Өткен жылы денсаулық сақтау саласында көптеген өзгеріс болды. Денсаулық сақтау кодексіне ұсынылып отырған түзетулер мен өзгерістер халық арасында пікірталасқа ұласты. Осы орайда Алматыға Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов арнайы келіп, БАҚ өкілдерімен бейресми жағдайда кездесіп, медицина саласында қордаланған мәселелер төңірегінде әңгіме қозғаған еді.
С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде өткен басқосуға «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» АҚ төрағасы Айбатыр Жұмағұлов та қатысты. Бірден айта кету керек, бірінші болып сөз алған министр Е.Біртанов әдеттегідей барлық мәселеден хабардан екенін және оның бәрін ретке келтіру үшін өте көп жұмыс істеу қажеттігін жасырған жоқ. Мәселен қазір елімізде медициналық қызметпен қамтамасыз ететін 2 мың мекеме бар, оның 60%-ы жекеменшікте. Ендеше, бәсеке бар жерде сапа да болуы керек.
Еліміздің бас дәрігері алдымен дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудегі олқылықтарға ойысты. Мысалы, науқастардың көпшілігі өзіне тегін дәрі тиесілі екенін біле бермейді. Осы мәселеде бармақ басты, көз қысты жағдайлар туындамау үшін министрлік кез келген дәрігерлік ем тағайындау ТМККК мен МӘМС аясында тегін болуына және барлық дәрігерлер электронды рецептіге толық көшкенін көздейді.
– Біз дәрі-дәрмектердің тізімін ұдайы толықтырып отырамыз. Ал көпшілік тендер өтті, қаңтар айында емдік препараттар топ етіп түсе қалады деп ойлайды. Жоқ, іс жүзінде тендер жыл бойы, апта сайын өтеді. Өйткені біріншіден үнемі жаңа дәрілерді қосып отырамыз. Мысалы, өткен жылы онкологияға қарсы 20 шақты препарат қосылды. Бұл оңай іс емес, бірнеше деңгейден тұратын толайым үдеріс. Алдымен формулярлық комиссияның отырысы болады. Ұлттық формуляр мен мамандар емдік жағынан және экономикалық жағынан қандай дәрі-дәрмектердің тиімді екенін дәлелдейді. Екінші кезеңде оны бюджетке қосу керек, үшінші – сатып алу тізіміне енеді, бұйрықтарға препараттарды кіргізу – өте маңызды. Мұнсыз ол сіздің қолыңызға түспейді, – дейді министр.
Нәтижесінде бұл жұмыстар айларға созылады. Өйткені сыбайластыққа қарсы сараптама жасалуы керек. Министрлік бекітетін тегін дәрі-дәрмектердің тізімі бар барлық бұйрықтар сайттарда жарияланып, Қоғамдық кеңестің, тиісті қоғамдық ұйымдардың келісімін алуы тиіс. Мұнан кейін Әділет министрлігінде тіркеліп, тағы да тексеруден өтеді. Сондықтан да кез келген препаратты сатып алуға бірден шешім шығарыла салмайды.
Министр мемлекетті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің тағы бір түйткілін атады. Мәселен, биыл медициналық сақтандыру есебінен қосымша қомақты қаражат бөлінген. «Бірақ біз қанша дәрі-дәрмек керек екенін де білмейміз. Өйткені дәрілер рецептсіз сатыла береді. Мысалы, дәрігер балаға парацетамол жазып берді делік. Ал елімізде шамамен қанша бала парацетамол ішетінін білмейміз. Өйткені, оны есепке алатын бір жүйе мен рецепт болған жоқ. Парацетамолдан бұрын рецептісіз сатылатын күшті антибиотиктер ше? Сондықтан да алдын ала жылына қанша дәрі-дәрмек сатып алу қажеттігін әкімдіктерден сұрасаң, олар емханаларға, емханалар учаскелерге, олар одан әрі жеке дәрігерлерге сілтейді».
Министрдің айтуынша, дәрігерлер де өздерінің пациенттеріне қандай және қанша көлемде дәрі-дәрмектер керек екенін біле бермейді. Ал цифрлы технологиялардың көмегінсіз бұл мәселені реттеу мүмкін емес. Сондықтан соңғы екі жылда интенсивті түрде, шапшаң әрі қиындықпен цифрландыру жұмыстары жүріп жатыр.
Дәрі-дәрмектерді рецептімен босатуға және биылдан бастап енетін электронды рецептілерге қатысты барлық реформалар науқастарға тегін препараттар таратуда алдын ала қанша дәрі-дәрмек сатып алу қажеттігін білу үшін қажет. Кейде дәрі-дәрмек жыл аяғына дейін жетпей қалып, әбігер осыдан туындайды. Шын мәнінде бұл мәселеде ауқымды жұмыс жүріп жатады. Аймақтарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, дәрі-дәрмек шығаратын, тасымалдайтын, делдалдық ететін компаниялармен жұмыс шаш-етектен. Кейде қамтамасыз етушілер тендерге қатыспай, өздері белгілеген бағаға тұрып алатын кездер де болады. Осы кезде дәрі-дәрмек тапшылығы туындайды. Нәтижесінде, бағаны формулярлық комиссия анықтайтындықтан, бұл процесс қайта басталады. Басқа елдер ұсынатын бағалар салыстырылады. Бұл өте жауапты жұмыс. Бір дәрі 10 теңгеге ғана қымбат болса да, мемлекет үшін сатып алған кезде миллиондарға айналады.
Қысқасы, дәрі-дәрмек сатып алу үдерісі ұдайы жүреді. Қазір керекті препараттардың 90 пайызы сатып алынған. Бірақ оның тізімі әлі де ұлғая бермек, өйткені әлі де 60 шақты препаратты формуляр тізіміне енгізетін бұйрық өз келісімін күтіп жатыр екен.
