Алматы – Талдықорған күре жолы қақ жарып өтетін Балпық би ауылы – Көксу ауданының орталығы. Облыстың бас қаласынан 18 шақырым ғана қашықтықта жатқан осы ауылда қылмыс азаймай тұр.
Өткен жылы алақандай ауылда 275 қылмыс тіркеліпті. Бұл бүкіл аудан бойынша болған одағай әрекеттердің 62,2 пайызын құрап отыр. Әрі қоғамдық қауіпсіздікке қатер төндірген қылмыстың отыз екісі әлі күнге дейін ашылмапты. Демек, Балпық би ауылындағы бұзақылық пен ұры-қарының тірлігіне жақын уақытта тоқтау болмайтын сияқты.
– Өткен жылы қылмыстың алдын алу, ашу және қоғамдық орындарда тәртіпті нығайту барысында жоспарлы түрде іс-шаралар жүргізілді. Нәтижесінде, бүгінгі таңда аудан бойынша қылмыс былтырғы сәйкес мерзіммен салыстырғанда 50 жағдайға төмендегені байқалады. Қылмыстың ашылу деңгейі 89,3 пайызды құрады. Ең күрделі жағдай Балпық би ауылдық округінде сақталып, өткен жылы 275 қылмыс тіркелді. Ол ауданда тіркелген жалпы қылмыс санының 62,2 пайызын құрайды. Ауданымызда мал ұрлығы үлкен мәселе болып тұр, – деді Көксу ауданының әкімі Алмас Әділ.
Жалпы, аудандағы қылмыстық ахуал басқа ауылдар да сын көтермейді екен. Мал ұрлығы да өршіп тұр. Салыстырмалы түрде алғанда, арғы жылға қарағанда Алғабас ауылдық округінде 5 қылмыс артық жасалса, Еңбекші ауылдық округінде 3 оқиғаға өскен, ал Мұқаншы ауылдық округінде 2 жағдайға көбейіп отыр.
Аудандағы қылмыстық ахуал тұрғындарды алаңдатуда. Қоғамдық қауіпсіздік мәселесі аудан әкімінің есеп беру жиынында да айтылған. Ал ауылдағы ағайын облыстың тәртіп саласында болған ауыс-түйіске үміт артады. Жақында Алматы облыстық Полиция департаментінің басшысы ауысып, бұрын Алматы қаласының бас полицейі болған генерал-майор Серік Күдебаев қызметке келген еді.