Жамбыл облысының полицейлері көлігімен 24 келіден астам есірткі затын тасымалдаған Тараз қаласының тұрғынын ұстады, деп хабарлайды Egemen.kz Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Жамбыл облысы ІІД Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Меркен ауданына қарасты құмды аймағында «Қарасор-2024» жедел-алдын алу шарасы барысында KIA маркалы автокөлігін тоқтатқан.
Көлікті тізгіндеген 28 жастағы жүргізуші құмды аймақтан Таразға қарай бет алған. Көлік ішінде үш жолаушы - 24, 26 және 28 жастағы облыс орталығының тұрғындары болған. Көліктің жүк салынатын бөлігінен төрт полипропилен пакет табылған. Оның ішінен жалпы салмағы 24 келі 160 грамм құрайтын есірткі заты мен кептірілмеген марихуана тәркіленген.
«Есірткі заттарды аса ірі көлемде заңсыз сақтау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Ұсталғандар кінәсін мойындап, Меркен аудандық ішкі істер бөлімінің уақытша ұстау изоляторына жеткізілді», деді Жамбыл облысы ПД ЕҚҚІБ бастығы Әлім Бажықбаев.