• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 13 Ақпан, 2020

Пластик өңдеу – экологиялық тиімді өндіріс

1089 рет
көрсетілді

Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ Технопарк аумағында орналасқан «Rocket Plastic» компаниясы экологияны қолдау бағытында құрылған. Бүгінде мектеп оқушылары мен студенттер үшін тәжірибе алаңы болып табылатын пластик қалдықтарын өңдеу шеберханасы жастарды экологиялық сауаттылыққа, инновациялық жобаларды дамытуға бағыттайды.

«Rocket Plastic» компания­сының негізін қалаған Данияр Бакимовтің айтуынша, жоба рес­публика тұрғындарының қор­шаған ортаға деген көзқарасын өзгертіп, экология мәселелеріне бейжай қарамауға үндейді. «Өт­кен жылы Алматы марафоны ке­зінде пластик ыдыстардың көп­теп тасталғанын көрдім. Қал­дық салатын жәшіктерде, көше­лерде шашылған плас­тиктерді өңдеп, өндіріске пайдалану туралы ой осы кезде туды», дейді Данияр Бакимов.

«Нархоздың» түлегі Данияр Бакимов IT-бизнес бо­йын­ша әріптестерімен плас­тик өн­дірісін жолға қоюдың алғы­шарттары бизнес-мектепте оқып жүргенде қаланғанын айтады. Әлеуметтік жоба жасау бойынша тапсырма алған Даниярға Нидерландтың экологиялық бағыттағы тәжірибесі тартымды болып көрінеді. Ал әрі қарай полимерлермен жұмыс істеу өндірісін жолға қою мақсатында АТУ жеңіл өнеркәсіп ғылыми-зерттеу зертханасынан кеңес алған жас кәсіпкерлер бүгінде үлкен өндірістің іргетасын қалады деуге негіз бар. Алғашқы капиталмен бірге өткен жылы «Кока Кола» компаниясы және «Біз Алматы» жобасынан жеңген гранттар есе­бінен өндіріске қосымша құ­рал-жабдықтар алынды. Алдағы уақытта пластик құтыларды өңдеу арқылы жеңіл өнеркәсіп, құрылыс саласында экологиялық таза өнімдер алуға болады. Мысалы, пластиктен жасалған синтепондарды киімдерді жылылауға, жастық, көрпе жасауда пайдалануға болса, құрылыс, жиһаз өндірісінде, сондай-ақ декоративті бұйымдар, үстел, орындықтар жасауда да пайдасы зор. Бүгінде жекелеген компаниялар тапсырыс берген кеңсеге қажетті бұйымдар, мерекелік сыйлықтар – пластик өндірісінің алғашқы жетістігі. Ал Шымбұлақ демалыс орнына қойылған үстелдер, сондай-ақ «Нархоз» университетіндегі студенттерге арналған парталар дизайны ерекше әрі экологиялық жа­ғынан тиімді. Бүгінде компания­ның жиыр­мадан аса өнім түрі бар. Данияр Бакимовтің айтуынша, плас­тик ыдыстарды өңдеу арқылы ұзақ жылдар пайдалануға арналған бұйымдар шығарудың мүмкіндігі зор. Экологиялық таза, ыстық пен суыққа төзімді әрі су өткізбейтін өнімдер ал­да­ғы уақытта ішкі нарықта зор сұранысқа ие болары сөзсіз. Мы­салы, «ДСП» материал­дары зиянды қалдықтар бөлетін болса, пластик өндірісі залалсыз әрі қалдықсыз өндіріс саналады. Осы орайда алдағы жоспарымен бөлісіп өткен Данияр Бакимов экопанельдер өндірісіне де тоқталды.

Бүгінде «Rocket Plastic» ком­паниясы өңірлерде шеберханалар ашуды жоспарлап отыр. Шеберханаларды дамытудың мақсаты, біріншіден экологияны сақтау болса, екін­шіден, қосымша жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Бұл бағытта Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігімен келіссөздер жүргізілуде.

Ай сайын өндіріске оқушы­ларды, студенттерді тарту арқылы қоғамның қоршаған ортаға деген сүйіспеншілігін арттырып, жас­тарды еңбекке баулудағы бұл өндірістің тәжірибесі өзгелерге үлгі. Машина құрылысы маман­дығында оқитын студенттерге өндірістегі құрал-жабдықтармен жұмыс істеп, үйрену мүмкіндігі бар. Сондай-ақ компаниядағы әлеуметтік жоба – велошредер ар­қылы жастарға пластик өңдеу өн­дірісінің тиімділігін таныстыру да – нәтижелі бастамалардың бірі.

Данияр өндірісте пластик­ бұйым­дарды маркасына қарай сұрыптап барып өңдеу­ге жібері­летінін айтады. Бүгін­де елімізде плас­тик ыдыстар­ды жинап, оны өткізетін компаниялар баршылық. Бірақ олардың шикізатты бірден шетелдерге өткізуі ішкі нарыққа кері ықпалын тигізіп отыр. Мы­салы, бір кг өнімді 200 теңгеге өткізіп, нәтижесінде шетелдерден дайынын бес есе қымбат бағаға сатып аламыз. Керісінше, шикізаттан дайын өнімге дейінгі отандық өндірісті дамыту арқылы ішкі нарықты қолжетімді бағадағы бұйымдармен қамтамасыз ету уақыт күттірмейді. Қазіргі кезде «Rocket Plastic» өндірісі Алматы қаласы әкімдігіне ұсынған жоба­ла­ры аясында қаланың демалыс парктеріне отыратын эколо­гиялық орындықтар, басқа да экологиялық тиімді жобаларды әзір­леуде.

 

АЛМАТЫ