– Айналып келгенде, біз Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі мен МӘМС аясындағы дәрігерлердің барлық тағайындаған емі тегін болуына қол жеткізуіміз керек, – дейді Елжан Біртанов.
Қысқасы, аталған салада адалдық пен ашықтық орнауы үшін электронды рецептура жүргізу қажет. «Біз өзіміз де талай рет дәрі-дәрмектер бақылаусыз өтірік науқастарға тағайындалып, бұл препараттар жекеменшік секторға, дәріханаларға, тіпті шетелге жөнелтілетінін айтып та, жазып та жүрдік. Өйткені өте қымбат препараттар бар. Егер бір құтының бағасы 1,5 миллион теңге болса, оның өмірлік маңызы бар екенін де ұмытпау қажет. Бұл үшін бізді талай рет сынға да алған. Бірақ бұл мәселелерді анықтап, жария еттік. Бұл не үшін қажет? Себебі осы іске араласқан адамдар күндердің күнінде тергеуші есігін қағатынын білуі қажет», деді министр.
Коррупцияға келетін болсақ, Денсаулық сақтау министрлігі барлық аймақта тегін препараттар берілген пациенттер арасында арагідік SMS сауалнама жүргізіп көргенде, дәрі-дәрмектердің 7%-ы қолды болғанын анықтаған. Ал бұл ұрылар дәрілерді ғана емес, адамдардың өмірлерін де ұрлайды.
Ал статистика бойынша, 2018 жылы тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілетіндер саны азайса, бұл жүйені өтірік науқастардан арылтқанның нәтижесінде жүзеге асты. Дегенмен қазір олардың саны қайтадан көбейіп келеді. Бізде өткен жылы есепке алынған диабетиктер мен гипертониктер саны 30 пайызға өсті. Әрине, эпидемия жүрген жоқ. Жәй науқастардың бір бөлігі тіркелместен, өздері ақылы емханаларға қаралып, дәрі-дәрмектерді өздері сатып алып жүрген. Қазір біз олардың барлығын есепке алып, мәліметтер базасына енгіздік. Енді көптеген науқас өзіне тегін дәрі-дәрмек тиесілі екенін біледі. Қазір министрлік мәліметтер базасын бір ізге түсіре бастады, тегін рецептілер саны жылына 3 миллионға жетті, дейді министр.
Орайы келіп тұрғанда айта кету керек, медицинадағы алаяқтық барлық елдерде бар. Сондықтан да сақтандыру компаниялары барлығын тексереді. Әйтпесе бүкіл төлемдер мен шығындарға олардың шашы да жетпеген болар еді. Сондықтан да қазір әрбір сырқаттылық жөніндегі құжат, әрбір рецепт, әрбір медициналық қызметтің бағасы, дәрі-дәрмек, компьютерлік томография, УДЗ, бәрі де электронды түрде тіркеле бастады. Емделіп жатқан науқастардың тарихы электронды нұсқада жүргізіледі. Қысқасы, денсаулық сақтау саласын цифрландыру оңайлықпен жүріп жатқан жоқ. Осының барлығының астарында ақша мен адам өмірі жатыр. Ал қарапайым халыққа электронды үкімет арқылы өзінің электронды құжаттарына жол ашылды. Білгенге бұл да аса маңызды. Бұл жең ұшынан жалғасып келген жүйеге ұнамайтыны тағы белгілі.
Себебі кейде ебін тапқан сау адамдар ауырдым деген құжаттарды сатып алып жатады. Болмаса ауруханаларда жасалатын оталардың бағасы мен шығынын көтеру үшін өтірік диагноздар қойылады. Сондықтан да МӘМС ісін сапалы жүргіземіз десек, медицинадағы бақылау барлық саладан да өзекті.
Жоғарыда елімізде медициналық қызметпен қамтамасыз ететін 2000 мекеме бар екенін атадық. Министр айтып отырған шаралар аудандар мен ауылдарға дейін қамтиды. Қамтамасыз етушілерге пациенттің сақтандырылған, сақтандырылмағаны жөніндегі мәліметтер базасы қолжетімді. Ал министрлік көрсетілген әрбір қызмет туралы ақпаратты алып отыр. Мұнан әрі қарай бұл жұмыстар тек жетілдіріліп, бақылау күшейе түспек. Айналып келгенде министрлік қана емес, әрбір адам өзінің электронды құжаты арқылы анализдерін, тағайындалған ем түрлерін, қабылдаған дәрі-дәрмектерін көріп отыруы керек. Денсаулық саласының қызметі ашық та әділ болуы үшін іс осылай жүруі тиіс.
Министр халыққа денсаулық керек болса, ел медицинаның дамығанын, оның қызметінің тиімді болғанын қаласа, онда өзіне өзі дәрігер болып, диагноз қоюды доғарғаны жөн екенін жеткізді. Өйткені кейде адамдар мамандармен ойласпай кері әсері күшті антибиотиктерді сатып алып жатады.
Кездесуде көтерілген мәселе, қойылған сұрақ аз болған жоқ. Бақылау кеңесіне бизнес пен қоғам белсенділерін тарту, дәрігерлердің жалақысын көтеру де талқыланды. Өйткені бір хирург күніне 10 ота жасаса, ота жасамайтын да хирургтер бар. Сол сияқты ата-аналардың балаларына екпе жасатуға жиі қарсы бола бастағаны, донорлыққа мұқтаж науқастар мәселесі, балалар арасындағы өлім-жітім, әлеуметтік желілердегі үрей туғызатын жалған ақпараттар, қысқасы көп мәселе қамтылды.
АЛМАТЫ