• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Саясат 06 Ақпан, 2020

Аудан тұрғындарына тегін құқықтық кеңес көрсетіледі

705 рет
көрсетілді

Өмірде қиын жағдайға тап болған жандарға тегін құқықтық кеңес беруге бағытталған «Qorgau» акциясы биыл да жалғасады. Бұл туралы Орталық коммуникация қызметінде болған брифингте жоба жетекшісі, «Eurasian Expert Council» қорының президенті Шыңғыс Лепсібаев мәлімдеді.

Қоғамның заңгер кеңесіне жүгінуге қаржылай мүм­кіндігі жоқ әлсіз топтарына арналған жоба алғаш был­тыр тамыз айынан бастап жүзеге аса бастаған. Сол уақыт аралығында заңгерлер 20 мыңнан астам тұрғынның мәселесін шешуге көмектескен. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жоба ірі қала орталықтарынан гөрі, облыс­тар мен аудан тұрғындарына бағытталған. Себебі Нұр-Сұлтан, Алматы секілді орталық қалаларда тұратын адамдар кеңес алуға мемлекеттік не жергілікті басқару органдардың қабылдауына жазыла алады, ал интернеті жоқ ауылдық жерлердің тұрғындарында мұндай мүмкіндік жоқ. Құқықтық кеңес беретін заңгерлер ерікті негізде жұмыс істейді, қызметтері үшін қордан немесе жоба ұйымдастырушыларынан қаражат алмайды. Ұйымдастырушылар Волонтерлер жылында жүзеге асып жат­қан бұл жобаның Қазақстан тұрғындарының құқықтық білімінің артуына, заң мәселелеріне келгенде сауатты болуға көмектесетініне сенімді.

«Қазақстанның Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, Жастар және отбасы істері комитеті мен «Eurasian Expert Council» қоры 2019 жылы басталған игі жобаны әрі қарай жалғастыру туралы шешім қабылдады. «Qorgau» акциясы арқылы тұрғындарымыз нақты көмек алып, жобаның игілігін көріп жатса біз алдағы жылдары да жобаны жүзеге асыруға тырысамыз», дейді Жастар және отбасы істері комитеті төрағасы Мадияр Кожахмет.

Қазақстанның барлық облыс және аудан орталық­тарында мемлекеттік грант көмегімен 210 кеңсе ашылған. Онда тұрғындарға көмекті кемінде 3 жылдық тәжірибесі бар білікті мамандар көрсетеді. Тегін құқықтық кеңес беруге адвокаттар алқасы немесе заңгерлер палатасының мүшелері келіскен. Заңгерлер өздерінің басты қызметімен қатар, осындай ерікті жұмыспен де айналысатын көрінеді. Жобаның басты серіктестерінің бірі Adilzanger Заң кеңесшілері палатасының атқарушы директоры Жібек Хамитованың айтуынша, Қазақстанның барлық өңірлерінен 300-ден астам заңгер палата мүшесі. Олар тұрғындарға кеңес берумен қатар, сотта мүддесін қорғауға дайын. Жоба бойынша келіп түскен өтініштің көбісі азаматтық істер екен, көп жағдайда адамдар мемлекеттен алатын қаржылай көмек, ажырасу немесе жалақыға қатысты мәселелерге шағымданады. Мысалға, Атырау облысының аудандарының бірінде атаулы әлеуметтік көмекті дұрыс есептемегені туралы бірнеше көп балалы анадан өтініш келген. Заңгерлердің қайта есептеу туралы ұсыныстарына ауданда жауап болмаған соң, олар мәселені облыстық деңгейде шешуге тырысқан. Нәтижесінде, АӘК мөлшері қайта есептеліп, тиісті қаражатты ала алмай келген тұрғын­дар оң нәтижеге қол жеткізген. Бұл келіп түс­кен 20 мың өтініштің біреуі ғана, осы секілді 18 мың іс оң шешілген.

Сондай-ақ ұйымдастырушылар жағдайға байланысты республика бойынша құқық қорғау қызметімен айналысатын 70-тен астам қоғамдық ұйыммен жұмыс істейді. Одан бөлек заңгерлерді дайындайтын 175 оқу орнымен келісіп, 407 жоғары курс студенттерін тағылымдамадан өткізген. Жоба жетекшісі Шыңғыс Лепсібаев бұл тәжірибе болашақ мамандар үшін біліктігін арттыруда таптырмас мүмкіндік екенін айтады.

 Құқықтық кеңес кеңселерде бетпе-бет қана емес, телефон арқылы немесе онлайн жүре береді, тек өтініш білдіруші өзіне ыңғайлы әдісін таңдаса болды. Жобаның басы-қасында жүргендер көп тұрғындардың құқықтық мәселеге келгенде білімінің аздығы сонша, мәселесін телефон арқылы баяндап бере алмайтынын айтады. Бұл халықтың құқық саласында білім деңгейінің төмендігін көрсетсе керек. Қайта жалғасқан жобаға көп балалы отбасылар, мүмкіндігі шектеулі жандар, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары, зейнеткерлер, мигранттар мен азаматтығы жоқ адамдар, жұмысшылар, журналистер түрлі сауалдары бойынша жүгіне алады.