Алматыда орналасқан «Бөбек» Ұлттық ғылыми-практикалық, білім беру және сауықтыру орталығында «Бөбек» қайырымдылық қорының президенті, «Өзін–өзі тану» рухани–адамгершілік білім беру бағдарламасының авторы Сара Назарбаеваның осы гимназия және колледж түлектерімен кездесуі өтті.
Кездесу барысында айтулы орталықта білім нәріне сусындап, жаңа өмірге алғашқы қадам жасаған түлектер осындағы мүғалімдер мен педогогтарға өздерінің ризашылықтарын білдіріп, ақжарма көңілдерін ақтарды. Әсіресе, олардың осы орталықтың басшысына деген құрметтері ерекше екен. Саналы ғұмырының барлығын мейірімді істер мен игі шараларға жұмсаған Сара Алпысқызына ақ алғыстарын жаудырған «Бөбектің» түлектерінің әрқайсысы Назарбаева ханымды өмірдегі өздерінің ең үлкен ұстазы деп есептейтіндерін айрықша бір мақтаныш сезімдерімен баяндады.
Жиын барысында әсерлі әңгімелер айтылып, әдемі әндер шырқалды. «Сүйіспеншілік сабақтары» бағдарламасы жайында кеңінен сөз қозғалды. Адамдардың бір-біріне деген мейрімділігі, сыйластығы, достығы, махаббаты тұрғысында талай тартымды әңгіменің тиегі ағытылды. Ал бағдарлама авторы болса, жастармен руханилық, адамгершілік және адам баласының нағыз бақыты туралы өз ойларымен пікір бөлісті.
«Сүйіспеншілік сабақтары» - бұл Сара Алпысқызының педагогтар, оқушылар және түлектермен дәстүрлі түрде өтіп тұратын кездесуі екені баршаға мәлім. Сөз орайы келгенде, осы іс-шара «Өзін-өзі тану: Сүйіспеншілік және шығармашылық педагогикасы» жалпыреспубликалық пәндік онкүндік шеңберінде өткенін айта кеткен жөн.
АЛМАТЫ