Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина Ресейдің Санкт-Петербург қаласында өтіп жатқан «WTA Premier» турнирінің жартылай финалында өнер көрсету құрметіне ие болды.
Жүлде қоры 848 000 АҚШ долларын құраған жарыстың алғашқы айналымында чехиялық Катерина Синяковаға (59 ракетка) сан соқтырған WTA тізімінде 25 сатыда тұрған еліміздің бірінші рактекасы келесі кезеңде франциялық Фиона Ферродан (58 ракетка) басым түсті. Бұл бәсекелердің екеуінде де 6:3, 6:4 есептері тіркелді.
Ширек финалда Рыбакинаның жолы тағы бір француз ойыншысы Осеан Доденмен (159 ракетка) қиысты. Алғашқы сет тай-брэйкке дейін жетіп, қарсыласының пайдасынан шешілгенімен, қалған екеуінде жерлесіміз дес бермеді. Есеп - 6:7, 7:5, 6:2.
Естеріңізге сала кетейік, Нева жағалауындағы жарыста Қазақстанның екінші ракеткасы Юлия Путинцева (34 ракетка) да бақ сынады. Алайда алғашқы айналымда ол ресейлік Вероника Кудерметоваға (38 ракетка) есе жіберді.