«Меніңше, бұл («С5+1» форматы – А.Асанкелдіұлы) маңыздылығын дәлелдеп үлгерді. Оның сәтті жүргізілуі үшін Қазақстанның негізгі рөлін жоғары бағалаймыз. Алдағы кездесу барысында көптеген мәселені талқылаймыз. Міндетті түрде, қауіпсіздікті, аймақтағы елдер арасындағы экономикалық ынтымақтастық жөнінде келіссөздер өткіземіз. Сондай-ақ адам құқығы, саяси бостандық, экономикалық әлеуетті нығайту туралы да сөз болады. Мұның бәрін бірге жүзеге асыра аламыз», деп ағынан жарылды М.Помпео.
АҚШ-тың Орталық Азия елдерімен келіссөздер жүргізуге ниет білдіруінің бірнеше себебі бар. Біріншіден, аймақ географиялық және геосаяси тұрғыдан үлкен маңызға ие. Бес мемлекет мұхитқа тікелей шыға алмаса да, Батыс пен Шығысты, Оңтүстік пен Солтүстікті байланыстырып тұр. Екіншіден, Ауғанстаннан аузы күйген АҚШ үшін Орталық Азияның тыныштығы, басына күн туғанда сөзін сөйлеуі қажет.
Көптеген сарапшылар әлемдік үстемдікке таласатын державаға бұл аймақ таптырмас мүмкіндік деп есептейді. Өйткені АҚШ-тың басты саяси бәсекелесі Ресей мен сауда-экономикалық қарсыласы Қытай Орталық Азия елдерімен шектесіп жатыр. Колумбия университетінің аспиранты Коллин Вудтың пайымдауынша, мұндай қадам үлкен шахмат тақтасында екі жақ қана емес, үшінші ойыншы бар екенін «ескертіп» қою үшін қажет.
М.Помпеоның Ташкентте өткізген кездесуіне Орталық Азия мемлекеттерінің Сыртқы істер министрлері толықтай жиналды. Атап айтсақ, Мұхтар Тілеуберді (Қазақстан), Чингиз Айдарбеков (Қырғызстан), Сироджидин Мухриддин (Тәжікстан), Рашид Мередов (Түрікменстан), Абдулазиз Камилов (Өзбекстан) АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Майкл Помпеомен келіссөздер жүргізді.
Жиын барысында 2015 жылы Самарқанда басталған «С5+1» форматы ынтымақтастықты кеңейтіп, ықпалдастықты арттыруға қажетті алаңға айналғаны сөз болды.
Сонымен қатар осы формат аясында жасалған байланыстың тиімділігі айтылып, қарым-қатынастың беки түскеніне назар аударылды. Осындай өзара ықпалдастықтың нәтижесінде өңірлік даму, экономика, энергетика, экология, транспорт және қауіпсіздік салалары тұрақты ілгерілеп отыр.
Бұдан бөлек, аймақтағы өзекті түйткілдер, әсіресе Ауғанстандағы ахуал Сыртқы істер министрлерінің басқосуында кеңінен талқыланды. АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы М.Помпео ондағы жағдайды тұрақтандыруға Орталық Азия елдерінің қосқан үлесін жоғары бағалайтынын жеткізді. Сондай-ақ Ауғанстанмен қарым-қатынасын жақсартуы үшін Өзбекстанға Ақ үй тарапы миллион доллар сомасында көмек көрсетілетінін мәлімдеді.
Майк Помпео Орталық Азияға «С5+1» форматында диалог өткізу үшін келсе де, әлемдік бұқаралық ақпарат құралдарының назары негізгі мәселеге емес, Мемлекеттік хатшының Қытай туралы айтқан сөзіне ауды.
АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы М.Помпео Қазақстанның Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердімен кездесуі барысында «Біз Қазақстанның қалаған мемлекетпен бизнес байланыс орнату еркіндігін толықтай қолдаймыз. Бірақ америкалық компаниялармен әріптес болудың тиімділігі мол екеніне сенімдімін», деп мәлімдеген-ді.
«Рейтерс» агенттігі М.Помпеоның Қытайдағы мұсылмандарды қудалауына қатысты сөзіне екпін берді. «Помпео әңгіме барысында Қазақстан шекарасына таяу маңдағы Шыңжан автономиялық ауданында мұсылман ұйғырлар мен этностық қазақтарға Қытайдың коммунистік партиясының қысым көрсетуі туралы айтты. М.Помпео АҚШ бүкіл мемлекеттен Қытайдың қудалауын тоқтатуын талап етуге қосылуға шақыратынын, осы елден қашқандарға саяси пана ұсынып, босқын мәртебесін беруді сұрайтынын жеткізді» деп хабарлады «Рейтерс» агенттігі.
Бір қызығы, М.Помпеоның Шыңжандағы қуғын-сүргін жөнінде айтқан сөзі Қытайдың бұқаралық ақпарат құралдарында мүлдем берілген жоқ. Тіпті оның сөзі кей медиа өкілдіктердің шамына тиіп кеткен сыңайлы.
Мәселен, Xinhua агенттігі АҚШ Мемлекеттік хатшысының Қазақстанға келуі жөнінде ақпарат таратқанымен, М.Помпеоның Қытайдың қысымы туралы сөзін мүлдем елемеген.
«Қазақстан Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердімен Нұр-Сұлтанда кездескен Помпео АҚШ Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың экономикалық даму мен қоғам сенімін күшейтуге арналған бастамаларын толық қолдайтынын айтты. Сондай-ақ ол АҚШ-тың Қазақстан үшін әлеуетті бизнес серіктес болатынына назар аударды», деп қысқа қайырған Xinhua агенттігі.
Ал Қытайдың жаһандық телевизия желісі (CGTN) «АҚШ неліктен Орталық Азиядағы ықпалын арттыра алмайды» деген тақырыпта сараптама жариялады. Онда мақала авторы АҚШ-тың Орталық Азиямен ықпалдастық орнату ниетін сынға алған.
«АҚШ-Өзбекстан, АҚШ-Қазақстан қатынасы тереңдеуін көруіміз неғайбыл. Қазақстан да, Өзбекстан да Батыс инвестициясына қаншалықты мұқтаж болса да, америкалықтардың уәдесін алса да, Қытай мен Ресейге арқасын бермейді», дейді CGTN арнасы. «Өйткені – деп есептейді мақала авторы, – Батыс бірнеше рет уәдесінің үдесінен шықпағанын көз көрді». Бұған мысал ретінде Украинаға Батыстан бөлінген қаражат мөлшерін келтірген.
Әлбетте, АҚШ-тың Орталық Азияда саяси ықпалы артуына Қытай да, Ресей де мүдделі емес. Сондықтан осы елдердегі медиа өкілдердің бұлай деп кесіп айтуының өзіндік себебі бар.
Осы орайда Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев салып берген сара жол – көпвекторлы саясаттың артықшылығы анық байқалады. Қазақстан үшін қазіргі таңда «арбаны да сындырмау, өгізді де өлтірмеу» маңызды болып тұр.